iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
V тарау. Омыртқалы жануарлардың қозғалуы
Омыртқалы жануарлардың қозғалу мүшелері жүйесімен танысуды балықтан бастайық.
Балық суда тіршілік ететіні белгілі. Сондықтан оның су ішінде еркін қозғалуын қамтамасыз ететін мүшелері мен мүшелер жүйесі жақсы жетілген (1-сурет).
Көптеген балықтардың дене пішіні суда жүзуге бейімделген. Бас жағы сүйірлене бітіп, тұлғаға қарай дөңестеніп жуандайды, құйрығына қарай жіңішкереді. Құйрығы жүзбеқанатпен аяқталады. Екі бүйірі сәл қысыңқы болады. Денесі сүйекті қабыршақпен қапталған. Әр қабыршақтың артқы жиегі келесі қабыршақтың алдыңғы жиегіне жапсарласа орналасады.
Қабыршақтардың орналасу үлгісі (табан балық)
Алабұғының торсылдағы Сазанның торсылдағы
1-сурет. Балықтардың дене құрылысы.
Балықтың құйрық жүзбеқанатынан басқа бір жұп көкірек, бір жұп құрсақ жүзбеқанаттары бар. Ал құйрық, бір немесе екі арқа және бір құйрықасты (аналь) жүзбеқанаттары сыңар болады. Алға қарай жүзгенде құйрық жүзбеқанаты негізгі рөл атқарады. Балық көкірек және құрсақ жүзбеқанаттарының көмегімен судың төменгі қабатына түсіп, беткі қабатқа көтеріледі, әрі денесінің тепе-теңдігін сақтайды. Құйрықасты жүзбеқанаты денені берік ұстауға көмектеседі. Балықтың су ішінде күрделі қимылдар жасауына бұлшықеттері жәрдемдеседі. Әсіресе тұлғасы мен құйрықтағы бұлшықеттер жақсы жетілген. Оның себебін өздерің ойланыңдар. Көптеген балықтарда (сазан, алабұға, тұқы және т. б.) жүзуін реттейтін торсылдақ бар. Торсылдақ қан тамырлардан бөлінетін газдардың қоспасына толған кезде балықтың меншікті салмағы азайып, су бетіне жеңіл көтеріледі. Торсылдақ ішіндегі газдың көлемі азайғанда, дене салмағы артып, балық су түбіне қарай батады.
Торсылдақ кейбір балықтарда – дыбыс толқынын күшейтетін резонатор, ал кейбір балықтарда дыбыс шығаратын мүше ретінде жұмыс істейді.
Қосмекенділер – құрлықта тіршілік етуге бейімделген алғашқы омыртқалы жануарлар (2-сурет). Осыған байланысты көптеген түрлерінде екі жұп аяғы бар, олардың артқы аяқтары ұзын болады. Сондықтан олар секіріп қозғалады. Бақа сияқты тіршілігі жартылай сумен байланысты түрлерінде аяқтарының артқы жұбындағы саусақтарының арасында терілі жүзбежарғақ болады.
2-сурет. Бақа, оның қаңқасы мен аяғының құрылысы.
Аяқтары негізінен үш бөлімнен тұрады. Алдыңғы аяқта – қар, білек және алақан, артқы аяқта сан, сирақ және табан бөлімдері бар. Алақаны төрт саусақты, табаны бес саусақты. Аяқ сүйектері осы үш бөлімге сәйкес келеді. Алдыңғы аяқта тоқпан жілік, кәрі жілік және алақан, саусақ сүйектері болады. Артқы аяқта ортан жілік, асықты жілік және табан сүйектері бар. Бұлар өзара буын арқылы, омыртқа жотасымен екі белдеу арқылы байланысады. Иық белдеуі бұғанадан, қарға сүйектен және жауырыннан түзіледі. Жамбас белдеу өзара бітісіп кеткен, бір шеті омыртқа жотасымен, екінші жағы ортан жілікпен байланысады. Қосмекенділердің тірек-қимыл жүйесінің құрылысына толық тоқталуымыздың себебі – жорғалаушылардың, құстардың, сүтқоректілердің тірек-қимыл жүйелері қаңқаларының құрылысы бір-бірімен ұқсас. Әрине, қалай қозғалатынына байланысты әр түрдің өзіне тән ерекшеліктері бар.
Мысалы, кесірткенің аяқтары денені жоғары көтере алмайтын, қысқа болады да, аяқтарына құйрығы көмектеседі. Жыландарда аяқ болмайды.
Құстардың алдыңғы аяқтары қанатқа айналған (3-сурет). Қанаттың қалақшасын түзетін ұзын қауырсындар – қанатты қағушы қауырсындар деп аталады. Қанат үстіндегі ірі қағушы қауырсындар денені ауада ұстайтын қалықтау бетін құрады. Құйрықтағы ірі қауырсындар – құстың ұшу бағытын өзгертуге және қонған кезде ұшуды баяулатуға жәрдемдесетін бағыттаушы қауырсындар (3-сурет).
А Б
3-сурет. А. Құстың қаңқасы. Б. Құстың қауырсын түрлері
Құстың беломыртқалары, сегізкөз бен құйрықтың алдыңғы омыртқалары бір-бірімен және жамбас сүйектері тұтасып, қозғалмайтындай болып байланысады. Олар денеге, артқы аяқтарға берік, мықты тірек болып табылады.
Сүтқоректілердің тірек-қимыл жүйесінің құрылысы қосмекенділер мен жорғалаушыларға ұқсас. Әрине әр түрдің қозғалуы, соған байланысты тірек-қимыл жүйесінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Омыртқалы жануарлардың тірек-қимыл жүйелерін 4-сурет бойынша салыстырыңдар.
4-сурет. Омыртқалы жануарлардың тірек-қимыл жүйелері.
- Дыбыс толқынын күшейтетін резонатор немесе дыбыс шығаратын мүше:
- Денені берік ұстауға көмектесетін мүше:
-
Бақаның алдыңғы аяқ бөлімі
-
Бақаның артқы аяқ бөлімі
-
Құрлықта тіршілік етуге бейімделген алғашқы омыртқалы жануарлар
-
Балықтардың алға қарай жүзуіне көмектесетін мүшесі?
-
Балықтардың дене тепе-теңдігін сақтайды?
-
Құстың қонуына жәрдемдесетін қауырсындар?
-
Бақаның иық белдеуі?
-
Құс қанатының қалақшасын түзетін ?