ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасымен Павлодар және Жамбыл облыстарына Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасарлары шұғыл жұмыс сапарымен барды. Аталған өңірлерде білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Атап айтқанда, министрлік өкілдері оқушылардың отбасыларымен және білім беру ұйымдарының ұжымдарымен кездесті. Облыс басшылығымен және мектеп директорларымен бірлесіп мектептерде қауіпсіздік шаралары мен психологиялық-педагогикалық жұмыстарды күшейту бойынша кеңестер өткізілді. Әр облыс бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Сапар қорытындысында Жамбыл және Павлодар облыстарында Психологиялық қолдау көрсету орталықтары ашылды, олар педагог-психологтар үшін тірек-орталыққа және ата-аналар мен балалар көмек сұрап жүгіне алатын орынға айналады.
Бұған дейін ҚР Оқу-ағарту министрі облыс әкімдерінің орынбасарларымен, полиция департаменттерімен, білім басқармалары мен аумақтық департаменттердің басшыларымен бірге балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша шұғыл кеңес өткізген болатын. Ведомство басшысы өңірлердегі психологиялық қызметтердің жұмысын, мектепішілік бақылауды күшейту және әр мектепке учаскелік инспектор бекіту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті аумақтық департаменттермен бірлесіп, әрбір бағыт бойынша жұмыстың сапалы ұйымдастырылуын бақылауда ұстауы қажет.