Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Бунақденелілердің дамуы

Конспект

Дернәсілдің ауыз мүшесі үстіңгі, астыңғы тісшелі жақтарымен жапырақты кеміріп, үгітуге бейімделген.

 

 

Көбелектің дернәсілін жұлдызқұрт деп атайды. Жұлдызқұрттар өсімдіктердің жапырақтарымен қоректенеді де, тез өседі және бірнеше рет түлейді. Ең соңғы түлеудің алдында ағаш діңіне, дуалға, құрылыс қабырғасына және тағы басқа жерлерге өрмелеп шығады. Қолайлы орын тапқан соң жұлдызқұрт қуыршаққа айналады. Қуыршақ кезеңінде олар ешбір қозғалыссыз қалады, қоректенбейді. Дегенмен хитинмен қапталған қуыршақта өте күрделі өзгерістер жүріп жатады. Онда ересек көбелектің дене мүшелері қалыптасады. Қыстап шыққан қуыршақтан көктемде бірден орамжапырақ ақ көбелегі шығады.

 

1-сурет. Көбелек, оның жұмыртқасы (а), дернәсілі (ә) және қуыршағы (б).

 

Сонымен, көбелектің даму сатыларын (1-сурет) тізіп көрсетелік: жұмыртқа (а) дернәсіл (ә) қуыршақ (б) ересек көбелек.

 

Дамуы 4 сатыдан тұратын және дернәсілі ересегіне ұқсамайтын бунақденелілерді толық түрленіп дамитын бунақденелілер деп атайды.

Бұларға көбелектен басқа қоңыз, шыбын, маса, ара және тағы басқа толып жатқан жәндіктер жатады.

 

Жұмыртқа салу мерзімі, орны, даму мерзімі әр түрлі бунақденелілердің түріне қарай әрқалай болады. Мысалы, зауза қоңыз жұмыртқаларын топыраққа, шыбын ластанған жерлерге, көбелектер өсімдік жапырақтарына, ағаш жемісіне, т. б. жерлерге салады. Зауза қоңыз дернәсілінің дамуы 4 жылға, шыбын дернәсілінің дамуы бірнеше тәулікке созылады.

 

Шегірткелер, тарақандар, дәуіттер, инеліктер сияқты бунақденелілердің көптеген түрлерінің дамуы үш сатыдан тұрады. Олар: жұмыртқа – дернәсіл – ересек жәндік.

 

Кейбіреуінің дернәсілі жұмыртқадан ересек жәндігіне ұқсас боп шығады. Тек дене мөлшері мен қанаттары (мысалы, шегірткеде) ғана кішірек болады. Бұл дернәсілдер өсіп, есею барысында бірнеше рет түлейді. Әр түлеген сайын ересек бунақденеліге ұқсастығы арта түседі. Дамуы 3 сатыдан тұратын және дернәсілі ересегіне ұқсайтын бунақденелілерді шала түрленіп дамитын бунақденелілер дейді.

 

 

2-сурет. Шегірткенің шала түрленіп дамуы.

 

Түрленіп дамудың маңызы

 

Түрленіп дамитын, оның ішінде, әсіресе толық түрленіп дамитын бунақденелілердің табиғатта кеңінен таралып, өз түрлерін сақтауға едәуір мүмкіндігі бар. Дернәсілі ересек жәндіктің қорегіне «ортақтаспайды», әрі тұрағы да басқа болады. Мысалы, зауза не картоп қоңызының дернәсілдері топырақта тіршілік етеді, өсімдік тамырларын, жер асты бөліктерін жеп қоректенеді. Ал ересек қоңыздар ағаш жапырақтарын қорек етеді. Сонымен қатар сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларынан дамуының 4 сатысында да аман қалатын кездер болады. Мысалы, жеміс ағаштары жапырақ жайған көктем мерзімінде оларды бунақденелілерден және дернәсілдерінен қорғау үшін улы химикаттар себеді. Бұл химикаттардан жер бетінде жүрген бунақденелілер қырылады да, топырақ арасында жүрген немесе әлі қуыршақ күйінде жатқан дернәсілдер аман қалады. Сонымен түрленіп даму тәсілі де – бунақденелілерді жойылып кетуден сақтайтын бейімділіктің бірі.



Сұрақтар
  1. Көбелектің дернәсілі:

  2. Дамуы 4 сатыдан тұратын бунақденелілер:

  3. Көбелектің даму сатысы:

  4. Дамуы 3 сатыдан тұратын бунақденелілер:

  5. Зауза қоңыз дернәсілінің дамуы:
  6. Шегірткенің даму сатысы:

  7. Толық түрленіп дамитын бунақденелі:

  8. Толық түрленіп дамитын бунақденелі:

  9. Зауза қоңызы дернәсілінің дамуы неше жылға созылады:

  10. Жұлдызқұрт өсімдіктің қай бөлігімен қоректенеді:

Қате туралы хабарландыру