Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Блог

8-11
2023
Когнитивтік лингвистика. Оқу құралы

«Когнитивтік лингвистика» пәні жоғары оқу орындарының филология факультеттері студенттеріне оқытылатын ғылыми теориялық пән. Бұл пән қазақ тіл білімінде соңғы он жылдықтың (ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың бастапқы жылдары) бедерінде ғана зерттеле бастаған ғылым саласы. Бұл пәннің қазақ тіл біліміндегі зерттелуіне көп уақыт өтпесе де, жоғары оқу орындары филология факультеті студенттеріне білуге тиісті танымдық-ақпараттық компоненттердің бірі болып енуінің өзі аталмыш пәннің маңыздылығын көрсетеді. Когнитивтік лингвистиканың зерттеу мен оқыту барысында әлем елдері алдыңғы қатарға шығып, озық нәтижелерге қол жеткізуде. Ал қазақ тіл біліміндегі танымдық бағыт бүгінгі күннің сұранысын өтеуден туындаған және алдыңғы қатарлы елдермен теңесуге деген талпыныстан туындаған қажеттілік.

Қазақ тіл білімі антропоцентристік парадигма аясында тілді диалектика-динамикалық құбылыс ретінде қарастыру арқылы, оның айнала қоршаған ортамен ақиқат әлеммен әрі адамдық факторлармен сабақтастығын зерделеу мәселесі бүгінгі таңдағы қазақ лингвистикасының теориялық тұрғыда даму бағытымен қатар, әлемдік лингвистика деңгейіне теңесер тұғырын айқындауға мүмкіндік туғызуда. Қоғам мен ғылымның қазіргі уақыт сұранысына сәйкес дамуы лингвистика ғылымына өзіндік ықпал етіп, лингвистика ілімінде жаңа ғылыми бағыттар мен көптеген тоғыспалы ғылыми пәндер пайда болуда. Осыған орай, қазақ тіл білімінде тіл табиғатын адам болмысымен, оның ойлау жүйесі мен тұрмыстық өмірдегі қимыл-әрекетін ұштастыра зерттеу мәселесі арқылы, тіл мен таным ұғымдарына назар аударудың негізінде, шынайы өмір құбылыстарын қабылдау, оның көптеген қыр-сырын ой елегіне салып екшеу, соның нәтижесінде жинақталған ақпараттарды адам жадында сақталар қор ретінде жүйелеу мәселесі сайып келгенде тілдік бірліктердің табиғатына әсер ететін ішкі және сыртқы факторларды анықтауға өзіндік септігін тигізеді.

Осы аталған мәселенің мәнісінен терең бойлау үшін тіл-ұлт-таным контексіне байланысты сол тілді тұтынушы тіл иесі адамның тілтанымдық әлеміне баса назар аудару арқылы тілдің танымдық қызметін көруге болады. Тіл білімінің когнитология (гнесеология) ғылымымен тоғысуы когнитивтік лингвистика ғылымын дүниеге әкелгені мәлім. Мұнда тілді пәлсапалық, логикалық және танымдық қағидалармен өзара біртұтастықта қарастырып, адамның танымдық көкжиегінің тілдегі көрінісін зерделеу мәселесі өзекті тілдік мәселелер ретінде күн тәртібінен орын алуда.

Адамзат баласы он сегіз мың әлемге қатысты құбылыстарды танып-түсінуге әрекет еткен әрбір этностың мыңжылдықтар бойындағы тәжірибесі бүгінгі таңда тіл білімінде «тіл-ұлт-таным», «тіл-мәдениет-этнос» үштіктерінің призмасында зерттелуде.

Тіл мен танымның, тіл мен адамның, тіл мен ойдың, тіл мен сананың, тіл мен мәдениеттің, тіл мен қоғамның бірлестіктерін, олардың өзара бір-бірімен сабақтастығын зерттеу – қазақ тіл білімінде дамып келе жатқан тың лингвистикалық ғылыми бағыттардың мәселесі. Адам баласы ғалам мен этностың әлемдегі орнын түсіну арқылы өзін ментальдық танымдардың аясында зерделеп келеді.

Заман озған сайын тіл мәселесі тек тілші мамандарға ғана емес, «адам-қоғам-табиғат» сабақтастығын қарастыратын барша мамандық иелеріне де үлкен ой салуда. Демек, тілдің жаратылысын, болмыс-бітімін, табиғатын, т.б. этнографиямен, философиямен, психологиямен, когнитологиямен, мәдениеттанумен ұштастыра зерттейтін  тоғыспалы ғылыми пәндердің қалыптасуы заңды құбылыс. Сондықтан ұлт (этнос, халық) болмысы тілдік  танымдық әрекетпен, кеңістікпен, мәдениетпен, өркениетпен сабақтастықта қарастырылады. Өйткені халықтың өткен тарихы мен рухани-мәдени құндылықтарын бейнелейтін тіл жоғалған жағдайда  этнос та өмір сүруін тоқтатады. Демек, тіл қарым-қатынас жасаудың құралы ғана емес, дүниетанудың механизмі, этностың бүтіндігін сақтайтын қамал.

Адамзат тіршілігіне тыныс беретін басты тетік болып табылатын тілдің танымдық табиғатына, сөз мағынасының ішкі нәзік иірімдеріне зер салу арқылы ұлттық болмысты концепт арқылы көрсету, тіл мен танымның бірлестігін адамның қабылдау, пайымдау, ойлау, т.б. танымдық әрекеттерімен өзара сабақтастықта қарау арқылы таным процесінің динамикалық табиғатымен үйлестіру арқылы, барша адамзаттық ортақ ұстанымдарға қол жеткізу қазақ тілінің өрісін кеңейтуге деген талпыныстан туғандығы хақ.

Оқу құралында бүгінгі таңдағы когнитивтік лингвистикаға қатысты зерттеу мәселелері екі тарауға бөлініп ұсынылады. Бірінші тарауда жалпы тіл біліміндегі ғылыми бағыттар мен олардың көптеген салалары, соның ішінде антропоцентристік парадигманың аясынан өрбіген тоғыспалы пән когнитивтік лингвистиканың қалыптасуы мен дамуы, зерттелу барысы, қалыптасу алғышарттары, қазіргі бағыт-бағдары сөз болса, екінші тарауда когнитивтік лингвистиканың өзіне тән категориялары, соның ішінде концепт мәселесін зерттелу тарихына, теориялық негіздеріне шолу жасалады. Когнитивтік лингвистика тіл білімінде әлі зерттелу үстіндегі ғылым саласы болғандықтан, оқу құралындағы когнитивтік лингвистиканың теориялық тұғыры мен әдіснамалық негізіне қатысты мәселелер алдағы уақытта әлі де теориялық және практикалық толықтыруды қажет ететіндігін, келер уақыттың еншісіндегі ғылыми ізденіс нәтижелерін күтіп отырғандығымызды  ескерткіміз келеді құрметті оқырман. Ал бұл оқу құралының жарыққа шығуы жас талап студенттердің бүгінгі сұранысын өтеуге байланысты туғандығы хақ.

Толық жұмысты осы сілтеме арқылы оқи аласыздар: https://bilimland.kzhttps://bilimland.kz/uploads/filemanager/654b1e954b720.pdf

1684