Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Блог

23-09
2019
Тәрбиелеу мен білім берудің азиялық және еуропалық әдісі

Азиялық аналардың баланы тәрбиелеуге арналған әдебиеттері қазіргі қоғамда үлкен қызығушылыққа ие болып отыр. Заманауи ата-аналар өзіне «бала тәрбиелеуде қандай әдісті қолданған жөн?» деген сұрақты жиі қояды. Олардың алдында екі таңдау тұр: азиялық немесе еуропалық.

Соңғы кездері ата-ана мен бала арасындағы қарым қатынаста оқушының еркіндігі, толеранттық пен шыдамдылық, балаға жаза қолданбау туралы көп айтылып жүр. Мәселен, Еуропада мұндай жағдайда ата-анаға айыппұл тағылып, тіпті одан да ауыр жазаға тартылуы мүмкін. Бір қызығы, балалар өздері ата-анасы туралы шағымданса, олардың сөздерінің айтарлықтай салмағы мен салдары бар. Мұнда балаларға ерте жастан таңдау еркіндігі беріледі, олар мұнда ата-анасынан бөлек, жеке тұлға болып қалыптасады. Еуропалық көзқарас бойынша бала тәрбиелеуде мектеп бағдарламасын терең меңгеруден гөрі көпшілдікке және байланысқа бейімділікке, эмоциялық жағдайға мән беріледі.

Азиялық әдіспен бала тәрбиелеуде көбіне баланың өз таңдауы болмайды. Мұнда бала – ата-ананың, соның ішінде ананың ажырамас бөлігі ретінде қарастыралады. Бала үшін таңдауды, әдетте, ата-ана жасайды. Олар баланың баратын мектебін, қосымша үйірмелері мен жаттығуларын, тіпті болашақ мамандығын да өздері таңдайды. Азиялық отбасында ата-ана баланың өмірінде үлкен роль атқарады. Мысалы, ата-ана мектепке өздері барып, баланың оқу үлгерімін қадағалап отырады. Мектепте түсініспеушілік туындап жатса, ата-ана баласының емес, ұстаздың жағына шығады. Олар үй жұмысының уақытымен орындалуын бақылап, кей кезде өздерінің тарапынан қосымша тапсырма беріп отырады.

Кейбір азиялық отбасыларда аналар баланың біліміне шектен тыс көңіл бөледі. Әдетте, мұндай аналар тек тұрмыс құрғанша жұмыс істейді. Кейін өзін тек қана бала мен отбасына арнайды.

Егер де оқушы нашар баға алса, бұл толықтай отбасының атына кір келді деген сөз. Себебі азиялық көзқарас бойынша, баланың білім алуында жауапкершілік тек балаға емес, ата-анаға да артылады. Демек мұндай «келеңсіздік» отбасының «нашар» тәрбиесінің кесірі ретінде қарастырылады. Басқа мағынада, оқу үлгерімінің жақсы болуы – баланың бақытты өмірінің негізі іспетті. Көптеген Азия елдерінде білім – тұлғалық қалыптасудың жалғыз ғана қадамы. Сынып ішіндегі жағдай да өз кезегінде өзгеше. Сыныптың «бетке ұстары» спортта немесе басқа салада үздік нәтижеге ие болғандар емес, озат оқушы болып саналады.

Екі әдістің нәтижесі қандай болмақ? Көптеген халықаралық олимпиадалардың жеңіс тұғырынан көбіне азиялық тәрбиелеу әдісінің өкілдері көрінетінін көпшілік байқаған болар? Бұл баланы «бағдарламалау» әдісінің нәтижесі.

Бала таңғы 5:00 де ұйқысынан тұрып, көп жағдайда таңғы асын өз бетімен дайындайды, үй тапсырмасын қайталайды. Жоғарғы сынып оқушыларында демалыс күндері тіптен жоқ деп айтуға болады. Олар аптасына 90 сағат оқиды, ал сабақтары кешкі 18:00 ге дейін өтеді. Содан кейін түн жарымына дейін үй тапсырмаларын орындайды. Азиялық отбасыларда мектептегі оқу үлгерімінен бөлек, бала міндетті түрде спорт үйірмелеріне барады немесе музыкамен кәсіби түрде айналысады. Егер де қандай да бір салада бала белгілі бір дәрежеге жете алмай жатса, бұл тек білім алуды одан сайын күшейтуді талап етеді. Бала ерте жастан ересектер сияқты еңбектеніп, айтарлықтай нәтижеге жетіп жатады.

Алайда мұндай көзқарастың кемшіліктері де жоқ емес. Еуропалық әдіспен салыстырғанда, азиялық әдісте балалар өзара араласуды, өмірге қуана білуді және өз бетімен шешім қабылдауды үйрене алмайды. Өсе келе олар ата-анасының таңдауының дұрыс болмағанын түсініп жататын кездер де болады. Батыста балалар ерте жастан өз бетімен шешім қабылдай бастайды. Бұл оларды жасаған таңдауларының салдарына жауапкершілікпен қарауға үйретеді.

Қазақстандық ата-аналар Еуразия елдерінің өкілдері ретінде тәрбиелеудің аралас түрін таңдайтынын байқауға болады. Сол арқылы екі әдістің де ең жақсы жақтарын халқымыздың менталитетіне сай қылып қолдануға болады.   

1546