Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Блог

28-06
2019
«Қашан адам болады екенсің...» немесе «жұрттың балалары…»

Бірде әкесі ашуланшақ баласына бір қап шеге беріп, ашуға булыққанда бір шегеден шарбаққа қағып тұруын тапсырған. Бастапқыда қағылған шегелер саны өсе берді. Алайда жігіт, өз-өзімен күресіп, ашуын ауыздықтауды үйренеді. Сонда әкесі, жағымсыз эмоцияны жеңген сайын, қоршаудағы бір шегені алып отыр депті. Күндердің күнінде шарбақта бірде бір шеге қалмайды. Алайда ағаш қоршау шұрық-тесік болып, бұрынғы келбетін жоғалтып алды.  Сонда, әкесі баласына, адамды сөзбен жаралаған сайын, жүрегінде дақ қалатынын түсіндіріпті. Одан кейін қанша кешірім сұрасаң да, бәрі бір із қалады…

Бұл аңыздан бір ауыз сөздің зілдей салмағы бар екенін аңғарамыз. Ал әлі дұрыс қалыптаспаған бала психологиясына аңдамай айтылған ауыр сөздің әсері қандай? Осы сұраққа PhD докторы, профессор, психолог-кинезиолог Күлмаш Ғалымжанқызы Елшібаева жауап береді:

                                    

Баланы жер-жебіріне жетіп сөгу – расын айтса, таяқтап жазалаудан жүз есе зиян. Сірə, баласына өмірінде бір-ақ рет болсын айқайламаған, тілін тигізбеген ата-ананы кездестіру қиын шығар. (Мұндай ата-аналар бар болуы да мүмкін, соған сенуіміз қажет).

Дегенімен... Біз көбінесе ашу үстінде тəрбиелік жағына көңіл аудармаймыз, тек өн бойымызды қысып, лықсып келіп қалған ызамызды сыртқа шығарып тастасақ болғаны. Мысалы, жұмысыңызда жағымсыздықтар болды, басыңыз ауырып, сіркеңіз су көтермей тұр, əлгінде дүкенде əлдекіммен сөзге келіп қалдыңыз... «таз ашуын тырнадан алыпты» демекші, үйге келгенде баланы қыспаққа аламыз. Ұстамды бола алмаймыз. Бірақ, бізге кернеген ашуымызды өзіміз басатындай, өзімізді бір сəт сабырға шақырып, ашу-ызаны өзіміз тарқатып, келеге келетіндей əрекет жасауымыз керек еді. Осылай мықтылық таныта алмағандықтан, біздің балаға айтар сөздеріміз мынадай болып келеді : «Немене, тағы да бүлдірдің бе?, «осы сен-ақ...», «өй, ылғи өстесің де жүресің..», «қашан адам болады екенсің...», «мына түріңмен адам болмассың», «сенің қолыңнан мұндай келмейді», «сенің қолыңнан не келеді дейсің...», «жұрттың балалары ғой, кісі сүйсінеді...». Мұндай сөздер баланы не ашушаң, ызақор етеді, не ынжық, тұйық, момын етіп шығарады. Неге десеңіз, бала өзінің əкесін, анасын, үлкен бауырларын үлкен тұлға санайды. Олардың берген бағасы төмен болса, бала соған иланады, шынымен жұғымсыз біреу екенмін деп ойлай бастайды. Немесе қолынан келіп тұрса да, батылданып кірісіп кете алмайды. Бəрібір «мен бұған лайық емеспін!» деген ой санасын шырмап шықпайды.

Баланың көзінше туыстарыңыздың, көршіңіздің немесе басқа да өзі қатарлы балаларды мақтап, салыстыра бермеңіз. Əсіресе, «жұрттың балалары..» деген сөз оның намысына тиеді. Сізді жолдасыңыз «жұрттың күйеуі» немесе «жұрттың əйелі» деп салыстыра беретін болса, қалай қарайсыз? (күліп) Көпшілік жиналған орында, үйге қонақ келгенде, мейманға барғанда, өзінен кіші бауырларының алдында баланы жерге қаратып, қателігін тауып ұрыса беру де оның жігерін жасытады.

Балаңызға баға (ставка) қойыңыз. Егер жоғары баға беріп, ішкі үніңізбен де, сыртқа білдіріп те «менің балмның қолынан көп нəрсе келеді, өскенде ел құрметтейтін азамат болады, бай-бақуатты өмір сүреді, бұған қабілетті дейтін болсаңыз жəне баланы əрдайым алға ұмтылдырып, қанаттандырып, талпындырып, үйретіп, ақыл-кеңесіңізді айтып отыратын болсаңыз, ойлаған мақсатыңызға жетесіз! Егер балаңызға төмен баға беріп, «сен топассың, миғұласың, сүмелексің, ұсқынсызсың», дейтін болсаңыз жəне баланың осы кемшілігімен күреспей, одан сайын тығырыққа тіреп, қабілет-қарымын тұмшалайтын болсаңыз, онда бағы жанбайды. Қалай десек те, ата-анасының баласы үшін тілеген тілегі қабыл болады. Сол себепті, балаға деген ниетіңіз бен пейіліңізге абай болсаңыз екен. Оның адами құны мен өмірін бағалаңыз.

Есіңізде болсын! Бала сіз үшін қолыңыздағы ақ парақ, оған əлі ештеңе жазылған жоқ. Не болмаса ол жаңа ғана жерге шаншылмаған тал шыбық. Параққа қандай жазу жазсаң, сондай өрнек пайда болады. Тал да қисық бітеді. «Қолыңнан түк келмейді» деп кесіп айтпас бұрын сіз өз балаңызды қалай үйретіп жүрсіз, еңбекке қалай баулыдыңыз, қалай ынталандырасыз, жалпы өзіңіз бала алдында қандай ұстазсыз, осы сұраққа жауап беріңіз. Қазақ халықының кемеңгер ұлы ақыны Абайға əкесі былай деген екен: «Сенің Абай болып тұрғаның, əкең Құнанбайдан туғаның»!

Бір отбасының сүйкімді қызы болыпты. Оған шешесі ашуланғанда «шошқадайсың», «шошқа сияқтысың» деген сөздерді жиі айтады екен. Балауса қыз өзін ұсқынсыз санап, қатарластарымен сөйлесуге қысылады. Тіпті, айнаға қарауға қорқатын халге жетіпті. Бірте-берте мінезі тұйықтала бастайды. Мұны білген сыныптастары «ұялшақ», «жуас» деп түртпектейді. Енді қыздың көзінде үркектік, əлжуаздық, даусында бəсеңдік пайда болды. Иығын қушитып, басын салбыратып жүреді. Ал, ата-анасы болса, мұнымен ісі болмайды, «өзі осындай, бар мінезі осы» деп, өздерінің проблемаларымен жүрген. Онымен ешкім жақын тартып əңгімелеспеген, оның бойындағы жақсы қасиеттері барын, оны əрі қарай дамытуды, баланың өзіне айтып қанаттандыруды, ойламаған. Ол есейіп тұрмысқа шыққаннан кейін де, баққытты отбасын құрып кете алмады.... Мұның бəрі кішкентай кезінен «мен кімге керекпін, менің қолымнан ештеңе келмейді» деп өзін төмен санап өскендіктен. Ал, əке-шешесі болса, «неліктен қызымыздың бағы ашылмай қойды?» деп ойлаумен жүреді. Сондықтан, балаға дұрыс бағыт-бағдар беріңіз. Оның əдеттерін тауып, мақтап отырыңыз. Өмірге деген құлшынысын арттырыңыз.  

4240