iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
V тарау. Біржасушалы жәндіктердің тіршілік әрекеттері
Біржасушалылар негізінен дайын органикалық заттармен (нәруыз, көмірсулар және май тәрізді заттар) қоректенеді. Сондай-ақ олардың ішінде фотосинтез тәсілімен де қоректенетіндері бар. Жарық жоқ көлеңке немесе қараңғы жерлерде эвгленаның жасыл түсі жойылады. Ол жануар тәрізді дайын органикалық заттармен қоректенеді. Ол органикалық заттардың түйіршіктерін жұтпайды. Заттардың судағы ерітінділерін цитоплазманың сыртқы тығыздалған жарғақшасы арқылы сіңіреді.
1-сурет. Амебаның қоректенуі.
Амеба (1-сурет) жалған аяқтарымен қоректі (мысалы, бактерияларды) қоршап, орап алады. Одан соң қорек жасуша қабықшасы арқылы цитоплазмаға түседі. Цитоплазма оны қоршап алады. Сондықтан оны асқорыту вакуолі дейді. Ас осы көпіршік тәрізді қоршауда қорытылады. Себебі қоректің қорытылып, жасушаның өз затының жасалуы осы вакуольдің ішінде жүреді. Нәрлі зат жасуша цитоплазмасына тарап тіршілік қажетіне жұмсалады. Ал кірпікшелі кебісше денесінің алдыңғы жағында ортасына қарай аузы болады. Оған қысқа түтікше тәрізді жұтқыншақ жалғасады. Кебісшенің ауызы жасушаның жұқа жарғақша қабықшасының ішке ойысуынан пайда болған кішкене ғана ойық. Осы ойық арқылы қорек жасушаға тез өтеді. Сондықтан оны жасушалық ауыз дейді. Ауыз төңірегіндегі көптеген кірпікшелер үнемі қозғалып, су ағынын туғызады. Ағынмен келген қорек ауыз арқылы жұтқыншаққа түсіп, одан цитоплазмаға өтеді. Цитоплазмадан асқорыту сөлі бөлініп, қоректі қоршайды. Бұдан көпіршік түрінде асқорыту вакуолі түзіледі. Онда ас қорытылады. Вакуольдің ішінде сөлдің әсерімен қоректің күрделі органикалық заттары (нәруыздар, майлар, көмірсулар) ыдырап, жай заттар пайда болады. Олардың ерітіндісі сорылып, қайтадан цитоплазмаға өтеді. Мұнда жәндік жасушасының өзіне тән нәруыз, май, көмірсулары тәрізді органикалық заттар түзіліп, ағзаның тіршілігіне жұмсалады.
Тыныс алуы. Біржасушалы қарапайымдар суда еріген оттегімен тыныс алады. Ол жасуша цитоплазмасына қабықша арқылы өтеді. Оттегінің әсерімен күрделі органикалық заттар (астың қорытылуы) жай заттарға ыдырайды. Мұның нәтижесінде қуат (энергия) бөлініп шығады. Ол ағзаның тіршілік әрекеттеріне жұмсалады.
Зиянды қалдық заттардың сыртқа шығарылуы
Біржасушалы қарапайымдардың цитоплазмасында бір-екі жиырылғыш вакуольдер болады. Бұл вакуольдерде зиянды қалдық заттардың ерітіндісі жиналады. Вакуоль осындай ерітіндіге толған соң жасуша жарғақшасына жылжып келеді де жиырылады. Сол арқылы ішіндегі ерітінді сыртқа шығады. Біржасушалылардың қабықшасы арқылы цитоплазмаға сырттан үнемі өтіп келетін судың артық мөлшері де жиырылғыш вакуольдер арқылы сыртқа бөлінеді. Жасушада түзілген көмірқышқыл газы дененің қабықшасы арқылы тікелей сыртқа шығарылады.
Көбеюі. Біржасушалылардың көпшілігі жыныссыз жолмен көбейеді. Жыныссыз көбею жәндік жасушасының екіге тең бөлінуі арқылы жүреді. Мысалы, эвглена мен амебада ядро екіге бөлінеді. Бөлінгеннен пайда болған ядролар жасушаның екі жағына барып орналасады. Тек осыдан соң ғана жасуша бөліне бастайды. Эвгленаның бұрынғы талшығының қатарында екінші талшық өсіп шығады. Сөйтіп ұзынынан тік бөлінудің нәтижесінде екі жас эвглена пайда болады. Амеба да дәл осылай бөлінеді. Тек онда бөліну процесі көлденеңінен жүреді.
2-сурет. Жасыл эвгленаның бөлінуі.
3-сурет. Амебаның бөлінуі.
Кірпікшелі кебісше (инфузория-туфелька) жыныссыз жолмен көбейеді. Жыныссыз көбеюге кіші ядро қатысады. Ең алдымен кіші ядро бөлініп, дененің алдыңғы және артқы жағына ажырап орналасады. Одан соң үлкен ядро бөлінеді. Соңында жасуша ортасынан бунақталып, екіге ажырайды да, екі жас кебісше пайда болады.
4-сурет. Кірпікшелі кебісшенің жыныссыз көбеюі.
Пайда болған екі жас кірпікшелі кебісшенің әрқайсысында жетіспейтін органоидтары, яғни аузы, кірпікшелердің біраз бөлігі жиырылғыш вакуольдің біреуі және тағы басқалары жаңадан түзіледі.
Кірпікшелі кебісше жынысты жолмен көбейгенде екі кірпікшелі кебісше ауыз саңылауы жағымен түйісіп, біраз жүреді. Осы кезеңде әр кебісшенің кіші ядросы екіге бөлініп, екі кіші ядро түзеді. Үлкен ядро еріп, жойылып кетеді. Бір кебісшенің жаңадан пайда болған кіші ядролар сыңары екіншісінің кіші ядросының сыңарымен қосылып, осы кебісше цитоплазмасында, ал қалған сыңарлары қосылған күйі екінші кебісшенің цитоплазмасында қалады. Екі кебісше осылай кіші ядроларын алмастырған соң айырылады. Әрқайсысының денесінде үлкен ядро қайта түзіледі. Ядроның жаңаруы кебісшенің тіршілігін жалғастыра түсуге мүмкіндік береді.
Қарапайымдардың тіршілігін сақтауға бейімделуі. Судың температурасы төмендеген немесе су қоймасының суы кеуіп, құрғап кеткен жағдайларда эвглена талшығын тастап, амеба мен кебісше қозғалысын тоқтатады да денелері жұмырланады. Сыртын қалың қабық қаптайды, сөйтіп тыныштық күйге көшеді. Қолайсыз жағдайлардан қорғайтын бұл қабықшаны циста дейді (грекше: «цистис» – қаптама). Цистаға оранып жатқан кезде олар желмен ұшып немесе басқа жануарлардың денесіне жабысып таралады. Қолайлы жағдай туғанда жәндік цистадан шығып, тіршілігін одан әрі жалғастырады.
Цистадағы амеба Амебаның цистадан шығуы
5-сурет. Амебаның циста түзуі.
Қорытынды. Сонымен қатар біржасушалы жәндіктердің өз ішінде де аз да болса біртіндеп күрделену байқалады. Мысалы, амеба жалған аяқпен қозғалса, кебісшенің «аяғы» – тұрақты кірпікшелер; немесе, кебісшеде ауыз, жұтқыншақ сияқты тұрақты қоректену, асқорыту мүшелерінің бастауы бар. Ендеше, кебісшенің құрылысы күрделірек және дамуы жоғарырақ деңгейде екен, деп қорытуға болады.
- Жарық жоқ қараңғы жерлерде жасыл түсі жойылатын біржасушалы жәндік:
-
Амебаның қорегі қорытылады:
- Жасуша қабықшасының ішке ойысуынан пайда болған кішкене ойық:
- Біржасушалы қарапайымдар тыныс алады:
- Қолайсыз жағдайлардан қорғайтын қабықша: