iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
V тарау. Көпжасушалы жануарлар. Жасушалар. Ұлпалар. Мүшелер. Мүшелер жүйесі
Барлық өсімдіктер мен жануарлардың ағзасы жасушалардан тұратындығын неміс ғалымдары Т. Шванн мен М. Шлейден тұжырымдап, алғаш рет ХІХ ғасырдың 30-жылдарында жасуша теориясының негізін қалады. Содан бері жасушаны зерттеу құралдары – әуелі жарық көмегімен көрсететін микроскоптың жетілдірілуі, одан соң электрондық микроскоптың жасалуы, физикалық және химиялық әдістердің қолданылуы арқасында жасушаның құрылысы мен қызметі терең зерттеліп, анықталды.
Жануар жасушасының негізгі түрлері және олардың қызметі. Біржасушалы ағзалардың құрылысымен, тіршілігімен танысу арқылы біз біржасушалылар туралы өте маңызды мағлұмат алдық. Себебі көпжасушалы жануарлардың әр жасушасы жеке-дара ағза болмағанымен, құрылысы және қызметі жағынан қарапайым жәндіктер жасушасымен ұқсас. Оның құрылысы мен көптеген тіршілік процестері дәл қайталанады. Дегенмен көпжасушалы ағзада жасушалар топтасып, әр топ белгілі бір қызмет атқарады және олардың сапасы, қасиеті сол қызметке сәйкес болады. Мысалы, сүйек жасушаларында минералды тұздар көп болады да, олар сүйектің қаттылығын қамтамасыз етеді. Қандай қызмет атқарса да жасушалар құрылысындағы, қызметіндегі ортақ қасиеттерді, белгілерді еске түсіріп, тереңірек танысалық (1-сурет).
Цитоплазмада пішіні жіп, дән немесе таяқша сияқты әр түрлі болатын митохондриялар болады. Цитоплазмаға сырттан келген күрделі органикалық заттарды жай заттарға ыдыратып, ағзаның тіршілік процестеріне жұмсалатын қуатты «өндіретін» жасушаның «энергия станциясы» – осы митохондриялар болып саналады.
Пластидтер – өсімдік жасушаларында ғана болатын әр түсті бояуы бар және бейорганикалық заттардан органикалық заттар түзетін органоидтар. Мысалы, хлоропластар өсімдік мүшелеріне жасыл түс береді. Фотосинтез процесін жүргізеді. Ал жеміске, жапырақ түсінің өзгеруіне (қызыл, сары, т. б.) хромопластар әсер етеді.
І. Өсімдік жасушасы. Өсімдік жасушасының жалпы көрінісі
1. Цитоплазма; 2. Вакуоль; 3. Ядро;
4. Пластидтер; 5. Қабықша.
ІІ. Жануар жасушасы.
1. Сыртқы қабықша; 2. Цитоплазма; 3. Ядро; 4. Митохондриялар; 5. Ядрошық;
6. Цитоплазмадағы нәруыз, көмірсу, май тәрізді заттар.
1-сурет. Жасушаның құрылысы.
Ұлпалардың түрлері және қызметі. Сонымен атқаратын қызметіне қарай жасушалар топтасатын болды. Осындай өзіне тән мөлшері, пішіні бар, дененің белгілі бір бөлігінде үйлесімді қызмет атқаратын жасушалар тобын ұлпа дейді. Жануар ағзасындағы ұлпаларды негізінен 4 топқа бөлуге болады. Олар эпителий, дәнекер, бұлшықет және жүйке ұлпалары.
Эпителий ұлпалары дененің сыртқы жамылғысын түзіп, оны тұтас жауып тұрады және ішкі мүшелер қуыстарын астарлайды. Сөйтіп өзінен төмен жатқан жасушаларды тікелей зақымданудан, химиялық зиянды заттардың әсерінен, бактериялардың енуінен, кебуден қорғайды. Асқорыту мүшелерін астарлайтын эпителий қоректік заттар ерітіндісін сіңіріп, өткізеді. Қалдық заттарды шығарып, әр түрлі тітіркендіргіштерді қабылдайды. Кейбір эпителий жасушаларында цитоплазмалық кірпікшелер болады. Мысалы, тынысалу мүшелері бар ағзалардың тыныс жолдарындағы кірпікшелер шаң-тозаңды тұтып қалып, өкпеге жібермейді (2-сурет).
2-сурет. Эпителий ұлпалары. а) жалпақ эпителий; ә) кірпікшелі эпителий.
Даму деңгейіне қарай жануарлар денесін қаптайтын ұлпалардың күйі әр түрлі болады. Мысалы, шаян, өрмекші, бунақденелілер сияқты жәндіктердің денесі су, газ өтпейтін қатты жамылғы – хитинмен қапталған. Көпшілік былқылдақденелілердің денесі бақалшақтың ішінде орналасады. Балық, кесіртке, жылан денесі мүйізді қабыршақтармен қапталса, құстың терісі – қауырсынды, ал сүтқоректілердің көпшілігінің терісі түкті болады.
Бездерді құрайтын эпителий ұлпалары әр түрлі заттарды бөліп шығарады. Мысалы, гидрада – асқорыту сөлін, сүтқоректілерде – сүт және т. б. бөледі.
Дәнекер ұлпалары сүйекті, шеміршекті, майды, сіңірді, қан, ұлпа сұйықтығын түзеді.
Талшықты дәнекер ұлпалары ағзаның барлық мүшелерінде кездеседі (2 а-сурет).
Сүйек ұлпасы тірек қызметін атқарады. Ал шеміршек ұлпалары буынаралық байланыстарға қатысып, қаңқа сүйектеріне беріктік қасиет береді (3ә-сурет).
3-сурет. Дәнекер ұлпалары.
а) талшықты дәнекер ұлпасы; ә) шеміршек ұлпасы.
1. Шеміршек жасушалары; 2. Шеміршек ұлпаларына серпімділік беретін, оларды қоршап жататын негізгі зат; 3. Ұлпа талшықтары; 4. Дәнекер ұлпа жасушалары.
Қан мен лимфа ұлпалары – сұйық. Олардың ішінде жасушалар еркін жүреді және ағзаға оттегін, басқа да заттарды тасымалдап, мүшелерді өзара байланыстырады.
Бұлшықет ұлпаларының (4-сурет) үш түрлі тобы бар. Олар: көлденең жолақты, бірыңғай салалы және жүрек бұлшықеттері. Бұл ұлпалар жиырылып, босаңсу арқылы әр түрлі мүшелерді қимыл-қозғалысқа келтіреді. Сол арқылы бүкіл дененің қимыл-қозғалысын қамтамасыз етеді.
4-сурет. Бұлшықет ұлпалары.
а) көлденең жолақты бұлшықет талшықтары;
ә) ұзын салалы бұлшықет талшықтары.
1. Жасуша ядросы;
2. Көлденең жолақтар.
Жүйке ұлпасы – нейрон деп аталатын жасушалардан тұрады (5-сурет). Әр нейронның денесі ұзын және қысқа өсінділері болады. Нейронның ұзын өсіндісі – аксон, ал қысқа өсінділері дендрит деп аталады. Нейрон денесінен қозу аксон арқылы әр түрлі мүшелерге (бұлшықеттерге, теріге және т. б.) өтеді. Дендрит арқылы қозу нейронның денесіне қарай өтеді. Аксонның көрші жатқан нейрон дендридінің қабықшасымен байланысып, қозу өтетін жерін тоғысу (синапс) дейді.
5-сурет. Нейронның құрылысы.
Қорытынды: сонымен көпжасушалы өсімдік пен жануарда жасуша ағзаның құрылымдық және қызметтік өлшем бірлігі болып табылады. Кез келген тірі ағзаның денесі жасушалардан тұрады: ағзадағы бүкіл тіршілік процестері мен оның тіршілік әрекеттері осы жасушалар қызметінің үйлесімділігі арқылы қамтамасыз етіледі.
- Жасушаның «энергия станциясы»:
- Өсімдік жасушаларында органикалық заттар түзеді:
-
Дененің сыртқы жамылғысын түзіп, тұтас жауып тұратын ұлпа:
- Сүйекті, шеміршекті, майды, сіңірді, қан, ұлпа сұйықтығын түзетін ұлпа:
-
Бүкіл дененің қимыл-қозғалысын қамтамасыз ететін ұлпа: