Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша
ҰБТ тапсыру

Блог

2-08
2019
Заманауи қолөнер

Қазақ халқының қолөнері ғасырлар бойы халықпен бірге дамып келе жатқан дәстүрлі өнер. Қолөнер қол еңбегі. Адам баласын еңбектенуге тәрбиелейді.

Уақыттың бір орында тұрмайтыны сияқты, қолөнер де заманға сай дамып келеді. Бұл тек бос уақытты өткізудің құралы ғана емес, бүгінгі таңда көптеген адамның табыс көзіне айналып отыр. Демек, "екі қолға бір күрек таппай" отырған жандарға қолөнер көмекке келмек.

Назарларыңызға заманауи қолөнер түрлерін ұсынамыз:

Скрапбукинг.

Скрапбукинг – фотоальбом жасап, безендіруді білдіретін өнер түрі. Бұл қандай да бір дағдыны талап етпейтін іс. Өнердің бұл түрін тіпті балалар да меңгере алады. Ең алдымен желім, қайшы, қағаз сында заттармен жұмыс істей білу жеткілікті. Сонымен қатар түстерді әдемі үйлестіре білу де қажет болады.

Жұмсақ ойыншық жасау.

Бұл іспен дәл осы ойыншық түрлерін жақсы көретін адамдар айналысса болады. Мұнда да еш қиындық жоқ. Жұмсақ ойыншықтарды қолдан тоқуға да, тігін машинасымен тігіп алуға болады. Алайда қолөнерден алшақ адамдарға тігін машинасын пайдалану қиындық тудыруы мүмкін. Сол себепті жәй ғана ине-жіпті қолданған дұрыс. Жұмсақ ойыншықты тоқу үшін де белгілі бір икем мен машықтану керек.

Кестелеп тігу.

Кестелеп тігу – қолөнердің ең кең таралған түрі. Әдетте бұл өнерді мектептетегі еңбек сабағында үйретеді. Алғашқы жұмыс үшін алдын ала селдір матаға суреті салынған, кестелеп тігуге арналған жиынтық сатып алуға болады. Оның ішінде ине, керекті түстегі мулине жіптері мен нұсқаулық қатар жүреді. Тапсырманы күрделі ету үшін келесі жолы дайын суреті жоқ жиынтық алуға болады. Бұл іске дағдыланғаннан кейін түрлі бейнелерді ойдан салу қиындық тудырмайды.

Декупаж.

Декупаж – ыдыс-аяқ, интерьер заттары мен жиһаздарды безендіру ісі. Бұл іс өте қарапайым, әрі оңай. Шеберлікті жақсылап меңгерген кезде, нағыз керемет туынды жасап шығаруға болады.

Сабын қайнату және үй косметикасын жасау.

Бұл қолөнермен қатар, түрлі сабын мен керемет иісті, теріні тітіркендірмейтін, тексерілген құрамдағы үй косметикасын жақсы көретіндерге сай келеді. Көбіне мұндай өнімдер дүкен өнімдерінен әлдеқайда пайдалы. Әрі оларға сұраныс та көп.

Тастармен кестелеу.

Яғни шыны моншақтармен безендіру. Жұмыстың жобасы кестелеп тігумен бірдей келеді. Бұл іс асқан ұқыптылық пен зейінділікті талап етеді. Дайын жұмыс – кез келген мерекеде таптырмас сыйлық.

Майшам жасау.

Қолөнерге енді ғана қызығушылық танытып жүрген адамға майшам жасау ісі қызық болуы мүмкін. Өйткені сабын жасау сияқты, оны да әр түрлі түсте, көлемде, иісті етіп жасауға болады. Болашақта майшамнан көрсе көз тоймайтын әдемі фигураларды кесуді үйренуге мүмкіндік бар.

Батик.

Батик – матаға өрнек салу өнері. Алғашқы тәжірибені қажетсіз мата кесінділерінен бастаған жөн. Кейінірек тіпті киімдерді өрнектеп, өзіндік дизайн жасап шығаруға болады. Пэчворк. Егер үйіңізде көптеген мата қиындылары болса, ал оларды лақтыруға көзіңіз қимаса, пэчворк сізге көмекке келеді. Пэчворк – қарапайым тілмен айтқанда, құрақ көрпе тігу. Алайда мата кесінділерінен көрпеден бөлек, көптеген әдемі де, пайдалы бұйымдар жасауға болады.

Газет түтікшелерін өру.

Айта кетерлігі, бұл да көп еңбекті талап ететін жұмыс. Алайда олардан жасалған себеттер қашан да көз тартады. Сонымен қатар оларды әдемі түстерге бояп, түрлі әшекеймен безендіруге болады. Бұл өнер балаларды шығармашылыққа баулуға, олармен бірге қызықты уақыт өткізуге септігін тигізбек. Мұндай себеттерді далалыққа алып шығуға немесе жәй ғана жеміс, кәмпит салу үшін қолдануға болады.

Қорыта келе, тіпті қолөнерден алшақ адамдар да жоғарыда көрсетілген өнер түрлерімен айналыса алады. Қай іспен айналыссаңыз да, жұмыс барысына балаңызды көмекші ретінде тартуға ұмытпағайсыз! 

197