Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Блог

25-02
2020
Эссе және өлең-жыр байқауының жеңімпазы анықталды

Шығармашыл жастардың өнеріне қолдау көрсете отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өлеңсөздің құдыреті арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында Bilim-all.kz және Bilimland.kz сайттары біріге отырып, 2019 жылдың 30 тамызы мен 2020 жылдың 25 қаңтары аралығында өткен эссе және өлең-жыр байқауы бойынша редакциямыз 702 өлең мен 269 эсселер қабылдады. 

Байқауымыздың мақсаты іс жүзінде де орындалғанына өте қуаныштымыз. Талантты, дарынды, қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, ізденімпаз жастардың көбеюіне қосқан үлесіміз деп білеміз. 

Байқау шарттарына сәйкес сайысқа қатысушылардың эссе және өлең-жырлары 2020 жылдың 25 қаңтарына дейін қабылданды. Қабылданған шығармалар бір айдың (25 қаңтар - 25 ақпан) көлемінде іріктеуден өтіп, bilimland.kz ұжымы арнайы сыйлық ㄧ СМАРТФОН жеңімпазын анықтады. 

Жарияланған шығармалардың ішінен топ жарып, үздіктердің үздігі болып, Шыңғыс Атайдың “Рухты ел” өлеңі атанды. Автор өз өлеңінде туған жерінен сырт айналған жанға сұрақ қоя отырып, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін білдірген. Сонымен қатар, өлеңнің өзге шығармалардан ерекшелігі ㄧ әртүрлі ұйқастардың қолданылуында. Шығармадан Қазақ жеріне, еліне, халқына, салтына деген махаббаттан бөлек, бүгінгі күні еліміз жеткен жетістіктер жайлы да сөз қозғалады. 

Назарларыңызға байқау жеңімпазы атанған туындыны ұсынамыз: 

Рухты ел   

 

Әй, Бауырым!

Қай бағытқа жол тарттың?

Сәл кідіргін! Тізгінін тарт, жорға аттың!

Мына жерде менің туған өлкем бар,

Осында кел, керегеңді орнатқын!

 

-Неліктен? - деп сұрақ қойма, сен мүлде!

Бабын сынар туған елі ердің де!

Мен білмеймін, көрмедің бе, көрдің бе?

Болады екен жәннаті де жердің де?

 

Ол, әрине – менің туған мекенім –

Қазақстан – ұлы елім, бек елім!

Атыраудың алып жатқан алабын,

Тянь-Шаньның басып жатқан етегін!

 

-Не бар? – деме бауыр мұнда бәрі бар:

Батысымда қара алтыным ағылар,

Шығысымда алтын, күміс, мәрмәр,

Солтүстікте қасиетті наны бар,

Оңтүстікте үйір-үйір малы бар,

Киелі де байтақ менің өлкемнен

Фирдаустың бар ғажабы табылар!

 

-Руханият па?

Төрт анама жүгінем...

Шексіз қуат алам анам тілінен!

Дәстүрімді асыл мұра деп танып,

Тарихыма үлкен оймен үңілем.

 

Атам дінін мен өзіме сыйға алдым,

Дiн исламның ақтығына иландым.

Төрт анамды өле-өлгенше қастерлеп,

Мәңгілікке қорғаймын деп ұйғардым.

 

-Мақсат бар ма мынау сенің еліңде?

-Әрине бар!

Жүз мақсат бар кемінде!

Қазақ елі тумысынан қайсар ғой,

Жеңілуді білмейтұғын тегінде.

 

Жиырма елу - биік арман, бір асу,

Отыздықтың сындарымен сынасу.

Руханиятпен жаңғыратын ұлдардың,

Абыройы абыройға ұласу!

 

-Жастар қандай?

Көздерінде көп үміт,

Жүздерінен білім нәрі төгіліп.

Ұлы ұлттың әрқашанда тұрады,

Тектілігі тұла бойдан көрініп.

 

«Серпінменен» туған тілді дамытып,

Жас буынға салт сананы дарытып,

Білік, білім «Болашақпен» арттырып,

Ой-өрістің кең көлемін танытып!

Қаны тасып бар бойына сыймаған,

Жас әлеумет бізге сенім сыйлаған!

Ғұламалар даналығын сіңіріп,

Әр ғылымның ең тәттісін жинаған.

 

Болашағы бар ма? – деме елімнің,

Құдіретті алып туған жерімнің!

Менің елім – татулықтың нышаны,

Жаңа дәуір дамуының нысаны!

Қазақстан – бейбітшілік бесігі,

Тыныштық пен бауырластық мысалы!

 

Келешектің кемесінде көп арман,

Өркендеуге тосып жатыр жол алдан.

Сан ғасырлар сағын сындыра алмаған,

Қазақ елі соқпақтардан шыңдалған.

 

Әй, Бауырым!

Кел, осында! Көшпендім!

Туған елден сыртта ғұмыр кешкен кім?

Азаттықтың, еркіндіктің мекені –

Мәңгілік ел тұрағына – Қош келдің 

 

(Автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған)

 

Редакция атынан Шыңғысты шын көңілмен құттықтаймыз! Келешекте биік белестер, шығармашылық табыс тілейміз! 

Сыйлықты табыстауымыз үшін бізбен байланысуыңызды сұраймыз! 

Достар! Алдағы уақытта да біздің сайтымызда түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Барлықтарыңызды байқауларға белсенді түрде қатысып, бақтарыңызды сынап көруге кеңес береміз. Эссе және өлең-жыр байқауына қатысып, белсенділік танытқан әрбір қатысушыға алғыс айтамыз! 

6379