Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы инклюзивті білім беру виртуалды зертханасы презентациясын өткізді. Бұл платформа заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және барлық білім алушылардың ерекше қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы саладағы үш ғылыми бағдарламамен жұмыс істеудеміз, нақты айтқанда, олар: орта білім беру жүйесінде инклюзивтілік пен қолжетімділікті қамтамасыз етудің тұжырымдамалық моделі, мектеп оқушыларын кәсіптік бағдарлаудың инклюзивтілігін қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық-әдіснамалық негіздері және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды үздіксіз психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу. Бұл зертхана білім берудің қолжетімділігі мен инклюзивтілігін қамтамасыз етуде мұғалімдер үшін көмекші ресурс болады және бұл инклюзивті білім беруді дамытуға елеулі үлес қосары даусыз», – деп атап өтті Академияның Инклюзивті білім беру орталығының директоры Светлана Исмагулова.
Виртуалды зертхана – онлайн оқыту мен бейнеконференцияларды жазуға арналған заманауи жабдық. Зертханада болашақ педагогтерді даярлау бойынша ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамы үшін және біліктілікті арттыру курстарының тренерлері үшін педагогтердің инклюзивті практиканы іске асыруға дайындығын қамтамасыз ету бойынша оқыту курстарын өткізу жұмыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ виртуалды зертхана қызметі шеңберінде қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру бойынша материалдар әзірлеу жоспарланды.