Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша
ҰБТ тапсыру

Блог

27-12
2018
Жыл қорытындысы 2018

Келе жатқан жаңа 2019 жыл судай жаңа жобалар мен жағымды жаңалықтарға толы жыл болады деген үмітті арқалап отырмыз. Дегенмен алдағы жылға қадам жасамас бұрын, өзімізге есеп беру мақсатында өткен жылға шолу жасап, жеткен жетістіктерімізбен бөліскіміз келеді.
 
Бұл жылдың ең басты жаңалығы математика, геометрия, алгебра, химия секілді пәндердің жаңа курстармен толықтырылуы болды. Барлық пән білім берудің жаңартылған бағдарламасына сәйкес құрылып, қазақстандық үздік әдіскерлердің көмегімен әзірленді. Ал қолданушылардан келіп жатқан хаттар легі жаңа курстарымыздың пайдалануда тиімді, оқуда пайдалы болғанын көрсетеді.
 
Сондай-ақ Аудиохрестоматия курсы мектеп бағдарламасы бойынша жаңа шығармалармен толығып,  орыс классиктері және әлем әдебиетінің үздік туындылары Қазақстанның талантты әртістерінің дыбыстауымен пайдаланушыларымызға жол тартты.
 
Өтіп бара жатқан жылдың тағы бір жаңалығы мектеп бітіру емтихандарының форматының өзгеруіне байланысты iTest платформасын жаңартуымыз болды. iTest платформамызға оқушылардың бейінді және  таңдау пәндерін сәтті тапсыруға дайындалуға арналған бірегей материалдарды қамтитын Қорытынды аттестаттау бөлімі қосылды. Олар: тест тапсырмалары, толық шешімі берілген математикалық тапсырмалар, Қазақстан тарихы бойынша дәрістер (аудио және мәтіндік материалдар), лингвистикалық циклдегі пәндерді тапсыруға арналған материалдар (тыңдалым, оқу, лексикалық-грамматикалық тест).  ҰБТ-ға дайындық базасы жаңа форматтағы бірнеше дұрыс жауабы бар, күрделілік деңгейлерге бөлінген сұрақтармен толықты. Бұл мектеп бітіруші түлектеріміздің емтихан тапсыруға дайындығын барынша шынайы етуге мүмкіндік береді. 

BilimLand ұсынған байқаулар – қолданушылармен арадағы қарым-қатынастың нығаюына септігін тигізеді. Дәстүрлі жобамыз «Жаңашыл мұғалім-2018» байқауына 1100 жұмыс келіп түсті. Бұл байқауда ұстаздарымыз кәсіби біліктіліктерінің деңгейін көрсетіп, АКТ-ны сабақта пайдалануда ерекше шығармашылық қырларымен танылды. 

Пайдаланушыларымызбен қарым-қатынасымызды одан ары нығайта түсу үшін платформамыз 2018 жылы оқушылар мен мұғалімдерге арналған қызықты жобалармен толықты. Олар  Жобалық жұмыс байқауы мен Эссе байқауы деп аталады. Мектеп оқушылары мен олардың жетекшілері (мұғалімдер) қатысқан Жобалық жұмыс байқауына 132 топ өздерінің бірегей жобаларын жіберсе, 2018 жылдың қараша айында басталған эссе байқауына мектеп пен колледж оқушыларынан 300-ден аса өтініш келіп түсті. Байқау нәтижесі 2019 жылдың қаңтар айында bilimland.kz сайтында жарияланатын болады! 

BilimLand ұйымдастыратын  Шеберлік сағаттары  жаңалықтарымызбен бөлісіп, аралық қорытынды жасап, алдағы жоспарымызбен бөлісетін алаң. Осы жылдың мамыр және қараша айларында өткен шеберлік сағаттарына 800-ден аса әдіскер мен білім беру саласының қызметкерлері қатысты. Онда алдағы жобалар жайлы жоспарлармен бөлісіп, қолданушылардың сұрақтарына жауап берілді. Шеберлік сағаттарында қолданушыларымыздың ұсыныстары мен идеяларын тыңдауға мүмкіндік туса, әдіскерлер мен мұғалімдер бір-бірімен АКТ-ны қолдану тәжірибелерімен бөлісті.

2018 жылы маркетологтар тобы bilimland.kz сайтында «Жаңалықтар және мақалалар» бөлімін ашты. Аты айтып тұрғандай жаңа бөлімде компанияның ғана емес, білім беру саласында болып жатқан жаңалықтар жарияланып, сан алуан тақырыпты қамтитын мақалалар, сұхбаттар және блогтар жазылады. Сондай-ақ қолданушылармен сайтта тікелей байланыс жасау үшін онлайн-чат іске қосылды (JivoSite). Мықты мамандардан құралған маркетологтар тобының  мүшелері ресурстық орталықтар мен мектептерге 4790 тыңдарман қатысқан жалпы саны 430 тренинг пен вебинар өткізді. 

Біздің ресурстарымыздың аккредитациялануы Қазақстан мектептерінде қолданудың өзектілігі мен тиімділігін сенімді қамтамасыз етеді: білім беру стандарттарына сәйкес болуы үшін ҚР БҒМ «Оқулық» орталығының сараптамасынан өтеді. 2018 жылы 4 ресурсымыз, нақтырақ айтсақ iMektep, Мектепке дайындық, English language және Twig.bilim.kz (химия және биология) сараптамадан сүрінбей өтіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынған тізімдер қатарына енді.
BilimLand-тің басты мақсатының бірі – қалалық және ауылдық мектептердің білім беру деңгейін теңестірудга жағдай жасау. Ол үшін біз BilimBook және BilimBook-mini жобаларын қолға алдық. Еліміздің шалғайда орналасқан елді мекендеріндегі тұрақты ғаламторы жоқ  мектептерге ресурстарымыздың толық мазмұны бар планшет-транформерлер қойылды. Бұл құрылғыларымыз офлайн тәртібінде жұмыс жасайды. 

Ерекше атап өтуге тұрарлық тағы бір жағдай BilimLand компания басшылығының мамандардың кәсіби біліктіліктерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы жылы компания қызметкерлеріне кәсіби білім мен қабілеттерін жетілдіріп, танымал бизнес-жаттықтырушылардың тренингтеріне қатысу арқылы біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік берілді. Олар:

  • Microsoft өнімдері бойынша тренинг;
  • «Тиімді жетекші» практикумы;
  • «Call-орталықтың жұмысы» тренингі;
  • «Шешендік өнер мектебі» және т. б.

HR мамандары HR Digital Халықаралық саммитіне қатысып, HR саласындағы заманауи инновация жайлы көптеген пайдалы ақпараттар алып қайтты.

Осы жылы жанымыздан табылып, ресурстарымызды қолданып, байқауларымызға қатысып, пікір қалдырғандарыңыз үшін рақмет! Қолданушыларымыздың қатысуынсыз электронды білім беруді дамыту мүмкін емес, сондықтан еліміздегі  білім беру саласының дамуына қосқан еңбектеріңіз орасан зор. 

 

Сіздерді келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймыз!  

Келе жатқан жылдан үлкен үміт күтіп отырған әр шаңыраққа шаттық, қуаныш, бақыт тілейміз. Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын!
 

2512