Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Блог

7-11
2019
«Ónege»: Абзал Молдабек: «Адам бойындағы ең бағалайтын қасиет – адамгершілік...»

«Ónege» айдарының келесі санының кейіпкері – Абзал Молдабек есімді азамат. Оның мамандығы – зергер. Кейіпкерімізге таңдау тектен текке түскен жоқ. Себебі зергерлік өнер – халқымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін бабалар аманаты.

Өнердің бұл түрінің түп-төркіні мыңдаған жыл әріде жатыр. Тылсым сыры бар, екінің біріне бұйырмайтын дарынды талап ететін кәсіптің тұтқасын ұстаған кейіпкеріміз жас болса да, ұлттық мұрамыздың жаңғыруына септігін тигізіп келеді.

- Мен Алматы облысы Ақсу ауданының тумасымын. Жасым 25-те. Зергерлікке бала күнімнен ағамның себепкерлігімен қызықтым. Өйткені ағам қолөнерге жақын болды. Үйде сурет салып, ағаштан бірнәрсе ойып, темір бұйымдар жасап жүретін. Сол кезде жанына еріп, қызығып жүретінбіз...

Әшекей бұйымдар – естелік, сыйлық, тіпті мұралық белгі. Зергерлік бұйымдардың өзіндік қолдану реті мен мән-мағынасы бар. Сол себепті зергерлік өнер табиғи дарынмен қатар, білім мен ұлттық дәстүрді зерттеуді талап ететін кәсіп.

- Жалпы зергерлік салада өрнектің қолданылатын жері деген сияқты ондай деңгейге дамымаған. Кітаптардан немесе музейлерден зергерлік бұйымдарды көрсек, өрнектердің дамыған түрлерін көре алмаймыз. Бізде зергерліктің батыс стилі жақсы дамыған. Зергерлік өнердің шыңырау шегі – сақ заманында. Ол кезде ешқандай технология дамымаса да, сол кездегі шеберлер зергерлік өнерді биік дәрежеге көтеріп кеткен.

Темірден түйін түйіп қана қоймай ұлттық өнеріміз арқылы өскелең ұрпаққа салт-дәстүріміз жайлы ақпарат қалдырып отыратын зергерлерге артылатын жауапкершіліктің алмағы ауыр. Ал біздің кейіпкеріміздің жасы небәрі 25-те болса да, бүгінгі күнге дейін 15 шәкірт тәрбиелеп, бар білгенінімен бөлісіп келеді.

- Шәкірт тәрбиелеудегі мақсатым, осы уақытқа дейін жинаған білімімді, тәжірибемді үйретіп, басқаларға пайдамды тигізсем деген ниетпен. Жалпы бұл қазақ халқының ежелден келе жатқан қасиетті өнерінің бірі, кез келген адамның бойынан табыла бермейтін өнер. Мықты, талантты, қандай да бір себептермен зергерлікпен айналысуға мүмкіндігі болмай жүрген жігіттерді жаныма жинасам деген ниетім болды.

Зергерлік өнер ауқымы жағынан шағын болып көрінгенімен, өте нәзік, әрі күрделі өнер. Себебі әшекей бұйымы арқылы әр халықтың сыр-сипатын, өнерге деген көз қарасын, ұлттық тағылымы мен қоршаған ортаға деген ұғым-түсінігін бейнелеуге болады. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ зергерлік өнерінің өзіндік ерекшелігін сақтап қалу – бүгінгі зергерлердің басты парызы.

- Зергер болу үшін адамда шыдамдылық пен сабырлық болу керек. Сұлтан Сүлейменнің сөзі бар: «Сабырлықты үйрену үшін – зергерлікті үйрендім,» деген. Үлкен сабыр болмаса жұмысты аяғына дейін жеткізе алмайсың. Бұл төзімділікті және ұқыптылықты қажет ететін өнер.

Ұлттық дәстүрлі қолөнер ішінде мән-мазмұны жағынан аса бай, шоқтығы биік тұрғаны – зергерлік. Зергер болу қасиетті өнер саналған. Сонау киелі кәсіптің тұтқасын ұстаған, ұлттық дәстүрді дәріптеп жүрген кейіпкеріміз отбасында 2 қыз тәрбиелеуде. Болашақта Абзал Молдабек біліктілікті арттыру мақсатында шет елден білім алмақшы. Оның мақсаты – айқын, бағдары – анық. 

 

5462