Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша
ҰБТ тапсыру

Блог

21-05
2019
BilimLand шеберлік сағаты – білім беру сапасын көтерудегі тиімді құрал

2019 жылдың 3,4 мамыр күндері Алматы қаласында Bilim Media Group (BMG) компаниясының дәстүрлі шеберлік сағаты өтті. Бұл жиын «Ұлттық білім беру платформасының онлайн және офлайн режимде қолданылуы» тақырыбымен өтті.

Шеберлік сағатының мақсаты – Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет істейтін әдіскерлер мен білім беру саласының өзге де мамандарын топтастырып, АКТ-құзыреттілігін арттыру және білім беру саласында тәжірибе алмасу.

Осы шеберлік сағатында BMG тобы жақында жария еткен жаңалықтармен бөлісіп, аралық қорытынды жасап, компанияның білім беру ресурстарын қолданушыларды алдағы жоспарларымен таныстырды. Осы жолғы шеберлік сағатына 150-ден аса әдіскер мен білім беру саласының қызметкері қатысты.

Шеберлік сағаты өткен екі күн аралығында компания өкілдері жарты жылда жеткен жетістіктері мен жаңалықтары жайлы толыққанды ақпаратпен бөлісіп, Bilimland платформасының жаңа мүмкіндіктері мен алдағы жобаларына, қолданушыларды мазалаған сұрақтар мен мәселелерге тоқталды. Аудандық және облыстық әдіскерлер өз кезегінде BilimLand порталы жайлы өз пікірлері мен ескертулерін ортаға салып, оқыту ісіндегі түрлі мәселелерді қалайша оңтайландыруға болатындығымен бөлісті. Мысалы, оқушылардың  ата-аналары BilimLand туралы көп біле бермейді, сондықтан аталған білім беру ресурсын барынша насихаттай түсу керек деген тілек білдірді.

Шеберлік сағаты Bilim Media Group компаниясының Пайдаланушыларды қолдау департаментінің басшысы Гаухар Шуленбай мен Контент әзірлеу департаментінің басшысы Татьяна Сарсенованың таныстыруы мен кіріспе сөздерімен басталды.  

Шараның алғашқы күні Пайдаланушыларды қолдау департаменті келесідей мәселелерге тоқталды: 2019 жылы мектептердің барлығын цифрлық білім беретін контентпен қамту (онлайн және офлайн), тренингтер мен вебинарлар өткізу, Мұғалім кабинетін іске қосу, әр облыс орталығында ресурстық орталықтар ашу және оның мақсаты, жұмыс барысы, күтілетін нәтижелері. Сонымен қатар қолданушылардың жиі қойылатын сұрақтарына шолу жасалды.

Бұған қоса, №76 мектеп базасында орналасқан (Нұр-Сұлтан қ.) Astana Bilim Lab ресурстық орталығының әдіскері Эльмира Бақтығалиева орталықтың мақсаты, жұмыс барысы және алда күтіп тұрған жобалары жайында айтып берді. №76 мектеп директоры Тулекова Сапура Сейдуалина да шеберлік-сағатында өз ойын білдіріп сөз сөйледі.

Осыдан кейін, «Knowledge Engineering» компаниясының директоры Нартай Әшім «Педагогикалық шеберліктің виртуалды лабораториясы» тақырыбында баяндама оқыды, «Bilim Foundation» компаниясының басқарушы директоры Лаура Алиева «Жасөспірімдердің салауатты өмір салты мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» атты өзекті тақырыпты қозғап, аудитория қызығушылығын тудырды. Microsoft компаниясының жаңа туындылары  жайында Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Орталық Азия мен Моңғолиядағы білім беру секторы жұмыстарының жетекшісі Нұрлан Жәнібек айтып берді.

IT-жобалар бойынша IT департаментінің басшысы Айбол Кемельдинов мектептерді Bilim Media Group ұсынған жаңа құрылғылармен жабдықтау, соның ішінде BilimBook-тің жаңа нұсқалары, интерактивті ТВ-панель, интерактивті тақта, дербес компьютер, планшет, моноблок, лазерлі HD-проектор, BilimLand, iTest мобильді қосымшалары жайлы жаңалықтарымен бөлісті. Сонымен бірге, iTest-тің жаңа мүмкіндіктері: тест тапсыру нәтижелерінің статистикасын атап өтті. Қатысушыларға мұғалім кабинетінде жұмыс істеу нұсқаулығы түсіндіріліп, BilimBook-ті жаңарту рәсімдері және жобаны шағын жинақты мектептерге енгізу бойынша тәжірибе алмасу мәселелері жөнінде айтып берді.

Түскі үзілістен кейін, Контент әзірлеу департаментінің атынан компания PR маманы Ақжан Тамай және Редакция бөлімінде орыс тілінің бас редакторы Настасия Горбунова «Білім беретін жаңа цифрлық ресурстар» тақырыбы бойынша компаниядағы жаңалықтар мен жобалар жайлы толыққанды ақпарат берді. Атап айтсақ, бастауыш және орта мектепке арналған BilimLand-тің Қазақ тілі, Қазақстан тарихы, Дүниетану және Орыс тілі бойынша жаңа курстары таныстырылып, Қорытынды аттестаттауға дайындалуға арналған жаңа цифрлық материалдар, Оқу жетістіктерін сырттай бағалауға (ОЖСБ) қажетті цифрлық материалдар, бейімді оқыту жүйесінің маңызы түсіндірілді.

Мектепке дейінгі білім беру: BilimLand Kids те назардан тыс қалған жоқ. BilimLand байқаулары: «Жаңашыл мұғалім», «Жобалық жұмыс» және Мұғалім парақшасы жайлы редакция бөлімінің қазақ тілі редакторы Азамат Қабетов айтып берді. Дербестендірілген оқыту әдістемесі негізінде бейімді оқытудың маңызы мен мақсаты және PISA және TIMMs бағдарламалары жайында Ғылыми зерттеулер департаментінің басшысы Шолпан Сүлейменова сөз қозғады.

Шеберлік сағатының бірінші күні қатысушылар мен спикерлер арасындағы сұрақ-жауаппен қорытындыланды.

Шеберлік сағатының екінші күні Маркетинг департаменті презентациясымен ашылды.

Интернет-құралдар арқылы қолданушылармен байланыс орнату және нығайту тақырыбында Маркетинг департаменті директоры Қанат Мырзаханов пен Әлеуметтік желі меркетингі (SMM) маманы Айдар Утаралиев атқарған жұмыстары мен жобаларын таныстырды. Спикерлер өз кезегінде қолданушылармен әлеуметтік желі арқылы байланыс орнату, тренингтер өткізудің тиімділігі, «iTest: Үздік нәтиже» байқауының көрсеткіштері,  BilimLand-ке сабақ жоспарын жүктеу және тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктері жөнінде әңгімеледі, облыстарда атқарылған жұмыстарға сараптау жүргізді. Әлеуметтік желіде бәйгесіне жүлделер мен сыйлықтар тігілген байқаудың  нәтижесі жарияланды.

Білім саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру:

2018 жылы енгізілген модульдер тақырыбы бойынша ЖШС «InCraft» компаниясының Енгізу және қолдау бөлімінің жетекшісі Гаухар Әскербай:

  • Балабақшаларды, мектептерді және колледждерді басқару жүйесін сапалы автоматтандыру;

  • Мемлекеттік қызметтерді жүйелеу және автоматтандыру;

  • Автоматтандырылған қызметтерді мемлекеттік дерекқорлармен біріктіру процесі;

  • Педагогтерге арналған контент әзірлеу тақырыптары қамтылды. 

Сондай-ақ, 2019 жылы енгізілетін жаңа модульдер:

  • Автоматтандыруды қажет ететін мемлекеттік қызметтер;

  • Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, «Педагог мансабы» модулін әзірлеу;

  • «Сараптама орталығы» модулін әзірлеу;

  • «Қауіпсіз мектеп» модулін әзірлеп, іске қосу;

  • Колледждерге (ТжКБ) арналған цифрлық білім беру контентін әзірлеу мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ, қатысушылар арасында тығыз байланыстың орнауына интерактив  түрінде жүзеге асқан пікірталас өз септігін тигізді деуге болады. Бірнеше командаға бөлінген әдіскерлер білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, өздерінің  ортақ жобаларын әріптестері мен ұйымдастырушылардың назарына ұсынды.

Аталған интерактив BMG мамандарына BilimLand ресурстарын қолданып жүргендердің көкейіндегі ұсыныстарды естіп білуге, ал әдіскерлер мен мұғалімдерге ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану аясындағы өз идеялары мен құнды тәжірибелерімен бөлісуге тамаша мүмкіндік алды. Ал енді BMG компаниясының алдағы уақыттағы ағартушылық жобаларына, жоспарларына келетін болсақ, олар мынадай ізгілікті жаңашылдықтарды қамтиды:

  • «BilimLand» білім беру платформасының жаңартылған мазмұны;

  • ҰБТ мен ОЖСБ және қорытынды аттестаттауға дайындық бағдарламасы бойынша «iTest» виртуалды оқыту кешені – 60 мыңнан астам тестілік тапсырмалар мен оқыту материалдары;

  • «iTest. ҰБТ» мобильді қосымшасы;

  • «BilimLand» мобильді қосымшасы;

  • шағын жинақты мектептердегі «BilimBook» білім беру құрылғысын қолдану нәтижелері;

  • білім беру жағдайындағы ақпараттық қауіпсіздік саласының тиімді шешімдері;

  • мемлекеттік қызметтерді және мемлекеттік органдардың бизнес процестерін автоматтандыру бойынша ақылды сервистер;

  • техникалық және кәсіби білім беруді басқаруды автоматтандыру (ТжКБ);

  • педагогтарды аттестаттау және біліктілігін арттыру;

  • жасөспірімдер арасында белең алған өзі-өзіне қол жұмсауды алдын алу;

  • Қазақстан Республикасының барлық аймақтарында «BilimLab» ресурстық орталықтарының жұмыс істеуі мен оларды таратудың болашақтары;

  • және тағы басқа тақырыптар қамтылды.

Шеберлік сағат шарасы дәстүрлі BilimLoto ұтыс ойнымен жалғасып, қатысушыларды арнайы сыйлықтар мен сертификаттармен марапаттау рәсімімен тәмамдалды. Қатысушылар өз кезегінде шеберлік сағатының көңілден шыққанын айтып, ыстық лебіздерін білдірді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №76 мектептің (базасында Аstana BilimLab ресурстық орталығы бар) директоры Тулекова Сапура Сейдуалина компания ұжымына өз алғысын білдірді:

– Республиканың барлық аймақтарынан келген әріптестермен білім берудегі цифрлық ресурстар мен ақпараттық-цифрлық білім беру кеңістігі жайлы ой бөлісуге, жаңа идеялардың туындауына мүмкіндік алдық. Тәжірибе алмасуға шақырған компания ұжымына мың алғыс! Қазақстандық білімді жаңа сапаға көтеруге құлшыныстары, білімдері мен іскерлік қабілеті жоғары жастарға үлкен қошемет!

Торопчина Алия Омаралиевна, Қарағанды қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– Bilim Media Group компаниясы өткізген шеберлік сағатында сабақтың тиімділігін арттыру мақсатында қолданылатын bilimland.kz порталындағы жаңашылдықтармен таныстым. Өзім информатика пәні мұғалімі болғандықтан, bilimland.kz порталы арқылы сабақтарды тиімді әрі нәтижелі өткізетін болдым. Енді порталдағы оқушыларды тіркеу мүмкіндігі арқылы  олар мектептен тыс уақытта курстарды өздігінен қарап, білімдерін арттыратынына сенімдімін. Жалпы компанияның барлық ресурстары мұғалімдерге әдістемелік және қосымша құрылғы ретінде беретін көмегі зор деп ойлаймын.

Нұр-Сұлтан қаласы, №68 мектеп директоры Баяхметбаева Кунумбала Изтолеуовна:

– Bilim Media Group компаниясының өнімдерін, ақпараттық бағыттағы цифрлық үдерістің бірнеше тиімді жобаларын көріп, білдік. Ақпараттандырудың үлгілерін айтып жеткізген компанияның əр қызметкері жастар екенін атап өту керек. Осы уақытқа дейін қанша компания көрсем де, дəл осындай жастардың мемлекеттік тілде ақпарат жеткізу мəселесін жетік зерттеп, терең талдап, халық назарына ұсынудағы ерекше стилін тәжірибемде бірінші рет көріп отырмын.  Bilim Media Group компаниясының басқа компаниялардан айтарлықтай озық тұруы білім саласында қолжетімді жағдай туғызуында болып отыр. Ең қажет цифрлық құнды материалдар зерделенген, сараптау дағдысы қалыптасқан. Сапалы жаңа білім мазмұны компанияның зор еңбегінің арқасы.

Патаев Самат Даниярович, Жамбыл облысы Жамбыл ауданының әдіскері:

– Алматы қаласында  өткен осы шеберлік сағатында Bilim  Media Group компаниясы ҰБТ мен ОЖСБ және Қорытынды аттестаттауға дайындық бағдарламасы бойынша «iTest» виртуалды оқыту кешені,  BilimLand» білім беру платформасының жаңартылған мазмұны, BilimBook құрылғысы туралы түсіндірме жұмыстары сөз болды. Шараның ұйымдастырылу деңгейіне, мамандардың шеберлік сағатын жүргізе білуіне риза болдық. Компанияның жұмыстары алға бассын, еңбектері табысты болсын деп тілеймін.

Қатпа Мақсат Серікұлы, Қарағанды облысының Оқу әдістемелік орталығының әдіскері:

– Bilim Media Group компаниясының шеберлік сағатында мектеп мұғалімдерінің уақытын үнемдейтін, мол ресурстары бар bilimland.kz порталындағы жаңартылған мазмұндағы оқыту курстарымен таныстық. Сонымен қатар оқушыларға өздігінен сабаққа дайындалуға мүмкіндік беретін жаңа функцияларды көрдік. Компанияның білім беру облысындағы заманауи құралдарына көңіліміз толды. Bilim Media Group компаниясының ұжымына шығармашылық табыс пен алға қойылған мақсаттарға жете беруін тілеймін!

Шуршитбай Айнұр, Шығыс Қазақстан облысы білім басқарамасы ШҚ өңірлік жаңа технологиялар орталығының маманы:

– Алматы қаласында өткен шеберлік сағатына барғаныма өте қуаныштымын. Білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылып жүрген цифрлық білім беру ресурстары жайында кеңінен мағлұмат алуға зор мүмкіндік туды. Біздің облысымызда бұл ресурстарды сабақта қолданып жүрген ұстаздар саны артып отырғанын байқауға болады. Ресурс жыл сайын жаңаруда. Бұл үлкен ұжымның жемісті жұмысы деп білемін. Сонымен қатар облыс оқушылары «iTest» қосымшасын кеңінен пайдаланып, білімдерін шыңдап келеді. Оның бір дәлелі – жуырда Глубокое ауданының Алтай кентінде 11-сынып оқушысы Нәр Қуат республика бойынша ең үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанған болатын. Сонымен қатар, шеберлік сағатында жаңа инновациялық технологиялар паш етіліп, келген әріптестеріммен бірге суретке түсіп, инстаграмм желісінің көмегімен оны сол мезетте-ақ шығарып алуға мүмкіндік туды, –  деп өз пікірлері мен лебіздерін жеткізді.

 

Осы секілді шеберлік сағаттар, еліміздің түрлі аймақтарында, оның ішінде интернет байланысы баяу келетін шалғайдағы аудандар мен ауылдарда келешек ұрпаққа білім беруде озық технологияларды қолдану өрісінің кеңейіп келе жатқаны қуантады, әрине. Қала мен ауыл балаларын оқыту деңгейлері арасын теңестіру осыдан басталатын шығар, сірә. Қазақстан болашағы – бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді оқыту-ағарту ісіне осынау ардақты үлесін қосып отырған Bilim Media Group компаниясының еңбегі жемісті болсын!

259