Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша
ҰБТ тапсыру

Блог

21-08
2019
BilimLand: шегарасыз білім

BMG компаниясы Өзбекстан елінде білім берудің пилоттық жобасын бастағанын қуана хабарлаймыз. Айта кетейік, цифрлық ресурстарды білім беру жүйесіне енгізудің үздік нәтижесіне сүйенген Өзбекстанның Халыққа білім беру Министрлігі біздің компаниямызға ұсыныс жасаған еді. 

Жобаның мақсаты – екі ел арасында тәжірибе алмасу және ақпараттық коммуникациялық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу. Осылайша BMG компаниясы тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де білім беру жүйесін оңтайландырып, заманға сай инновациялық технологияларды қолдану арқылы білім беруді сапалы, әрі қолжетімді етуді қолға алып отыр.  

Білімнің қадірін түсінетін және білім беруде технологияның пәрменіне сенетін энтузиаст-мамандардан құралған білікті мамандар командасы бүгінгі таңда көрші елге маңызды миссиямен аттанды. Пилоттық жобаны іске асырудың алдында Өзбекстанның Халыққа білім беру министрлігінің өкілдері білім беру ресурстары жайында ұстаздардан тікелей пікір алу үшін арнайы Алматы қаласына келіп, BMG компаниясы әдіскерлер мен бірнеше мектепке арнап өткізген шеберлік сабақтарына қатысқан еді.   

Бауырлас Өзбекстан еліндегі атқарылатын ауқымды жұмыс барысында ұстаздарға да, оқушыларға да ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың тиімділігін көрсету көзделген.  

Атап айтқанда, оқушы үшін:

1.    Сабаққа деген ынтасын арттыру;

2.    Танымдық қызығушылықты арттыру;

3.    Ақпараттық және коммуникативтік білімді қалыптастыру;

4.    Таным-түсінігін кеңейту.  

 

Ұстаз үшін:

1.    Сабақ барысында уақытты үнемдеу;

2.    Материалдарды жан-жақты талдау;

3.    Ынталандыруды арттыру;

4.    Аудио және видео үлгідегі мультимедиалық материалдарды бір уақытта қолдана алу.  

Жобаның алға қойған мақсаты айқын. Бірінші кезекте ұстаздар мен оқушылардың ынтасын арттыру, білім беруді дербестендіру. Bilimland командасы білім берудің жаңа формалары мен әдістерін жүзеге асырып, жаңа педагогикалық әдістемелерді қолданудағы халықаралық тәжірибелерге ден қояды.  

Жобаны жүзеге асыру барысында Өзбекстанның 10 мектебі компанияның жеке қаржысына BilimLand, iTest, Twig-Bilim, iMektep ресурстары жүктелген дербес компьютер, проектор және интерактивті тақталармен жабдықталмақ.  

Ұйымдастырушылардың жобаға артқан үміті орасан зор. Себебі BilimLand интерактивті білім беру платформасында 45 000-нан астам сабақ бар. Сонымен қатар, орыс және ағылшын тіліндегі сабақтармен қоса, мәтіндік, видео және аудиоматериалдар, интерактивті тапсырмалар мен тестілер, симуляторлар мен жаттықтырғыштар білім беруді сапалы етіп қана қоймай, мұғалім мен оқушыға да оқу барысын айтарлықтай жеңілдетеді деген сенім мол.  

Айта кетерлігі, біздің электронды ресурстарымызға еліміздің 7 000-нан астам мектебі, ЖОО, колледж бен балабақша қосылған. Ал жеке қолданушылар саны бүгінгі таңда 1 миллионнан асып жығылады. Бұл статистикалық мәліметтер BMG компаниясының ресурстары қолданушыларының санын ғана көрсетпей, сөзсіз, әрі қарай сапалы контент даярлауға, оны дамыту мен оңтайландыруға жігерлендіреді. Себебі білім алу – сан қилы әрекет түрін қамтитын аса күрделі, әрі үздіксіз процесс. Оған қатысатын әр адамның өз қабілеті, өз ырғағы мен талғамы бар. Ал білім беру саласының қазіргі мақсаты – мемлекет пен қоғамның, сонымен қатар жеке тұлғаның ең өзекті қажеттіліктерін қамтып, бәсекелестікке қабілетті тұлға мен сұранысқа ие болатын маман дайындау. Білім беру саласында қызмет ету – асқан жауапкершілікті талап ететіні анық. Сондықтан артылған жауапкершіліктің салмағын сезіне отырып, компания ұжымы Өзбекстан елінің білім беру жүйесіне жаңа серпін береміз деген ниетте. Жоба тек білім беру саласында ғана көрініс беріп қана қоймай, Қазақстан мен көршілес Өзбекстан арасындағы бауырластық байланысты бекем етеді деген сенім мол. 

111