Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Сабақтас құрмалас, жасалу жолдары, түрлері, тыныс белгісі. Аралас құрмалас сөйлем, тыныс белгісі

Конспект

Құрамындағы жай сөйлемдерінің алғашқысының баяндауышы тиянақсыз болып, соңғысына бағына байланысқан құрмалас сөйлемнің түрі сабақтас құрмалас деп аталады. Мысалы, Тапсырманы тиянақтап алғысы келгенмен, қайта сұрауға батылы бармады. Бұл құрмалас сөйлемнің бірінші жай сөйлемін өз алдына бөлек айтуға келмейді, себебі ой тиянақты емес, ойды тиянақтап, аяқтап тұрған екінші жай сөйлем. Құрмаластың құрамындағы бірінші жай сөйлем екінші жай сөйлемге бағына байланысып тұр. Құрмалас сөйлемнің құрамындағы тиянақсыз жай сөйлем бағыныңқы сөйлем, ал өз алдына дербес айтыла беретін, ойды тиянақтап тұратын екінші жай сөйлем басыңқы сөйлем деп аталады.

 

Сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышының жасалу жолдары төмендегідей:

 

1. Бағыныңқының баяндауышы көсемше тұлғалы етістіктен болады. Мысалы, Аудан орталығына қоныс аударғалы, тұрмыстары недәуір түзеліп қалып еді.

2. Бағыныңқының баяндауышы шартты райлы етістік болады. Мысалы, Біреуге жақсылық жасасаң, ол ешқашан жерде қалмайды.

3. Бағыныңқының баяндауышы -ша/ше, -дай/дей жұрнақтары мен жатыс, көмектес септікті есімшеден және -дықтан/діктен қосымшалы есімшеден болады. Мысалы, Жолаушылардың қарасы үзілгенше, қорықшы жота басында қарап тұрды. Баласынын келген бір жапырақ қағаз көңілге демеу болғандай, ана жұмысқа құлшына кірісті. Күн райы бұзылып тұрғандықтан, жас төлдерді өріске шығармады. Таң құланиектеніп ата бергенде, ауыл үстін айқай-шу басып кетті. Жұмысшылар ерте жиналғанымен, жұмыс бірден басталып кетпеді.

4. Есімшеден кейін сайын, соң, бері, шейін, бұрын шылаулары және кезде, шақта, уақытта деген көмекші сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, Қыстаудан жайлауға көшкен соң, ауыл-ауыл бір-бірін ерулікке шақырыса бастайды. Отырғандар қопарыла сыртқа шыққан кезде, Қуаныш пен Анар да жеке серуендеуге беттеді.

 

Сабақтас құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдер саны жағынан екіден де көп болса, ондай сөйлемдер көп бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлем деп аталады. Сырттағылар тегіс кіріп, орын-орындарына жайғасқан соң, көпшіліктің өтінішімен жыр тиегі ағытылды. Бұл сабақтастың құрамында екі бағыныңқы сөйлем бар:

 

1) Сырттағылар тегіс кіріп, 2) орын-орындарына жайғасқан соң.

 

Бағыныңқы сөйлемдердің басыңқы сөйлеммен байланысуына қарай көп бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлем екіге бөлінеді:

 

1) жарыспалы көп бағыныңқы сабақтас; 2) сатылы көп бағыныңқы сабақтас.

 

Жарыспалы көп бағыныңқы сабақтастың құрамындағы бағыныңқы сөйлемдерінің әрқайсысы басыңқы сөйлеммен тікелей байланысады. Мысалы, Ағайын-туыстары Тілекті ортаға алып, кезек-кезек бетінен сүйіп, қолынан қысып, табысымен құттықтасып жатыр. Сөйлемнің құрамындағы әрбір бағыныңқы сыңары басыңқымен тікелей байланыса алады. Мысалы, Ағайын-туыстары Тілекті ортаға алып, табысымен құттықтасып жатыр; кезек-кезек бетінен сүйіп, табысымен құттықтасып жатыр; қолынан қысып, табысымен құттықтасып жатыр.

 

Сатылы көп бағыныңқы сабақтастың құрамындағы бағыныңқы сыңарлары басыңқымен тікелей байланыспай, өзара бір-бірімен байланысып барып басыңқымен байланысады. Мысалы, Көк алғаш тебіндеп шығып, жер дегди бастағанда, Құнанбай Қарқаралыдан елге қайтты.

 

Сабақтас құрмалас сөйлем құрамындағы бағыныңқы мен басыңқы сөйлемдерінің мағыналық қарым-қатынасына қарай алты түрге бөлінеді: 1) шартты бағыныңқы; 2) қарсылықты бағыныңқы; 3) себеп бағыныңқы; 4) мезгіл бағыныңқы; 5) қимыл-сын бағыныңқы; 6) мақсат бағыныңқы.

 

1. Шартты бағыныңқы сабақтас. Құрамындағы жай сөйлемдерінің біріншісі екіншісіндегі істің орындалу не орындалмау шартын білдіретін құрмаластың түрі шартты бағыныңқы сабақтас деп аталады. Мысалы, Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей. Шартты бағыныңқы сабақтастың құрамындағы жай сөйлемдердің бағыныңқы сыңарының баяндауышы тиянақсыз болып, сабақтаса байланысады. Шартты бағыныңқы сабақтас сөйлемнің сыңарларының арасына үтір қойылады.

 

Шартты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышының жасалу жолдары:

 

1) бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы етістіктің -са, -се шартты рай тұлғасынан болады. Мысалы, Айтқан сөзің дұрыс болса, қалғанын өздері түсіне жатар.

 

2) көсемше тұлғалы етістіктің -ма+й, -ме+й немесе -майынша/мейінше,

-байынша/бейінше, -пайынша/пейінше жұрнақтарынан болады. Мысалы, Бұл оқиға дәл осы күндердің өзінде тыным алмай, ұзын құлақ арқылы тамам Тобықтыны шарлап шықты. Шындықтың бетін ашпайынша, жарғақ құлағы жастыққа тимеді.

 

3) жатыс септігіндегі өткен шақтық есімшеден болады. Мысалы, Мылтығын алып шықпағанда, азулы қасқырдан құтылуы екіталай еді.

 

Шартты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарына қайтсе, не етсе, қайткенде, не еткенде, қайтпейінше, не етпейінше, қайтпей, не етпей? деген сұрақтар қойылады.

 

Шартты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышының жасалу жолдары мен сұрақтарының кестесі

 

р/с

Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы

Баяндауышының тұлғалық белгісі

Бағыныңқы сыңарына қойылатын сұрақтар

1

Шартты рай

-са, -се

Қайтсе? Не етсе?

2

Көсемше

Ма+й, ме+й;

-майынша/мейінше

Қайтпей? Не етпей?

Қайтпейінше? Не етпейінше?

3

Есімше

-ған+да, -ген+де

Қайткенде? Не еткенде?

 

2. Қарсылықты бағыныңқы сабақтас. Қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңары мен басыңқы сыңары бір-біріне қарама-қарсы мағынада қолданылады. Қарсылықты бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңары қайтсе де, не етсе де, қайткенмен, не еткенмен, қайткенше, не еткенше, қайткеніне (не еткеніне) қарамастан, қайте тұра, не ете тұра? сұрақтарына жауап береді. Жұмыс уақыты әлдеқашан аяқталса да, (қайтсе де?) Рахмет пен Лиза ертеңгі жиналыстың барысын талдап ұзақ отырды. Теңіз бетінен қаншама биік болғанмен (қайткенмен?), осы өңірдің кез келген жерінен су шығады.

 

Қарсылықты бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарының баяндауышы төмендегідей жолдармен жасалады:

 

1) шартты райлы етістікке да, де шылауының тіркесуінен жасалады. Мысалы, Екеуінің мақсаты екі түрлі болса да, бірге жұмыс істегендеріне он шақты жыл болып қалды.

2) шартты райдың болымсыз түрінен болады. Мысалы, Күн бұлттанғаны болмаса, жаңбыр жауған жоқ.

3) Көмектес септік тұлғасындағы өткен шақтық есімше арқылы жасалады. Мысалы, Ай қараңғы болғанмен, жолды болжауға әбден болады.

4) Есімше тұлғалы етістікке -ша/ше жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы, Бұл сөзді естігенше, жерге батып жоғалған жақсы еді.

5) -а/е, -й жұрнақты көсемше тұлғалы етістік арқылы жасалады. Өз көңіліңді білдіре, менің көңіліме демеу сала келгеніңе ризамын.

6) келер шақ есімшенің болымсыз түріне шығыс септік жалғауының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы, Терімшілер күннің салқындығын елеместен, бастаған жұмыстарын бітіруге асықты.

 

Қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышының жасалу жолдары мен сұрақтарының кестесі

 

р/с

Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы

Баяндауышының тұлғалық белгісі

Бағыныңқы сыңарына қойылатын сұрақтар

1

Шартты рай

-са да, -се де

Қайтсе де? Не етсе де?

2

Есімше

-ған/ген+-ша/ше

Қайткенше? Не еткенше?

3

Есімше

-ған/ген,-қан/кен+-мен

 

Қайткенмен? Не еткенмен?

4

Шартты райдың болымсыз түрі

-ма/ме, -ба/бе,

-па/пе+са/се

Қайткені (не еткені) болмаса?

5

Көсемше

-а/е, -й + тұра

Қайте тұра? Не ете тұра?

6

Есімше

-ған+ы+на(-ген+і+не)+ қарамастан

Қайткеніне (не еткеніне) қарамастан?

 

3. Мезгіл бағыныңқы сабақтас. Құрамындағы жай сөйлемдердің біріншісінде айтылған іс екіншісінде айтылған істің мезгілін білдіретін құрмаластың түрі мезгіл бағыныңқы сабақтас деп аталады.

 

Мезгіл бағыныңқы сабақтастың құрамындағы жай сөйлемдер сабақтаса байланысады. Мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемнің бағыныңқы сыңары қашан, қашанға дейін, қашаннан бері, қай кезде? деген сұрақтарға жауап береді. Мезгіл бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарының баяндауышы төмендегідей жолдармен байланысады:

 

1) -ған/ген, -қан/кен есімше тұлғалы етістікке -ша/ше жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы, Жиналыс аяқталғанша (қашан?), тізім жасалып та болды.

 

2) -ған/ген, -қан/кен есімше тұлғалы етістікке жатыс септік жалғауының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы, Бір күні Құрмаш Көксерекке ас беріп тұрғанда (қашан?), қара ала төбет Көксерекке ұмтылды.

 

3) -ған/ген, -қан/кен есімше тұлғалы етістікке соң, кейін, сайын, бері, шейін септеулік шылауларының қатысуы арқылы жасалады. Мысалы, Күшік ауылға келген соң (қашан?), екі күннен кейін көзін ашты.

 

4) -ған/ген, -қан/кен есімше тұлғалы етістікке кезде, шақта, уақытта мезгіл мәнді көмекші сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, Әбден қас қараюға айналған уақытта (қашан?) Көксерек жалғыз өзі ауылға келді.

 

5) -ғалы/гелі, -қалы/келі көсемше тұлғалы етістік арқылы жасалады. Мысалы, Жазғы демалысқа шыққалы (қашаннан бері?), тек дене еңбегімен айналысып жүр.

 

6) -са/се шартты райдың жұрнағы және -ысымен/ісімен деген қосымшаның жалғануы арқылы жасалады. Мысалы, Ұлпа уәделі жерге келсе (қашан?), аттың ізі бар да, жігіт пен ат жоқ. Қыс басталысымен (қашан?), Ораз да аңға шығуға дайындалады.

 

Мезгіл бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышының жасалу жолдары мен сұрақтарының кестесі

 

р/с

Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы

Баяндауышының тұлғалық белгісі

Бағыныңқы сыңарына қойылатын сұрақтар

1

Есімше

-ған/ген, -қан/кен+

-да/де, -та/те,-нда/нде

Қашан?

2

Есімше

-ған/ген, -қан/кен+

-ша/ше

Қашан?

3

Есімше

-ған/ген,-қан/кен+ соң, кейін, сайын, бері, шейін

Қашан?

4

Есімше

-ған/ген,

-қан/кен+кезде, шақта, уақытта

Қай кезде? Қашан? Қай уақытта? Қай шақта?

5

Көсемше

-қалы/келі, -ғалы/гелі

Қашан?

6

Етістік

-са/се, -ысымен/ісімен

Қашан?

 

4. Себеп бағыныңқы сабақтас. Бағыныңқысы басыңқыдағы айтылған ойдың себебін білдіреді. Мысалы, Қожық Көкшетау оязына қарайтын жерде отырғандықтан, Есенейдің қолына түспей кетті. Осы құрмалас сөйлемдегі Қожық Көкшетау оязына қарайтын жерде отырғандықтан деген алғашқы сөйлем Есенейдің қолына түспей кетті деген екінші сөйлемнің себебін білдіріп тұр.

 

Себеп бағыныңқы сабақтас неліктен? не себепті? неге? не деп? деген сұрақтарға жауап береді.

 

Себеп бағыныңқы сабақтастың баяндауыштары төмендегідей жолдармен жасалады:

 

1. Есімшенің өткен шақ формасына -дықтан/діктен қосымшасының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы, Есі шыққан керуен аты жүре алмағандықтан, (неліктен?) айқай салып қашып еді.

 

2. Есімшенің өткен шақ формасына соң шылауының тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, Халі ауыр болған соң, (неге?) арнаулы ауруханаға жатқызған-ды.

 

3. Көсемшенің жұрнағына біткен болымсыз түрінен жасалады. Мысалы, Қалада қона қоятын ағайын-туған болмай, (не себепті?) қысыла-қысыла жатаққа келдім.

 

4. Ашық райлы етістікке деп көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, Үйдегілерді оятып алмайын деп, (не деп?) аяғының ұшынан басып өз бөлмесіне өтті.

 

Себеп бағыныңқы сабақтас құрмаластың жай сөйлемдерінің арасына үтір қойылады.

 

Себеп бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышының жасалу жолдары мен сұрақтарының кестесі

 

р/с

Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы

Баяндауышының тұлғалық белгісі

Бағыныңқы сыңарына қойылатын сұрақтар

1

Өткен шақ есімше

-ған/ген, -қан/кен +

-дықтан/діктен

Неліктен? Не себепті?

2

Өткен шақ есімше және шылау

-ған/ген, -қан/кен және соң шылауы

Неге? Неліктен?

3

Болымсыз етістік және көсемше

-ма/ме, ба/бе, па/пе+-й

Неліктен? Не себепті?

4

Ашық райлы етістік және көмекші етістік

ашық рай+деп

Не деп? Неліктен? Не себепті?

 

5. Қимыл-сын бағыныңқы сабақтас. Құрамындағы жай сөйлемдердің бағыныңқысы басыңқыдағы істің, қимылдың қалай орындалғанын білдіретін құрмаластың түрі қимыл-сын бағыныңқы сабақтас деп аталады. Мысалы, Күн батар алдында балықшы жігіт сыртқа әлденеше рет шығып, биік жар басынан теңіз жаққа көз салды.

 

Қимыл-сын бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарына қалай, қайтіп? деген сұрақтар қойылады.

 

Қимыл-сын бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарының баяндауыштарының жасалуы төмендегідей:

 

1. -ып/іп, -п және -а, -е, -й көсемше тұлғалы етістік арқылы жасалады. Мысалы, Домбыра шертіп отырған әнші әуелете шырқап (қайтіп?), ән салып қоя берді. Жұпар мен Қалампыр бастарын изей (қалай?), әлдене жайлы қызу әңгімелесіп отыр.

 

2. -ған/ген, -қан/кен өткен шақ есімшеге -дай/дей жұрнағы мен болып, күйі, қалпында сөздерінің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, Ақ ұлпа бұлттың үстінде қалықтап бара жатқандай болып (қайтіп?), ерекше бір күйді басынан кешірді.

 

3. Болжалды келер шақ есімшеге -тан/тен жұрнағының жалғануы арқылы жасалады. Мысалы, Ол жөн-жосығын айтпастан (қалай?), атына міне сап шаба жөнелді.

 

Қимыл-сын бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышының жасалу жолдары мен сұрақтарының кестесі

 

р/с

Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы

Баяндауышының тұлғалық белгісі

Бағыныңқы сыңарына қойылатын сұрақтар

1

Көсемше

-ып/іп, -п

Қалай? Қайтіп?

2

Есімше

-дай/дей болып, күйі, қалпында

Қалай?

3

Есімше

-ма/ме, ба/бе, па/пе+

-с+-тан/тен

Қалай?

 

6. Мақсат бағыныңқы сабақтас. Құрамындағы жай сөйлемдердің бағыныңқысы басыңқыдағы істің, қимылдың мақсатын білдіретін құрмаластың түрі мақсат бағыныңқы сабақтас деп аталады. Мысалы, Жалпақ ел жауабын өз аузынан айтпақ болып (не етпек болып?), ұлыққа таң атпай келіп еді.

 

Мақсат бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарларына не үшін, не мақсатпен, не деп, неге? сұрақтары қойылады.

 

Мақсат бағыныңқы сабақтастың бағыныңқы сыңарының баяндауыштары төмендегідей жолмен жасалады:

 

1. -мақ/мек, -бақ/бек, -пақ/пек мақсатты келер шақ етістікке болып көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, Ергештің жаман әдетін қойғызбақ болып (не мақсатпен?), балар әртүрлі амал істеген-ді.

 

2. Тұйық етістік пен үшін септеулік шылауының тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, Аянның ертегісін тыңдау үшін (не үшін?), ауыл балалары күнде кешкісін Бапай шалдың үйінің іргесіне жиналамыз.

 

3. Болжалды келер шақ есімшенің болымсыз түріне үшін септеулік шылауының тіркесуі арқылы жасалады. Серіктері танып қалмас үшін (не үшін?), бет-аузын орамалмен таңып алыпты.

 

4. Қалау және бұйрық райдың ІІІ жағынан кейін деп көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы. Ат тұяғының дүбірі естілмесін деп, (не деп?) атының аяғына киіз орап тастады.

 

Мақсат бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышының жасалу жолдары мен сұрақтарының кестесі

 

р/с

Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы

Баяндауышының тұлғалық белгісі

Бағыныңқы сыңарына қойылатын сұрақтар

1

Мақсатты келер шақ етістік

-мақ/мек, -бақ/бек, -пақ/пек және болып

Не мақсатпен?

2

Тұйық етістік

-у және үшін

Не үшін?

3

Болжалды келер шақ есімше

-ма/ме, -ба/бе, -па/пе+

-с және үшін

Не үшін? Неге??

4

Қалау және бұйрық рай

-айын/ейін, -сын/сін және деп

 

 

 

Аралас құрмалас сөйлем. Құрамындағы жай сөйлемдері бір-бірімен салаласып та, сабақтасып та байланысатын құрмаластың түрі аралас құрмалас сөйлем деп аталады. Аралас құрмалас сөйлемнің құрамында кем дегенде үш жай сөйлем болады. Аралас құрмаластағы жай сөйлемдер өзара екі түрлі жолмен байланысады: 1) ешбір жалғаулық шылаусыз іргелес тұру арқылы; 2) жалғаулық шылаулар арқылы. Аралас құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдердің – бағыныңқы, басыңқы сыңарларының орын тәртібі әртүрлі болады. Мысалы, Көктем шығып, күн жылынды, бірақ таудағы қар әлі еріген жоқ. Құрылысы: бағыныңқы, басыңқы, басыңқы.

 

Күшік бауырын көтеріп, өздігінен тырбанып жүруге айналған соң, ас ішетін арнайы асқұйғыш дайындалды, жетектеп жүру үшін мойнына жіп тағылды. Құрылысы: бағыныңқы, бағыныңқы, басыңқы, басыңқы.

Толқындай теңселген шалғынның ішіне кірсең, оның гүлге бөленген тереңіне сүңгігің келеді, жұпар иісті жасыл желегін жастанып, жаныңды жайландыра жатқың келеді. Құрылысы: бағыныңқы, басыңқы, бағыныңқы, басыңқы.

 

Моп-момақан боп тұнып тұрған Есілдің суы қабықтай қалқытып ала жөнелгенде, сен малтымпаз болмасаң, суға кеттім деп үрейленесің, бірақ Есілдің суында тек аяғың мен қолыңды қимылдатсаң болғаны, Есіл сені көтеріп ала жөнеледі. Құрылысы: бағыныңқы, басыңқы, бағыныңқы, басыңқы.



Сұрақтар
  1. Қимыл-сын бағыныңқы сабақтас сөйлемді анықтаңыз.

  2. Шартты бағыныңқы сабақтас сөйлемді табыңыз.

  3. Қарсылықты бағыныңқы сабақтас сөйлемді көрсетіңіз.

  4. Мезгіл бағыныңқы сабақтас сөйлемді белгілеңіз.

  5. Себеп бағыныңқы сабақтас сөйлемді ажыратыңыз.

  6. Қимыл-сын бағыныңқы сабақтас сөйлемді табыңыз.

  7. Мақсат бағыныңқы сабақтас сөйлемді анықтаңыз.

  8. Сабақтас құрмалас сөйлемнің жасалу жолын көрсетіңіз.

    Май құйған шала сөнсе де, шам-шырақ сөнбес өмірде.

  9. Сабақтас құрмалас сөйлемнің түрін белгілеңіз.

    Иса сахнаға әуелі домбырасымен шығып, алдымен «желдірмеге» басатын.

  10. Сабақтас құрмаластың түрін анықтаңыз.

    Жақсымен сөйлессең, жаның рақаттанады.

  11. Қарсылықты салалас жасауға болатын қатарды көрсетіңіз.

  12. Қайтсе де? Не етсе де? Қайткенмен? сұрауларына жауап беретін сабақтас түрін көрсетіңіз.

  13. Мақсат бағыныңқы сабақтастың баяндауышының жасалу жолын көрсетіңіз.

  14. Қимыл-сын бағыныңқы сабақтасты табыңыз.

  15. Себеп бағыныңқы сабақтас сөйлемді ажыратыңыз.

  16. Мезгіл бағыныңқы сабақтасты көрсетіңіз.

  17. Себеп бағыныңқы сабақтасты белгілеңіз.

  18. Көп бағыныңқы сабақтас құрмалас сөйлемді табыңыз.

  19. Қимыл-сын бағыныңқы сабақтасты белгілеңіз.

  20. Сабақтас құрмаластағы бағыныңқы сөйлемнің орын тәртібін анықтаңыз. Өзі де сол қағаз келгелі, қатты қынжылып жүрген.

  21. Мақсат бағыныңқы сабақтасты табыңыз.

  22. Қарсылықты бағыныңқы сабақтастың сұрауларын табыңыз.

  23. Бағыныңқысының баяндауышы -майынша тұлғалы болатын сабақтастың қай түрі екендігін анықтаңыз.

  24. Сатылы көп бағыныңқылы сабақтасты табыңыз.

  25. Мезгіл бағыныңқы сабақтасты табыңыз.

  26. Шартты бағыныңқы құрмаласты табыңыз.

  27. Сабақтастың қай түрі екенін көрсетіңіз. Елімнің қайғысына мың да бір дауа осы болар деп, қара қобызымен күйін тарта береді.

  28. Бағыныңқысының баяндауышы -ғанмен жұрнағы арқылы жасалатын сабақтастың қай түрі екендігін анықтаңыз.

  29. Себеп бағыныңқы құрмаласты табыңыз.

  30. Сабақтас құрмалас сөйлемнің қай түрі екенін табыңыз. Қоңыр үйдің төменгі жағына киіз жетпеген соң, туырлық орнына ши ұстап қойыпты.

  31. Аралас құрмалас сөйлемді табыңыз.

  32. Аралас құрмалас сөйлемді табыңыз.

  33. Аралас құрмалас сөйлемді көрсетіңіз.

  34. Шартты бағыныңқы сабақтасты белгілеңіз.

  35. Шартты бағыныңқы кейде мезгіл бағыныңқы сабақтасты жасаушы қосымшаны табыңыз.

  36. Мақсат бағыныңқы сөйлемді көрсетіңіз.

  37. Шартты бағыныңқы сабақтасты көрсетіңіз.

  38. Сабақтас құрмалас сөйлемді табыңыз.

  39. Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем қандай сұрақтарға жауап береді?

  40. Сабақтас құрмалас сөйлем (-дер)

  41. Сабақтас құрмалас сөйлем (-дер)

  42. Аралас құрмалас сөйлем (-дер)

  43. Аралас құрмалас сөйлем (-дер)

  44. Аралас құрмалас сөйлем (-дер)

Қате туралы хабарландыру