iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
V тарау. Омыртқасыз жәндіктердің қанайналым жүйесінің құрылысы. Омыртқалы жануарлардың қанайналым жүйесінің құрылысы
Шұбалшаңның қанайналым жүйесі әр буылтықта жеке болады. Сақиналы қан тамырлармен өзара байланысқан ірі арқа қантамырынан және құрсақ қантамырынан тұрады (1-сурет). Бұл екеуінен қылтамырлар тарамдалып, теріні және зәршығару, асқорыту, жүйке жүйесі, т. б. ішкі мүшелерді түгелдей торлап жатады. Дененің алдыңғы бөлігіндегі ірілеу сақиналы қантамырлар – «жүрекше» деп аталады. Ол жиырылып босаңсуы нәтижесінде қан құрсақ қантамырлармен дененің артқы жағына, арқа қантамыры мен алдыңғы бөліміне қарай ағады. Дене қуысына тікелей құйылмай, қантамырлары арқылы таралып айналатын қан айналымы тұйық қанайналым жүйесі деп аталады. Шұбалшаңның қанайналымы осылай жүзеге асады.
Ұлулардың, шаяндар мен өрмекшілердің қанайналымы ашық қан айналым жүйесіне жатады. Бұл жануарларда қан жүректен, ұшы тұйық емес қантамырларына, одан дене қуысына құйылады. Қан ұлпалар арасына жайылып, газ, зат алмасады да (оттегін, нәрлі заттарды ішкі мүшелерге олардан береді, қажетсіз заттарды сіңіреді) қантамырлары арқылы өкпеде оттегімен қанығып жүрекке келеді.
Қорытынды. Сөйтіп қан ашық қанайналым жүйесімен қозғалады. Аталған жәндіктердің ішінде ұлудың жүрегі ғана екі бөлімнен – құлақшадан және қарыншадан тұрады (86-сурет). Басқаларының жүрегі бір бөлімді. Бунақденелілерде де қанайналымы ашық; қан нәрлі заттарды тасымалдайды; тыныс алуға қатыспайды.
Омыртқалы жануарлардың қанайналым жүйесінің құрылысы
Балық омыртқалы жануарларға жатады. Балықтың (1-сурет) жүрегі екі қуысты; ол дененің құрсақ жағында орналасқан. Қан жүрек қарыншасынан желбезектерге қарай шығатын ірі қантамыры – құрсақ қолқасына өтеді. Қарыншаның қақпақшасы қанның кері ағуына мүмкіндік бермейді. Бұл қан, көмірқышқыл газы көп болғандықтан, вена қаны деп аталады. Оның түсі қызыл қоңыр болады. Желбезекке келгенде құрсақ қолқасынан оңға және солға қарай қантамырлар таралады. Олар желбезекте ұсақ қылтамырларға тармақталып, оттегіне қанығады да, артерия қанына айналады. Артерия қан тамырлары жинақталып, хорданың астында созылып жатқан арқа қолқасына құйылады. Қолқадан дененің барлық мүшелеріне қылтамырлар тармақталады. Ондағы әр түрлі ұлпаларда артерия қаны оттегін беріп, көмірқышқыл газын және түрлі қажетсіз өнімдерді сіңіреді де, вена қантамырымен ағып, жүректің құлақшасына құйылады. Ол жиырылып, қан қарыншаға өтеді. Сөйтіп балықтың қаны бір шеңбер жасап, бүкіл денені айналып шығады. Сондықтан балықтың қанайналым жүйесін біршеңберлі қанайналым жүйесі дейді.
1-сурет. Балықтың қанайналым жүйесі.
Қосмекенділердің (2-сурет) жүрегі үш бөлімді, қарыншадан және екі құлақшадан тұрады. Қан дененің барлық мүшелерінен вена қантамырымен жүректің оң құлақшасына құйылады. Бұл қанда көмірқышқыл газы көп. Сол жақ құлақшаға өкпеден оттегін сіңірген қан құйылады. Құлақшалар жиырылған кезде қарыншаға екі құлақшадан біраз қан өтіп, артерия мен вена қаны араласады да, денесіне аралас қан тарайды. Қарыншадан ірі артерия қан тамыры шығып, ол денені бойлап артқы жағына қарай ағады. Одан көптеген қылтамырлар шығып, бүкіл ұлпаларды торлайды. Оларды оттегімен, қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Артерия біртіндеп вена қанына айналып, вена қантамырымен жүрекке қарай ағады. Бақаның қанайналым жүйесінде екі шеңбер бар (2-сурет). Қанды жүректен бүкіл денеге тарататын артерия қантамырлары мен денеден жүрекке оралатын вена қантамырын үлкен қанайналым шеңбері деп атайды. Қанның өкпе мен теріге баратын, одан жүрекке қайта келетін тармағы – кіші қанайналым шеңбері деп аталады.
1 2
2-сурет. 1. Бақаның қанайналым жүйесі. 2. Қарыншадағы аралас қан
Жорғалаушылардың жүрегі, қанайналым жүйесі бақанікіне ұқсас. Бұларда жүрек үш бөлімді: қарыншадан, екі құлақшадан тұрады. Олардың бақадан ерекшелігі жүрек қарыншасы жартылай пердемен екі бөлімге бөлінеді. Бірақ перде қарыншаны толық бөлмегендіктен артериялық қан мен веналық қан (бақамен салыстырғанда) аз мөлшерде болса да араласады. Сондықтан қосмекенділер мен жорғалаушылардың ағзасында зат алмасу баяу жүреді де, дене температуралары тұрақсыз, қоршаған ортаның температурасына тәуелді болады. Ауа райы салқын солтүстік аймақтарда қосмекенділер мен жорғалаушылардың сирек таралғаны және жылы аймақтарда қыста ұйқыға жататыны содан. Бұларды салқын қанды жануарлар дейді.
Құстар мен сүтқоректілердің (3,4-суреттер) жүрегі төрт бөлімнен тұрады. Жүрек қарыншасының пердесі оны толық екі бөлімге бөліп, қан араласпайды. Дене мүшелеріне таза артерия қаны таралып, өкпеге вена қаны келеді. Бұл жануарларда зат алмасу қарқынды жүреді. Дене температурасы тұрақты, қоршаған ортаның температурасына тәуелді емес. Оларды жылықанды жануарларға жатқызады. Бұл жануарлар жер бетінің барлық аймақтарында таралған.
3-сурет. Құстың қанайналым жүйесі.
4-сурет. Иттің қанайналым жүйесі.
Қорытынды. Сонымен, көпжасушалы жануарларда шұбалшаңнан бастап қанайналым жүйесі болады. Қанайналым жүйесінің құрылысы жануарлардың әр түрлі топтарында түрліше және даму деңгейіне қарай біртіндеп күрделенеді.
- Балықтың жүрегі:
- Көмірқышқыл газы көп қан:
- Оттегіне қаныққан қан:
- Қосмекенділердің жүрегі:
-
Жорғалаушылардың жүрегі:
- Құстар мен сүтқоректілердің жүрегі:
-
Дене температурасы тұрақты, қоршаған ортаның температурасына тәуелді емес жануарлар:
-
Ашық қанайналым жүйесі бар ұлудың жүрегі ?
-
Қанды жүректен бүкіл денеге тарататын артерия қантамырлары мен денеден жүрекке оралатын вена қантамырын не деп атайды?
-
Төменде берілген омыртқасыз жәндіктердің қайсысында тұйық қанайналым жүйесі?