Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

III тарау. Кеңестер Қазақстанда. Азамат соғысы. 1920 жылдардың алғашқы жартысындағы Қазақстан. Қазақстанда кеңес билігінің орнауы

Конспект

1917 жылдың қазанынан 1918 жылғы наурыздың басына дейін Кеңес өкіметі байтақ Ресейге билігін орнатты. Қазақ даласында Кеңес билігі алдымен теміржол бойындағы қалаларда орнады. 1917 жылғы қазанда Перовскіде (Қызылорда) Кеңес өкіметі орнады. 1917 жылы қарашада Әулиеата, Черняев қалаларында билік Кеңестің қолына көшті.

1917 жылғы 15-22 қарашада Ташкентте өлкелік съезд өткізілді. Съезде Түркістан өлкесінде “Түркістан Халық Комиссарлар Кеңесі” орнағаны айтылды. Кеңестің 14 адамдық құрамында мұсылман өкілі болмады. Атаман А.Дутовтың казактар тобы, Алашорда үкіметі, меньшевиктер, эсерлер орталық Кеңес өкіметіне қарсы бірікті.

1918 жылғы қаңтарда Қостанай Кеңестер съезі бүкіл уезде Кеңес өкіметін орнату туралы шешім қабылдады. 1918 жылдың басында Ырғыз және Торғай уездерінде Кеңес өкіметі жеңді. Ақмола даласы мен Атбасар, Қызылжар, Көкшетауда Кеңес өкіметі орнауына Батыс Сібірдің Уақытша Революциялық Комитеті ықпал жасады. 1918 жылдың қаңтарында Павлодар Кеңесі Қызыл гвардия отрядының қолдауымен өкімет билігін өз қолына алды.

Семей большевиктеріне көмекке Новониколаевскіден (Новосібір) өкілдер келді. Ревкомның басшылығымен Кеңеске қайта сайлау өткізілді. 1918 жылғы ақпанның 16-нан 17-сіне қараған түні Семейде өкімет билігі Кеңестің қолына көшті. Бұл жағдай Өскеменде, Қарқаралыда, Зайсанда, Шығыс Қазақстанның өзге елді мекендерінде Кеңес өкіметінің орнатылуын қамтамасыз етті.

1918 жылғы қаңтарда Оралда Кеңес өкіметі қиын жағдайда орнатылды. Контрреволюциялық күштер 1918 жылы наурыздың 28-нен 29-ына қараған түні төңкеріс жасады. Атқару комитетінің 60-қа жуық мүшесі қамауға алынып, көпшілігі ақ гвардияшылардың қолынан қаза тапты. Кеңес өкіметі Оралда азамат соғысы жылдарында ғана біржола орнатылды.

Жетісуда таптық күштер арасында соғыс жағдайы енгізілді. 1918 жылы наурыздың 2-сінен 3-не қараған түнде революцияшыл күштер көтеріліс жасады. Көтерілісшілер юнкерлер мен алашорда милициясын қарусыздандырды. Верныйда Кеңес өкіметі жеңді. 1918 жылғы наурызда Жетісу облысында Кеңес өкіметі жеңіп шықты.

Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауына байланысты ескі буржуазиялық-помещиктік мемлекеттік аппаратты қиратып, жаңа өкімет органдарын құру басталды. Жергілікті жерлерде шаруа Кеңестері, Халық шаруашылығы кеңестері, аудандық жер-су комитеттері құрылды. Кеңестердің атқару комитеттері жанынан денсаулық сақтау, əділет, қаржы, ағарту, жер, өнеркəсіп бөлімдері ұйымдастырылды. Бұл шаралар Кеңес өкіметі жауларының қарсылығын туғызды. Сондықтан іріткі салу және ішкі контрреволюцияға қарсы күресу үшін қазақ жерінде Бүкілресейлік төтенше комиссиясы (БТК) органдары құрылып, қызыл террор енгізілді.

Бұның бәрі революцияның түпкілікті мақсаттарын бұрмалады. 1918 жылғы наурыз, сәуірде Орынборда Кеңестердің Торғай облыстық І съезі болды. Съезд Қызыл Армия бөлімдерін құру және жергілікті өкімет органдары туралы шешім қабылдады. Жер және азық мәселелері қаралды.

1918 жылғы наурызда Кеңестердің Ақмола уездік съезі (С.Сейфуллин, А.Асылбеков) Алашорда автономиясын теріске шығарған қарар қабылдады. Торғай облыстық Кеңестер съезі қаулысымен Алашорданың “Қазақ” газеті жабылды.

1918 жылғы 20 сəуірде Ташкентте Түркістан өлкесі Кеңестерінің төтенше V съезі өтті. Съезд Түркістан автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын жариялады. Республика құрамына Сырдария, Жетісу облыстары енгізілді. Бұл кеңестік Шығыстағы тұңғыш кеңестік ұлттық мемлекет болып саналады.

Ұлтаралық қайшылықтар саясатын жоюда шұғыл шаралар белгіленді. Қазақ, ұйғыр, орыс қатынастарын жақсартуға ұлт істері жөніндегі облыстық комиссардың орынбасары А.Розыбақиев зор үлес қосты.

Большевиктер партиясы мен Кеңес үкіметі Қазақ АКСР-ін құруға əзірлікке кірісті. Алайда Қазақ АКСР-ін құру жөніндегі жұмыстар шетелдік интервенция мен азамат соғысының басталып кетуінен тоқтап қалды.

Кеңес өкіметі өлкедегі ірі өнеркәсіпті, банкілерді, тасымал жолдарын мемлекет қарамағына алды. Кәсіпорындарда 8 сағаттық, шахталар мен кеніштерде 6 сағаттық жұмыс күні енгізілді. Капиталистер мен патша шенеуніктерінің иелігіндегі 3,5 млн. десятина жер кедей шаруаларға қайтарылды. Большевиктер “жоғарыдан” коммуналар мен ауылдарды көбейтуді жүзеге асырып, орташаларды социализмге күштеп енгізбек болды.

Елде азық-түлік дағдарысы тереңдеп, азық диктатурасы енгізілді. Жер алғанымен, шаруалардың өз еңбегінің нəтижесіне еркін билік ету құқығы болмады. Сібірге, Ақмола, Семей облыстарына, Қостанай уезіне азық отрядтары жіберілді. 1918 жылдың қаңтар-наурыз айларында Петроградқа жəне басқа орталық аудандарға 6 млн. пұтқа жуық астық жіберілді. Түркістан республикасының ашыққан халқына 200 вагон астық көмек берілді.

Экономикалық саясатта ақшасыз тауар айырбасы жетекші орын алды. 1918 жылдың көктемінде Семей, Ақмола облыстарында көтерме-бөлшек сауда жойылып, оның міндеттері азық комитетіне берілді.

Азық халық комиссариатының есептеу-бөлу органы кооперация түрінде болды.

Капиталға шабуыл кезеңінде қанаушыларды байлығынан айыру, жеке меншікті жою бағыты басым болды. Халық шаруашылығының негізінде теңестіре бөлу ұстанымын алған “әскери-коммунистік” құрылғы пайда болды. Елде социализмнің қоғамдық-әлеуметтік алғышарттары туралы түсінік айқын емес еді. Пролетариат диктатурасы, революциялық күштеу, мемлекеттің жаңа үлгісі арқылы социализм орнату туралы бұрмаланған түсінік орнықты.



Сұрақтар
  1. Қазақ даласында Кеңес билігі алдымен орнады:

  2. Кеңес өкіметіне қарсы біріккен күштер:

  3. Ырғыз, Торғай уездерінде Кеңес өкіметі орнады:

  4. 1918 жылғы ақпанның 16-нан 17-не қараған түні Кеңес өкіметі орнаған қала:

  5. Оралда Кеңес өкіметі біржола орнады:

  6. Жетісу облысында Кеңес өкіметі орнаған мерзім:

  7. Іріткі салу жəне ішкі контрреволюцияға қарсы күресу үшін құрылған орган:

  8. Қызыл Армия бөлімдерін құру мәселесі қаралды:

  9. “Қазақ” газеті жабылды:

  10. Кеңестік Шығыстағы тұңғыш кеңестік ұлттық мемлекет:

  11. Қазақ АКСР-ін құру жөніндегі жұмыстардың тоқтап қалу себебі:

  12. Кедей шаруаларға қайтарылған жер көлемі:

  13. Түркістан республикасына көмекке жіберілді:

  14. 1918 жылы азық комитеттері құрылған облыстар:

  15. Капиталға шабуыл кезеңінде пайда болған құрылғы:

  16. Бүкіл республикаға күшті әсер берген Батпаққарада болған көтеріліске Қазақ өлкелік комитетінің берген баға:

  17. 1918-1920 жылдардағы азамат соғысында шамамен қанша адам қаза тапты:

  18. Б.Қаратаев азамат соғысы кезінде қазақ атты әскер бригадасының:

  19. Саяси аренаға 1917-жылдың соңында шыққан Қазақ социалистік партиясы қалай аталды?

Қате туралы хабарландыру