Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

1-мәтін

Конспект

(1) Қорқыт – бағзы замандарда өмір сүрген бабаларымыздың бірі. Ол – қобыз атасы, сазгер, жыршы, ақын, бақсылардың қамқоршысы. Ұлы бабамыз шамамен VIII-IX ғасырларда Сыр бойында туып-өскен. Ол – Орта Азия халықтарына және басқа түркітектес халықтарға ортақ тұлға. Әкесінің аты – Қарақожа. Шешесі қыпшақ тайпасынан.

(2) Әріден қозғасақ, Әбілғазының «Түрік шежіресі» мен Рашид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» шығармаларында Қорқыт туралы айтылады. Әбілғазы «Қорқыт бес ханға уәзір болды» десе, Рашид әд-Дин оның «ұзақ өмір сүргенін» баяндайды.

(3) Ш. Уәлиханов Қорқыттың балгерлігі, ақындығы, музыкалық өнері жайында құнды пікірлер қалдырған. М. Әуезов пен Ә. Марғұлан да Қорқыт туралы тамаша пікірлер жазған. Ұлы бабаның өмір туралы философиясы мен ажалмен алысқан аңыздарында оптимистік сарын жатқанын тілге тиек етеді.

(4) Қорқыт – қобыз арқылы музыка өнерінің негізін салған ұлы сазгер әрі жыршы. Сонымен бірге, ел басқарған данышпан, қасиетті әулие. Аңыздарға сүйенсек, ол өзгеше бір музыкалық аспап жасау үшін ойланып-толғанып жүреді. Бір күні қалғып кеткен оған періштелер аян береді. «Ағаш аспапқа түйенің көнін қаптап, жылқының қылынан ішек жаса», – дейді. Соны орындап, әлгі аспапты қолға алып тарта бастағанда керемет бір әуен шығады. Содан бері «Қорқыттың қобызы» деген сөз қалған.

(5) Қорқыттың дүниеге келуі де ғажайып сырға толы. Оны анасы босанарда аспанда күн тұтылып, дүниені қараңғы түнек қаптап, жауын-шашынды дауыл соғады. Күшті күн күркіреп, найзағай ойнайды. Жұрттың есіл-дерті қалмай қорқып, зәрелері ұшады. Қорқыт жарық дүниеге келгенде әлгіндей табиғат құдіреті бірден тоқтап, күн шайдай ашылады, мамыражай бір тып-тынық күй орнайды. «Апырмай, бұл бала дүниеге жұртты шошындырып, қорқыта келді ғой, соған орай есімін де Қорқыт қоялық», – деседі жұрт.

(6) Қорқыттың пайымдауынша, адамдар адами қасиеттерін сақтап қалулары керек. Адам үшін ең қауіптісі – адамилықты жоғалту. «Қонақ келмес үйдің қирағаны жақсы, жылқы жемес шөптің шықпағаны жақсы, адам ішпес ащы судың ағысты жылғаларды қумағаны жақсы, атаның атын былғайтын ақылсыз ұлдың тумағаны жақсы», «Адам қанша қажетсінгенімен, ол өз үлесінен артық жей алмайды» деген сөздері соның дәлелі. Сол аңыздарда Қорқыт жер-жаһанды кезіп, «әркімге өз елінде жақсы» деген ой түйгенін байқауға болады.

(7) Қорқыттың күй мұрасынан әзірге белгілі жиырма шақты шығармасы ғана. Күйтабаққа түсіріліп, жазылып алынғаны он бір. Әр күйдің өз тарихы бар. Мысалы, «Қорқыт» күйі туралы аңызда өлмес өнер жасап, өліммен күресу жайында оқиға бар. Сырдария суының бетіне кілем төсеп, күндіз-түні қобызын сарнатқан Қорқыт өлімді келтірмейді. Бұл пенделік арман-мұраттың, философияның нағыз өнер арқылы көрінуі. Ол тек Қорқыттың ғана қолынан келген.

kk.wikipedia.org



Сұрақтар
  1. Мәтінге байланысты дұрыс тұжырымдарды табыңыз

    1. Ш. Уәлиханов өз жазбаларында Қорқыттың ұзақ өмір сүргенін баяндайды

    2. Қорқыттың бізге жиырма шақты күйі жеткен  

    3. Қобыз аспабын жасауда оған періштелер аян берген

  2. Мәтіннің үшінші бөліміне атау беріңіз.

  3. Мәтіннің төртінші бөлімінде не туралы сөз болады?

  4. Мәтін бойынша Қорқыттың қобызының ішегі неден жасалған?

  5. Аңыз бойынша бабаның аты не себепті Қорқыт қойылған?

  6. Мәтінге қатысы жоқ нақылды белгілеңіз.

  7. Қорқыттың күйтабаққа түсіріліп, жазылып алынған күйлерінің саны

  8. «Қорқыт күйі туралы» аңызда қандай оқиға баяндалады?

Қате туралы хабарландыру