Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша
ҰБТ тапсыру

Блог

6-02
2019
Магистратураны не үшін оқу керек?

Қазақстан 2010 жылдан бері «Болон жүйесіне» енгеннен бастап, білім саласында  бірқатар жаңартулар енді. Болондық оқыту жүйесі бойынша кез келген адам еш кедергісіз, өз керегінше оқып, білім алуға құқылы.  Life long Learning - басқаша айтқанда өмір бойы білім алу тенденциясы бүгінде бүкіл әлемде таралуда.
Аталған жүйенің негізгі  басты принциптерінің бірі үш деңгей бойынша білім алу:
– Бакалавр деңгейі;
– Магистрлік деңгей;
– PhD Докторлық деңгей;
Бакалавр деңгейі шетелдік стандарттар бойынша мектептен кейінгі жоғарғы білім болып саналғанымен, ғылымның тек негізгі бөлігін қамтиды. Демек магистратура бакалавр деңгейінен сусындап алған негізгі, жалпы білімді тереңдетіп, жан-жақты дамыта түсетін жоғарғы білімнің келесі бір табалдырығы.
Кейбіреулер магистратураны ғылыми-педогогикалық, зерттеу білімін жетілдіру үшін оқығысы келсе, енді біреулерге қызмет бабы бойынша аяқталған жоғарғы білім дипломы қажет. Оқуды жалғастыруға түрлі себептер болуы мүмкін. Ең бастысы дұрыс мамандық таңдап, сапалы білім алып шығу.
Соңғы жаңартулар мен өзгерістер
Жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі магистратура мен докторантураның емтихан өткізу тәртібіне өзгерістер енгізді.
Осы жылдан бастап білім беру гранттары магистратураға оқуға тапсыратын үміткерлерге  бірыңғай емтиханының қорытындысы бойынша бөлінетін болады.
 Осыған дейін гранттар ЖОО арқылы сараланып, белгіленетін болса, жаңа GMAT форматы бойынша Ұлттық тестілеу орталығы бақылайтын бірыңғай кешендік тестілеу ұйымдастырылады. 
Үміткердің грант иелену немесе иеленбеуі осы тестілеудің нәтижесі бойынша сараланатын болады. Емтиханнан жоғары балл жинаған талапкерлер өздері қалаған ЖОО-ны таңдап, мемлекеттік грантқа тапсыруға құқылы. Сонымен бірге, жаңартулар бойынша, шет тілін меңгеру туралы халықаралық сертификатпен қоса, өз саласы бойынша екі пәннен емтихан тапсыруы шарт.
Халықаралық көкжиектегі магистр дипломы
Еуроның көпшілік елдерінде студенттер магистрлік деңгейді 1 жыл көлемінде оқиды. Ал Канада, Австралия, АҚШ-та магистратура екі жылға созылады. Сол сияқты Түркияның біршама университеттерінде оқу мерзімі тіпті 3 жылға дейін барады.
Қазіргі уақытта жастардың көпшілігі шетелде білім алуға құмартқаны жасырын емес, оған мүмкіндіктер де жасалып жатыр. Халықаралық стандарттар бойынша білім алу бүгінгі таңда қолжетімді нәрсеге айналды. Кез келген үміткер түрлі стипендиялық бағдарламалар арқылы халықаралық жоғарғы оқу орындарының гранты мен стипендиясын ұтып алуға бақтарын сынай алады. Ал Қазақстандық магистратура кезінде шетелдік университетте тағылымдама өту мүмкіндігі қарастырылған.
Шет тілін жетік меңгеру - негізгі талап
Магистратура жоғарғы ғылыми-педогогикалық білім болып есептелетіндіктен, мұнда шет тілін білу талабы қатаң. Тіл білу деңгейін көрсететін  халықаралық сертификаттар болмаған жағдайда,үміткерлер арнайы тестілеуден өтеді. Басты кеңес – шет тілі емтиханына назар салып мұқият дайындалу. Егер арнайы IELTS, TOEFL сияқты халықаралық емтихандарды тапсыруды жоспарласаңыз, мейлінше жақсы дайындық қажет. IELTS-тан кем дегенде 6.0, TOEFL IBT– 87, TOEFL ITP- 460 шектік балл жинау керек. Магистратураға құжат тапсырғанда халықаралық сертификаттары барлар грантқа түсу мүмкіндігіне бір табан жақын болады. Себебі сертификаттары бар үміткерлер шет тілі емтиханынан босатылып, олардың нәтижесі автоматты түрде 100 балдық көрсеткіш ретінде есептеледі.
Айта кету керек, бір рет мемлекеттік грант иегері атанған үміткерге екінші мәрте бұл мүмкіндік берілмейді. 
Магистратура бағдарламасы кәсіби біліктілікті жоғарылатудың бірден-бір тиімді жолы. Осыған орай, жыл сайын білімін жетілдірігісі келетіндердің қарасы көбейіп келеді. 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің гуманитарлық ғылым магистрі Дидар Халықтың айтуынша, магистратура ең алдымен өз салаңды тереңдетіп оқуға, талдауға, саралауға мүмкіндік береді. 
-Жоғарғы оқу орындары студенттің жан жақтылығын дамытуға тырысады. Соның ішінде академиялық мобильділік сияқты бағдарламалар арқылы студенттер арасында тәжірибе алмасу процесінің берері көп: біріншіден, тілдің деңгейін жетілдіруге сеп болса, екіншіден, ғылыми тәжірибе ретінде пайдалы. 

473