Скачай приложение iTest
Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате
1-мәтін
Орта ғасырлардағы Қазақстан қалалары
VI-XII ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қалалар тез өсті. Олар сауда мен қолөнердің, дін мен мәдениеттің тірегіне айналды. Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Исфиджаб сияқты қалалар бой көтерді. Орта ғасырларда Қазақстан өзінің қалалары арқылы әлемдік қарым-қатынастан тысқары қалмай, Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасасып, байланысын үзген жоқ. Бұл кезде Қазақстанның оңтүстігіндегі басты және ірі қалалардың бірі Исфиджаб болды, ол кейінірек Сайрам деп аталды.
Сырдарияның орта ағысындағы ірі қалалардың бірі Отырар болды. Ол Арыс өзенінің Сырдарияға құяр аралығында жатты. Отырар сол кездің өзінде қолөнері дамыған, мал және егіншаруашылығымен айналысқан ірі орталық, жауыннан қорғана алатын мықты бекінісі бар қала болды. Отырардан бастау алған жол шығысында Қытаймен, батысында Византиямен, оңтүстігінде Орта Азиямен байланысып жатты. Отырар өмір сүрген дәуірде жаугершілік, шапқыншылық көп болды. Сол тұста моңғол жорығы мен жоңғар шапқыншылығы бүкіл елді есеңгіретіп кетті. Бұл кезде Отырар қаласы оңтүстікті мекендеушілердің орталығы еді. Жан-жақтан келушілер Отырарды төңіректей қоныс тепті. Сөйтіп, Алтынтөбе, Жалпақтөбе, Құйрықтөбе, Пышақшытөбе деген шағын елді мекендер пайда болды. Отырар VII ғасырдан бастап көркейіп, IX ғасырда сол төңіректің астанасы атанып, араб деректеріндегі Фараб деген атпен дүниежүзіне мәлім бола бастады.
Қазақстанға белгілі болған ортағасырлық қалалардың бірі – Тараз. Оның аты жазба деректемелерде 568 жылдан бастап атала бастаған. VII ғасырда Тараз Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі мекенге айналды. X-XII ғасырларда Тараз қаласының су құбырлары, сонымен қатар күйген кірпіштен көпшілік үшін салынған моншасы болған. Оған жақын жерде Айша бибінің күмбезі көтерілген. Ол жақсы күйдірілген кірпіштен қаланып безендірілген, қабырғаларына ою-өрнектер салынған.
Сырдария бойындағы тағы бір ірі қала – Сығанақ. Қазақстанның солтүстігі мен солтүстік-шығысына баратын керуен жолдарының қиылысында орналасқан бұл қала XII ғасырда қыпшақ бірлестігінің орталығы болды.
(269 сөз)
-
Мәтін мазмұны бойынша Батыс Түркістан жерінде бой көтерген қалалар
-
Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі қалалардың бірі
-
Жауыннан қорғана алатын мықты бекінісі бар, қолөнер, мал және егіншаруашылығымен айналысқан орталық
-
Қай ғасырларда Тараз қаласында күйген кірпіштен салынған монша болды?
-
Қазақстанның солтүстігі мен солтүстік-шығысына баратын керуен жолының қиылысында орналасқан, қыпшақ бірлестігінің орталығы болған қала