Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Блог

5-03
2019
Bilim Media Group компаниясының алтыншы Ресурстық орталығы ашылды

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы міндеттерді орындау мақсатында, Алматы қаласы Білім басқармасының Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы жанынан, мектеп мұғалімдері мен оқушыларына арналған Bilim Media Group компаниясының Ресурстық орталығы ашылды.

Орталықтың басты мақсаты – мектеп мұғалімдеріне білім беру саласындағы алдыңғы қатарлы технологияларды, Bilim Media Group инновациялық компаниясының электронды оқыту ресурстарын: bilimland.kz, itest.kz, imektep.kz, twig-bilim.kz платформаларын қолдану бойынша семинарлар мен тренингтер өткізу. Бұл мұғалімдердің біліктілігін көтеруге септігін тигізеді. Кез келген мұғалім оқушылармен бірге орталықта ашық сабақ өткізіп, семинар, тренингтерге қатысып сертификат алу мүмкіндігіне ие. Ресурстық орталық заманауи озық техника құралдарымен, интерактивті тақталар мен компьютерлер құрылғыларымен жабдықталған.

Алғашқы ресурстық орталық Астана қаласында «Astana Bilim Lab» деген атаумен 2015 жылы ашылса, одан кейін «Almaty oblysy Bilim Lab» орталығы, Талдықорған қаласында 2016 жылы бой көтерген. Үшінші ресурстық орталық Шымкент қаласында 2017 жылы, ал 2018 жылы бірден екі ресурстық орталық: бірі БҚО-да Орал қаласында және Алматыда Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан ашылды. Ал Алматы қалалық Білім басқармасы жанынан ашылғалы отырған бұл орталық, Қазақстандағы алтыншы ресурстық орталығы болмақ.

Алматы қаласы Білім басқармасының Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Болатбековна Айгүл Сарқытқызының айтуынша, Ресурстық орталықтың басты міндеті – BilimLand білім беру ресурстарын мектепте, сабақ өткізу кезінде қолданатын ең үздік мұғалімдерді топтастырып, жинау арқылы олардың бір-бірімен жеке тәжірибесімен бөлісуіне мүмкіндік беру. – Қазір біз мектептерге семинар мен тренингтер өткізіп жатырмыз, содан кейін әрбір ауданның мектептерінде BilimLand ресурстарын қолдану бойынша ай сайын жиын жасап отыру жоспарда бар. Яғни бастапқыда бір аудан ішіндегі мектептер арасындағы байқау, содан кейін қала ішіндегі аудандар арасындағы байқауға ұласады. Соңында байқау мұғалімдерге ресурстарды қолдануға ынталандырып, құлшыныс беретін үлкен қалалық фестиваль ұйымдастырсақ деген ниет бар.

Баймендинева Айгерім, Әуезов ауданы №108 мектептің информатика пәні мұғалімі:

– BilimLand ресурстарын күнделікті сабақта пайдаланамын. Көбінесе сабақ қорытындылағанда тест тапсырмаларын қолдану арқылы оқушылардың білімін тексеремін. BilimLand ресурстары – оқушының сабақты қаншалықты түсінгенін тексеру кезінде таптырмас құрал. Қазіргі таңда енгізіліп жатқан үш тілділік концепциясына қатысты да аталған ресурстарды қолдану тиімді екенін атап өту керек. Талапқа сай, информатика пәнін ағылшын тілінде өту міндеттелді. Осы орайда, ағылшын тілін үйреніп, жетілдіру мақсатында сайттағы видеоларды көріп, тапсырмаларды орындап жүру мен үшін де қолайлы, – дейді. Баймендинева Айгерім биыл «Жаңашыл мұғалім» байқауына екінші жыл қатысып жатқанын айтты. Видеоролик түсіріп байқауға жібергенін айтып, бас жүлде ұтуға деген ынтасы зор екенін білдірді.

Есенгулова Назира, Жетісу ауданы №108 мектептің бастауыш сынып мұғалімі: – Сайт ресурстарын қолдану өте тиімді, себебі бастауыш сынып оқушылары әлі де болса ойын балалары, ал анимациялық видео сабақтар баланың қызығушылығын оятады. Тапсырмалар орындау арқылы балалар тақырып бойынша алған білімін бекітіп, тиянақтай түседі. Оларға тест жұмыстары бойынша, әсіресе, «Ойлан тап», «Артығын алып таста» деген сияқты тапсырмалар қызық. Мұғалімдерге жаңа сабақты түсіндіру қиын екені белгілі, интернеттен мәліметтер іздеп, көрнекі құрал дайындау көп уақытты алатын. Анимациялық видеороликтерді көргенде балалар мультфильм көріп отырғандай әсер алады. Мұғалімдерге айтарым, жаңартылған білім бағдарламасы бойынша ресурстарды тиімді пайдалану арқылы балалардың білім сапасын көтеруге зор септігін тигізеді.

Айта кетейік, 2019 жылдың 1 наурызында Астана қаласындағы «Astana Bilim Lab» ресурстық орталығында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне «Эссе жазуға дайындық жолдары» атты қалалық оқыту тренингі өткен болатын. Оқыту тренингін жоғары санатты, білікті кәсіби ұстаздар Астана қаласының №77 мектеп-гимназиясы мұғалімі Имакова Лаура Оспановна мен Астана қаласының №9 «Зерде» дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің мұғалімі Букенова Гаухар Асканбековна өткізді.

Тренинг барысында педагогтерге эссе тақырыбын дұрыс таңдай білу, эссе құрылымының сақталуы, эссе жазуда жиі кездесетін қателер мен эссе жазу барысында ескерілетін ұстанымдар, клише сөздерді қолдану реті сынды теориялық ақпараттар беріліп, практикалық жұмыстар жүргізілді. Лекторлар itest.kz ресурстарындағы «Эссе» бөлімін қолдану тәжірибесімен де бөлісті. Практикалық талдау жұмыстарынан соң, ұстаздар «Кәсіби мұғалім» тақырыбы аясында ассоциация құрып, өздері таңдаған тақырыпта эссе жазды.

Мұғалімдердің оқыту процесінде цифрлық ресурстарды белсенді пайдалануы жалпы білім беру процесін жетілдіру мен оңтайландырудың басты аспектілерінің бірі екенін атап өту керек.

1753