
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
22-мәтін (2019 жыл)
I. – Біз бүгін кешке қарай Жамбыл қарттың ауылына барып келейік. Жәкеңнің алдын көріп, сәлем беріп қайтқаның орынды – деді Сәбит. Сол күні кешке Ұзынағашқа бардық. Жамбылдың үйіне кіріп, бір бөлмесінде жантайып жаткан жұдырықтай ақсақалға сәлем бердік.
– Тәте, баяғы Ғазіреті Ғали сияқты, майданда жауды жайнап жүрген Бауыржан деген батыр балаңыз осы, – деді Сәбит Жамбылдың құлағынадауыстап.
– Талай немісті қырып салған нағыз ердің ері. Соғыстан келіп еді, енді соғысына қайта кеткелі жатыр. Сізге сәлем беріп, батаңызды алып кетемін деп келді.
II. Жамбыл менің бетіме сығырай қарады. Оның сынап отырғанын байқап, мен де қабағымды түйіп. оған ежірейе қалдым. Содан соң Жамбыл Сәбитке қарай мойнын бұрды да:
– Мына қызыңды... түсі тым суық екен, батыр болса болар! – деді.
Сәбит оған қарық болып күліп жатыр. Менде үй жоқ. Жамбыл күлместен маған қайта қарады.
– Батыр болсаң, сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны айтшы? – деді.
Мен ойланбастан жауап бердім:
– Өтеген қаптап келе жатқан өрт сияқты да, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын. Дүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына да пар келе алмаймын. Мен – оттың ұшқыны, судың тамшысы ғанамын, Жәке, – дедім.
Жәкеңнің өлеңінде өзі айтатын «борға малған» сақалы шошаң-шошаң етіп қалды. Ол атамыздың күлгені екен. Енді көзі шырадай жанып, жылы ұшқын шашып тағы да Сәбитке қарады.
– Әй, Балуан, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар екен, қоныңдар, – деді. Жәкең Сәбитті мол денесіне байланысты ылғи осылай «Балуан Шолақ» деп атайды екен. Жамбыл «Балуан Шолақ» десе, Сәбит «Ау, тәте» деп жауап береді.
III. Біз жайғаса бастадық. Сырт киімдерімізді шешіп жатқанымызда шалдың сақалы, су бетіне секірген аққайрандай болып, бір жарқ ете қалған еді. Енді жайланып отыра бергенімізде, ай мүйізді ақ қошқардың үстіне салт мінген біреу шабуылға шығатын кавалеристей екпіндетіп келіп, табалдырық алдына тоқтай қалды да;
– Әумин, – деп алақанын жайды. Малдас құрып отырған Жәкең мойнын бұрды да:
– Әй, Балуан Шолақ, өзің жасаушы ма едің, әлде батырың беруші ме еді батаны? – деді.
– Ойбай, тәте, өзіңіз жасаңыз, – деді Сәбит. Жамбыл алақанын жайды да:
Батырдың жолы болсын!
Самсаған қолы болсын!
Түсі де суық екен.
Ісі де долы болсын, аллаәкпар! –деп бетін сипады.
IV. Ауыл адамдары жиналып, әңгімелесіп, Жәкеңнің соғыс, майдан жанындағы әр түрлі сұрақтарына жауап беріп, ұзақ отырдық. Түннің бір кезінде алдымызға ет келді.
– Ал Балуан, ал Батыр, сыбағаларыңа кол созыңдар, – деді Жамбыл табақты нұсқап. Сәбит пен Ғали етті шеңгелдеп асай бастады, Мен табаққа қол созбай отырып қалдым.
– Делбе болған жылқыдай мына қызталағың неғып отыр ет жемей? – деді Жамбыл Сәбитке сақалын шошаң еткізе мені иегімен нұсқап.
– Әй, Бауыржан, неге жемейсің, бөгіп қалғанбысың! – деп Сәбит табаққа қайтадан қол соза бастады.
– Жемеймін! – дедім мен қатаң үнмен.
Сәбит табақтан қолын тартып алып, менің бетіме қарады,
– Әй, Бауыржан, саған не болды? – деді ол үні одан сайын қарлыға шығып.
– Мен мұнда сыбаға жеу үшін келгенім жоқ, – дедім Сәбитке даусымды қаттырақ шығарып.
– Сыбағаны немістерді жеңгеннен кейін жеймін. Ал мұнда ұпы Жамбылдың, соғыстағы бар солдаттың ұлы әкесінің сарқытын ішуге келдім... Сөйтіп, Жәкеңнің жүзін көріп, қолынан дәм татып, төрінде жатып, қонақ болып аттандым. Ертеңіңде поезға мініп, майданға қарай бет түзедім.
Ә.Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз»
-
Мәтіндегі оқиға желісінің реттілігі
1. Өтеген, Сұраншы батыр ерліктерін дәріптеу.
2. Ақын үйінен желінген сыбаға.
3. Ұзынағашқа, Жамбыл үйіне бару
4. Жамбыл ақын батасы
-
Мәтіннің мазмұнына сәйкес келетін мақал
-
Екінші және төртінші бөлімдердің мағыналық ұқсастығы
-
Мәтін кімнің атынан баяндалады?
-
«Енді көзі шырадай жанып, жылы ұшқын шашып, тағы да Сәбитке қарады» деген сөйлемнің мәні
-
Мәтінде есімдері аталған батырлар
-
Бауыржанның «Мен мұнда сыбаға жеу үшін келгенім жоқ» деуінің мәні
-
«Мен – оттың ұшқыны, судың тамшысы ғанамын» деген сөзден Бауыржанның қандай қырын тануға болады?