Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. Күрделігүлділер тұқымдасы – кең таралған өсімдіктер

Конспект

Күрделігүлділер тұқымдасының сипаттамасы, сан алуандығы. Гүлді өсімдіктердің ең көп таралған тобы – күрделігүлді өсімдіктер. Қазақстанда күрделігүлділер тұқымдасының 700-ге жуық түрі өседі. Бұлар – негізінен алғанда шөптекті, сүтті шырыны болатын өсімдіктер. Олардың шала бұталы, бұталы, ағаштекті түрлері де кездеседі. Күрделігүлділер – көбінесе көпжылдық өсімдіктер. Кейде біржылдық түрлері де кездеседі. Гүлшоғыры бір гүлден мың гүлге дейін жинақталған себетгүлден тұрады. Себетгүлдегі гүлдердің құрылысы әр түрлі. Пішіні, құрылысына байланысты себетгүлде тілше, түтікшелі, қосерінді, жалған тілшелі, шұқырақ тәрізді гүлдер орналасады. Міне сондықтан да бұл топқа жататын өсімдіктер күрделігүлділер тұқымдасы деп аталады.

 

Күрделігүлділер әр түрлі мақсатта пайдаланылады. Күнбағыс, мақсырдан өсімдік майы алынады. Ассүттіген, бөрігүл – көкөністік өсімдіктер. Дермене, түймедағы, бақбақ, итошаған, қырмызыгүл дәрілік шөп ретінде пайдаланылады. Жералмұрт (топинамбур) – малазықтық дақыл.

 

Қашқаргүл, бақытгүл, нарғызгүл (хризантема) – сәндік өсімдіктер. Күрделігүлділердің арамшөп түрінде өсетіндері де бар. Оларға ойраншөп, қалуен, гүлкекіре, түйетікендер жатады.

 

Күрделі гүлділер тұқымдасы: 1 – дәрілік қырмызыгүл; 2 – дәрілік түймедағы; 3 – сәндік түймедағы,

          

Шұқырақ тәрізді    Түтікшелі    Тілше

Күрделі гүлдің құрылысы.

Күрделігүлділер тұқымдастарына жататын өсімдіктердің ортақ белгілері. Бұлардың гүлдерінде тостағанша болмайды. Тостағаншасы кейде үлпекті айдарша тәрізді өзгеріп кетеді. Нағыз күрделігүлді өсімдіктердің себетгүлі – гүлшоғыры болады. Күлтесі 5 күлте жапырақшалардан құралады. Олардың төменгі бөлігі түтікше тәрізденіп бірігіп кеткен, жоғары бөлігінен бес тісше көрініп тұрады. Себетгүлдегі тілше гүлдерден 5 ұсақ тісшелері бар тақташалардың жазылып тұрғанын көреміз. Ал жалған тілшелігүлде 3 тісшелі жазылған тақташа болады. Күлтенің түтікшесіне бітісіп өскен 5 аталығы бар. Тозаңдығы да түтікшеге қосылады. Жатыны төмен орналасады. Аталық түтік арқылы аналық аузы қостелімді аналық мойны өтеді. Демек, күрделігүлділерде бір ғана аналық болады. Жемісі – айдарлы немесе айдарсыз тұқымшалар. Күрделі гүлділердің формуласы: Т0К(5)А(5) Ж(2) (бақбақ гүлі).

 

Мақсыр (сафлор) – тармақталған тік сабақты, біржылдық өсімдік. Оның қандауыр тәрізді сопақ жапырақтары өсімдік сабағына сағақсыз орналасады. Жапырақтарының жиегінде тікенектері болады. Сабақтың биіктігі – 100 сантиметр, кейде одан асып түседі. Гүлшоғыры – себетгүл. Гүлінің түсі ашық сары немесе қызыл-сары болып келеді. Бір өсімдікте 5-тен 60-қа дейін себетгүл бар. Жемісі – тұқымша. Бір себетгүлдегі ақ түсті, қырлы, жылтыр тұқымшалар саны 20-дан 100-ге дейін жетеді.

 

Мақсырдың тұқымшаларынан май алынады. Олардың құрамында 25–37% май болады. Мақсыр майы күнбағыс майынан кем түспейді. Оның майы тағамға және техникалық мақсатқа (бояу, эмаль, сабын алуға) пайдаланылады. Мақсырдың тұқымшалары ауыл шаруашылық құстарына жем ретінде беріледі. Ал тұқым ұны ауыл шаруашылық малдарға күнжара түріндегі малазық болып саналады. Мақсырдың балаусалы сабақ жапырақтары сүрлемге салынып, малға беріледі. Күлте жапырақшалары да бағалы. Олардан қызыл және сары бояу өндіріледі. Аспаздыққа да пайдаланылады. Мата бояйтын бояу алынады.

 

Солтүстік Африка және Азия елдерінде өсірілетіндіктен, мақсыр ыстыққа төзімді, құрғақшылыққа төтеп бере алады. Ол суды да үнемді жұмсайды. Мақсыр топырақ талғамайды. Өскіндері –6, –10°С температураға төзеді. Өсімді мерзімі 93–117 күн. Мақсыр ауыспалы егістікте астық дақылдылардан кейін егіледі. Оның тұқымы көктемде қатар аралығы 30–60 см болатындай етіп себіледі. Егу нормасы – 1 гектарға 8–15 кг тұқым себу. Себу тереңдігі 5–8 см. Тұқымы толық пісіп, өсімдік қураған кезде комбайнмен шауып алады. Бітеу гүлдену кезінде – пішен ретінде, ал гүлдеу немесе себетгүл түзу кезінде сүрлемге орып жинайды. Мақсыр – өте пайдалы өсімдік.

 

Өгейшөп – Қазақстанда 1 ғана түрі кездесетін күрделігүлділер тұқымдас, көпжылдық шөптекті өсімдік. Ерте көктемде көптеген шөптекті өсімдіктерден бұрын өгейшөп шығып, гүлдейді. Бір қызығы – өгейшөп жапырағын гүлдену соңынан жаяды. Оның биіктігі 10–25 см, сабағы – қабыршақты. Гүлсидамды сабақта бір ғана гүл болады. Қабыршақты сабақ өгейшөптің жерасты бөлігі – тамырсабақтан өсіп шығады. Торлы жүйкелі, бүйрек тәрізді ірі жапырақтары көзге бірден шалынады. Өгейшөп жапырағы тақтасының үстіңгі беті түксіз жылтыр – «салқындық» білдіреді. Жапырақтың астыңғы бетінде жұмсақ түктер өсіп, «жылылық» шырай білдіреді. Осы екі түрлі ерекшелігіне байланысты өсімдік «өгейшөп» аталған. Өсімдік себетгүлінің құрылысы да ерекше.



Сұрақтар
  1. Гүлді өсімдіктердің ең көп таралған тобы:
  2. Өсімдік майы алынатын өсімдіктер:
  3. Күрделі гүлділердің формуласы:
  4. Майы тағамға және техникалық мақсатқа (бояу, эмаль, сабын алуға) пайдаланылады:
  5. Тұқым ұны малдарға күнжара түріндегі малазық болып саналады:
  6. Күнбағыс себетінің шетіндегі жалған тілше гүлінің формуласы:

  7. Дәрілік түймедағының  түтікшелі гүлінің формуласы:

  8. Туберкулез ауруын емдеуге жапырақтарының маңызы зор:

  9. Қазақстанда 1 ғана түрі кездесетін күрделігүлділер тұқымдасы:

  10. Күрделігүлділер түқымдасының сәндік өсімдіктері:

  11. Күрделігүлділер тұқымдасына жататын өсімдік

  12. Мақсыр (сафлор) күлтелерінен алынатын бояу

  13. Мақсыр өсімдігі тән

  14. Күрделігүлділер тұқымдасына жататын өсімдік

  15. Ассүттіген, бөрігүл өсімдіктері қай тұқымдасқа жатады?

Қате туралы хабарландыру