Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша
ҰБТ тапсыру

Блог

12-03
2019
Экс-министр тұсындағы білім мен ғылым. Жетістіктер мен өзгерістер

     Ерлан Сағадиев 2016 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып тағайындалған болатын. Ол басшылық еткен үш жылда еліміздің білім саласында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Орта, жоғарғы білім беру жүйесі мен форматына, ЖОО-ға оқуға түсу талаптарына жаңартулар енді. Осы орайда, білім мен ғылым саласындағы өзгерістерге шолу жасап көрейік.

Алдымен орта білім беру саласындағы өзгерістерге тоқталсақ:

«Сауат ашу» оқулығы

Экс-министр оқулықтарға қатысты біраз өңдеу, қайта шығару жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде, бастауыш сыныптар үшін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарының орнына, «Сауат ашуды» енгізген болатын.

Қағазбастылық vs Kundelik.kz

Е.Сағадиевтің бастамасымен 2016 жылы Kundelik.kz электрондық жүйесі енгізілген болатын. Қазіргі уақытта алты мыңнан аса мектеп аталған электронды журналға қосылып, төрт миллион қолданушы тіркеліп үлгерген.

Бес күндік оқу

2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бірінші сынып оқушылары үшін бес күндік оқу жүйесі енгізілді. Содан кейінгі жылдары қалған сыныптар үшін де, оқу аптасы бес күнге азайып, оқу жылы он күнге ұзаратындығы айтылды. Дегенмен, қазіргі уақытта мектептердің барлығы бес күндік оқу жүйесіне көшіп үлгермегенін атап өту керек.

Жаңартылған оқу бағдарламасы

Бағдарлама негізінде оқушыларды бағалау критериалдық бағалау жүйесіне өзгерді. Бұл тәсіл, қарапайым тілде айтқанда оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынастың дамуына, оқушы тарапынан кері байланыстың орнауына, баланың сыни ойлау қабілетінің дамуына пайдалы болады деп күтіледі. Нәтижесінде оқушының сауаттылығын арттыру көзделуде.

«1-cынып басталады алты жастан»

2018 жылы балалардың 1-cыныпқа қабылдану жасы алты жасқа өзгертілді. Күнтізбелік жыл бойынша қыркүйек-желтоқсан аралығында алты жасқа толатын балалар да 1-cыныпқа қабылдана береді.

Мұғалімдерге талап күшейді, соған сай мәртебе көтеріледі

Е.Сағадиевтің бастамасымен мұғалімдер жаппай біліктілікті арттыру курстарынан өте бастады. Сонымен бірге, мұғалімдерге ағылшын тілін білу, осы тілде өз пәндерін оқыту талабы қойылды. «Педагог мәртебесі туралы» жобасы экс-министр тұсында қабылданып, оқушы және мұғалімге жүктеме азайту мәселесі, мұғалімдердің жалақысын көбейту, зейнетке шығу уақытын ұзарту мәселелері осы заңнама төңірегінде қамтылған болатын.

Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру

Е.Сағадиев мектептерді жан басына шаққандағы норматив бойынша қаржыландыруды енгізді. Яғни мұндай қаржыландыру мектептің түрлі жөндеу жұмыстары, интернетпен қамтамасыз ету және т.б сынды жұмыстарына әр балаға орташа нормативпен 220 мың теңге бөлінуін қарастырады.

Ал, жоғарғы білім саласындағы өзгерістерге тоқталсақ:

ҰБТ форматы өзгерді

 Сағадиев тұсында мектеп бітіруші түлектер үшін қорытынды аттестациялау мен ҰБТ тестілеуін бөлек өткізу ұсынылды. Енді оқушылар мектепте емтихан тапсырып, университетке гранқа түсу үшін ҰБТ-ны бөлек тапсыратын болды. Ал 2019 жылдан бастап тестілеу бірден төрт рет: қаңар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айларында өтеді. Сонымен қатар, осы жылдан бастап ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік бар.

3-ке шыққандар стипендиядан айырылмайды

Экс-министр оқу үлгерімі төмен студенттерді де стипендиядан айырмау туралы ұсыныс айтқан болатын.

Магистратура мен доктарантураға түсу ережелері өзгерді

Осы жылдан бастап білім беру гранттары магистратураға оқуға тапсыратын үміткерлерге бірыңғай емтиханының қорытындысы бойынша бөлінетін болады. Осыған дейін гранттар ЖОО арқылы сараланып, белгіленетін болса, жаңа GMAT форматы бойынша Ұлттық тестілеу орталығы бақылайтын бірыңғай кешендік тестілеу ұйымдастырылады. Үміткердің грант иелену немесе иеленбеуі осы тестілеудің нәтижесі бойынша сараланады. Емтиханнан жоғары балл жинаған талапкерлер өздері қалаған ЖОО-ны таңдап, мемлекеттік грантқа тапсыруға құқылы. Сонымен бірге, жаңартулар бойынша, шет тілін меңгеру туралы халықаралық сертификатпен қоса, өз саласы бойынша екі пәннен емтихан тапсыруы шарт. Оқуға түсуші докторантураның салалық пәні бойынша қай ЖОО-ға түссе, сол жерде, сол университетте емтихан тапсырады, сонымен қатар шет тілін білетінін растайтын сертификат ұсынады. Енді докторантураға түсу үшін халықаралық сертификат (сәйкесінше, IELTS, TOEFL және т.б.) талап етіледі. Шет тілі бойынша тестілеу докторантура бойынша енді Ұлттық тестілеу орталығы арқылы өткізілмейді.

Студенттік футбол дамып келеді

Ерлан Сағадиев студенттік футбол лигасын дамытуға үлес қосты. Басшылыққа келген жылы осы идеяны дамытып, жоспарды жүзеге асырды. Қазіргі уақытта жастар арасында футзал қарқынды дамып келеді. 2017 жылдың өзінде студенттік футзал 70 ЖОО мен 16 аймақтан 200 коледжді қамтыған.

155