iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
IV тарау. Алқа тұқымдастар – кіріккенкүлтелі өсімдіктер
Алқа тұқымдастарға жататын өсімдіктердің ортақ белгілері. Алқа тұқымдастардың ғаламшарымызда 2 900-ге жуық түрі бар. Бұлардың көпшілігі мәдени өсімдіктер. Алқа тұқымдастардың жабайы түрлері де көп. Ауа райы ыстық елдерде бұталы және сабақтары шырмалып өсетін де түрлері бар. Әсіресе Оңтүстік Америкада алқа тұқымдастардың жабайы өсетін түрлері көп. Қазақстанда 23 түрі кездеседі, көпшілігі қолдан өсіріледі. Бұлар – күлтелері тұтасқан, жапырақтары кезектесіп орналасатын шөптекті өсімдіктер. Гүлдері гүлшоғырда немесе жеке-дара орналасады. Гүлінде кіріккен 5 тостағанша жапырақшалар, кіріккен 5 күлте жапырақшадан тұрады. Сондықтан бұл өсімдіктер кіріккенкүлтелілер деп аталады. Күлте жапырақшалардың түп жағы қысқа түтікшеге бірігіп, қоңырау тәрізді болады. Оның ортасында 5 аталық, екі жемісжапырақшалы аналық орналасады. Бұлар – жоғары жатынды өсімдіктер. Бірнеше симметрияға бөлетін сызықтар жүргізуге болатындықтан, алқа тұқымдастар дұрыс гүлді (*) өсімдіктер болып есептеледі. Гүл формуласы: *Т(5)К(5)А 5Ж(2). Жемісі – жидек немесе қауашақ.
Тағамға пайдаланылатын баклажан, қызанақ, болгар бұрышы, өзге де көкөністер өздеріңе бұрыннан мәлім. Дәрілік, сәндік және улы өсімдіктері де бар. Арамшөп ретінде белгілі сасық меңдуана, қара меңдуана – нағыз улы өсімдіктер. Сонымен бірге олар дәрілік өсімдіктерге де жатады. Меңдуаналардың жапырағы мен тұқымы демікпеге, құрыспа ауруларға дәрі ретінде пайдаланылады. Шырайгүл және қызылқұлақ сәндік өсімдіктер болып табылады. Өсімдік жидек-жемісін қампиып қаптайтын түзілісі үшін қызылқұлақ (физалис) аталған. Қампима қаптаманың түсі ашық қызыл-сары болып көз тартады. Ол – өсімдіктің тостағанша жапырақшасы.
Алқа тұқымдастар.
Баклажан. Жабайы түрі Үндістанда өседі, көпжылдық алқа тұқымдас шөптекті өсімдік. Қолдан өсірілетін түрі – біржылдық. Сабағының биіктігі 30–70 см шамасында. Жапырақтары кезектесіп орналасады, шашақ тамырлы. Баклажанның гүлі жапырақ қолтығында жеке (немесе 2–7) бірігіп, шоғырланып тұрады. Күлтесі тұтасқан 5 күлте жапырақшадан құралады. 5 аталығы күлтенің түбіне бекінген, 1 аналықты қоршап өседі. Жемісі – жидек, тұқымы – ұсақ.
Баклажан – жылу және ылғал сүйетін тағамдық өсімдік. Ол Қазақстанның оңтүстік облыстарында өсіріледі. Топырақ ылғалдылығы – 80%, қолайлы температурасы 20–30°С-ге жеткенде ғана өсіп-дамиды. Баклажанның өсімді кезеңі өте ұзақ. Оның жемісі 100 күннен астам мезгілде ғана жеуге жарамды болады. Тағамға толық пісіп жетілмеген жеміс пайдаланылады. Ал жемістің пісіп жетілуі үшін тағы 1–1,5 ай қажет. Сөйтіп баклажанның жеміс беру кезеңі 3 айға созылады. Ауа температурасы 13°С-де баклажан өсуін тоқтатады. Үсікке тез шалдығады.
Баклажанды көшет арқылы жылыжайда өсіреді. Қыс ызғары кетіп, орташа температура 15°С-ден жоғарылаған кезде көшетті отырғызуға болады. Егістікке отырғызуға дейін көшет 65–75 күн жылыжайда өседі.
Баклажанның жемісі 0,4–1,0 килограмға дейін тартады. Ол алмұрт немесе қияр тәрізді, түсі қоңыр немесе күлгін қара болып келеді. Жемісінің құрамында нәруыз, май болады. Бұдан өзге кальций, фосфор, темір және өзге тұздары да бар. Баклажан медицинада бауыр ауруын емдеуге, қан құрамындағы зиянды түзілісті (холестеринді) азайту үшін қолданылады.
Баклажан – түсімді дақыл, 1 гектарынан 15–30 т түсім алынады.
Қызыл шырынды қызан алқа тұқымдас шөптекті өсімдік. Қызан жылу сүйетін өсімдік болғандықтан, алдымен көшетте егіледі. Қызанның жемісінен алынған шырыны (қызанақ) тағамға пайдаланылады. Жеміс құрамында витаминдер (С, Р, В, А, К) өте көп. Қызанды тұздап, сүрлемелеуге де болады. Ол – біржылдық өсімдік. Болгар тәтті бұрышы мен қызыл бұрыштар да алқа тұқымдас өсімдіктер. Бұрышта С витамині болады. Тағамды дәмдеуге пайдаланылады. Ал алқа тұқымдас өсімдік – картоп өздеріңе таныс. Ол – тағамдық және техникалық өсімдік, мал азығы ретінде де қолданылады. Картоптың жемісі жидек екенін естеріңде ұстаңдар. Ал тамырындағы түйнектер – оның жерасты өркені. Картопты тұқымынан өсіруге болады. Ең қолайлысы – картоптың көзшесі бар түйнек бөліктерінен өсіру. Картоп түйнегінде крахмал мол болады.
Көкөністік алқа тұқымдастар: 1 – баклажан; 2 –қызан
-
Алқа тұқымдасындағы сәндік өсімдік:
- Алқа тұқымдастарға жататын улы өсімдіктер:
- Жабайы түрі Үндістанда өседі, көпжылдық алқа тұқымдас шөптекті өсімдік:
- Жылу және ылғал сүйетін тағамдық өсімдік:
- Баклажанның жемісі:
- Картоптың жемісі:
-
Гүл формуласы:
-
Медицинада бауыр ауруын емдеуге, қан құрамындағы зиянды түзілісті (холестеринді) азайту үшін қолданылады:
-
Алқа тұқымдастардың ғаламшарымызда қаншаға жуық түрі белгілі:
-
Көкөністік алқа тұқымдастарын анықта:
-
Картоп түйнегі?
-
Зиянды заттардың ең әрекетшілі – никотин қандай ғалымдардың есімімен байланысты
-
Баклажан жемісі
-
Қызанақтың құрамында кездесетін дәрумен