Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Блог

20-02
2019
«Баламның сабақ оқығысы келмейді» немесе баланы оқытудың тиімді ТОП-7 әдісі

 «Баламның сабақ оқығысы келмейді». Әрбір ата-анаға таныс жағдай.
 Қазіргі заман балаларын әлденемен қызықтыру, сабаққа ынталарын, қызығушылықтарын ашу оңай шаруа емес. Сондықтан мұғалімге де, ата-анаға да біріншіден, сабырлық керек. Дегенмен, баланың оқуға, білімге, сабаққа деген ынтасын тудыратын да мұғалімдер мен ата-аналар екенін ұмытпаған жөн. 
Егер балаңыз сабақ оқығысы келмейтінін ашық білдірсе, оған бірден ашуланып, ұрысудың, оның да, өзіңіздің де көңіліңізді түсірудің қажеті жоқ. Ең алдымен сабаққа деген қызығушылықты қалай туғызуға болатынын және де баланың не себепті сабақ оқығысы келмей жүргенін анықтау керек.
Оқушының сабаққа деген ынтасының жоғалуының бірнеше себептері болуы мүмкін. Бұл — баланың жас ерекшелігіне де байланысты. Мәселен, мектеп табалдырығын енді аттаған бала мен бастауыш мектепте оқитын немесе жасөспірімнің арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар екені белгілі. Демек, 7-13 жас аралығындағы балалардың сабаққа деген қызығушылығының жоғалуы қарапайым жалқаулыққа қатысты болуы мүмкін. Ұйқысын, ойынды қимай, сабаққа барғысы келмейтіндер болады. Ал енді жеткіншектер арасында «телефоннан түспей» немесе достарымен қыдырып, серуен құрып сабаққа баруға «қолдары тимейтіндер» де кездеседі. Демек, мұндағы қорытынды, мәселені шешпес бұрын оның неден туындап отырғанын анықтау маңызды.
  Уақыт өте келе адамның қызығушылықтары өзгереді, құндылықтардың маңызы жоғалады. Сол сияқты балаңыз, балалық шақтан өткен соң жеткіншек, одан кейін жасөспірім кезеңіне өтеді. Бала кездегі ойыншық, қуыршақтарды белгілі-бір жасқа келгенше ойнаса, арада біраз уақыт өткен соң, олардың орнын видео ойындар, телефон, планшет алмастырады. Осы орайда, жеткіншектер мен жасөспірімдер қызығушылықтары тез өзгеретінін ескеру керек. Жасөспірім — бала емес, ол көзқарасының маңызды, қоршаған ортаға сыйлы болғанын қалайды. Ата-ананың «бас ауруы» болған телефон мәселесіне келсек, бір қарағанда күнделікті тіршіліктен тұйықталу, оқшаулану болып көрінгенімен, бұл туралы негативті ойлай беру дұрыс емес. Интернет арқылы бала, жасөпірім өзіне қажетті ақпарат пен материалдарды оңай әрі тез таба алады. Тіпті, онлайн курстар арқылы білімін де жетілдіруге мүмкіндігі бар. Сондықтан балаға интернетті пайдалы ресурстар үшін қолдану керек екенін түсіндіру керек.
Кейбір балалардың оқуға деген ынтасы мен қабілеттері расында өзгешеленеді: жаңа мағлұматтарды қағып алып, тез үйренсе, сабақ оқығысы келмейтіндері де кездеседі. Баланың қабілеттерін дамытуға ата-ана ат салысу керек. Тәртіп маңызды болғанымен, мотивация мен құлшыныс баланың ынтасына екі есе жақсы әсер етеді. 

  • Балаңызға білім алудың қаншалықты маңызды екенін түсіндіріңіз. Оны мысал келтіру арқылы жүзеге асыруға болады. Мәселен, баланы оқуда белсенді, жетістіктерге жеткен оқушымен әңгімелестіріңіз. Әлгі оқушы балаға не себепті жақсы оқу керек екенін түсіндіріп, өзінің оқуы жайлы айтып берсе, сіздің балаңыздың да қызығушылығы оянуы әбден мүмкін. Немесе өзіңіздің балалық шағыңыз туралы айтып, сол кезеңнің қиындықтары, қызығы мен шыжығы туралы баяндап беріңіз.
  • Уақытты тиімді пайдалануды үйретіңіз. Балаға үй жұмысының басқа жұмыстарға қарағанда маңызды екенін айтып, телефон, теледидар, ойынға  тек бос уақытта көңіл бөлуді дағдыда айналдыру қажет.
  •  Баланы қинап оқытпаңыз. Уақыт өте келе бала сабақтан қашып, мүлдем оқуға деген ынтасын жоғалтып алуы мүмкін.  «Сабақ оқы!» деп бұйырып, бөлмеге қамап оқыту сияқты әдістерді қолдану тиімді емес. Себебі қысым мен айқай оның оқу ілгеріміне әсер етуі екі талай. 
  • Демалыс туралы да ұмытпаңыз. Әрине,есеп шығарудан, кітап оқудан бала жалығатынын түсіну керек. Жалпы адамның миы бір мазмұндағы ақпаратты екі сағаттан артық қабылдай алмайды.
  • Араласатын ортасына мән беріңіз. Баланың достары мен сыныптастары сабаққа баруды ұнатпайтындар қатарынан болса, сіздің балаңыздың да оқуға деген ынтасының жоғалуы ғажап емес. Себебі орта —  әдет пен жүріс-тұрыс, мінез-құлыққа қатты әсер етеді.  Бұл жағдайда баланың өзімен немесе сыныптас/достарының ата-анасымен сөйлесу керек.
  • Сыйақы беру. Кез келген істелген жұмысқа сыйақы берілетін болса, көп адамдар сол жұмысты тиянақты істеуге тырысатын еді. Сол сияқты егер балаңызға талабы мен еңбегі үшін сыйақы, сый беретін болып келіссеңіз оның сабаққа деген құлшынысы артуы мүмкін. Ол үшін оған не қызық екенін, нені ұнататынын біліп, үй жұмысын немесе тапсырманы орындаған соң қалағанын алатынын айтып мотивация беруге болады. Мысалы,  Бүгін бір сағат математиканы оқысаң, 30 минут демаласың, ойын ойнауға немесе теледидар көруге рұқсат беремін»  және т.б сынды кішігірім келісім жасау керек. 

Әрине, жас балаларға жоғарыдағы кеңестер тиімді болуы мүмкін. Ал, жеткіншектер мен жасөспірімдерге қатысты қандай шара қолданса болады? Баланың 14-15 жастан бастап мінез-құлығы өзгере бастайды, көп қызығушылықтары бұрынғыдай әсерлі көрінбеуі мүмкін, сабаққа көңілі бұрымауы да түсінікті. Мұндай жағдайда балаға бос уақытында белгілі-бір пайдалы әрекетпен айналысуға мүмкінді жасау қажет. Өзінің хоббиіне қатысты курстар немесе тіл курстары, би, жүзу және т.б. Одан бөлек, баламен бірге көбірек сыртқа шығып, серуендеп, қыдырып, жаңа жерлерді көрсетіп (мұражай, театр, табиғат аясы) жаңа адамдармен таныстыру керек. Ең бастысы:
Баланың алдына айқын мақсат қойып шабыттандырыңыз. Түпкі мақсатын түсінбеген оқушы үшін оқу процесі мағынасыз, түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Баланың білім алудағы басты мақсаты не екенін түсіндіріп, оны нақты түсіне алды ма —  көз жеткізіңіз. Сабақты жақсы оқу арқылы жоғарғы көрсеткіштер мен бағаларға ие болатынын, оның нәтижесінде үздік университетке оқуға түсіп, болашақта өзі қалаған іспен айналысуға мүмкіндігі болатынын айтыңыз. Сонымен бірге, балаға керісінше, сабақты нашар оқыса қандай жағдай орын алуы мүмкін екенін де ескерту керек. Бұл қорқыту емес, баланы шынайы өмірге дайындау. 

 

Автор

Назерке Муса

nazerkeden@gmail.com

38455