Қазақстан құрамасы қоржынына кезекті медальдарды салды. Химиядан 56-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасында қазақстандық оқушылар 3 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Зияткерлік сайыстар 9-16 мамыр аралығында Ташкентте (Өзбекстан) офлайн форматта өтті.
Қазақстан құрамасы атынан Қарағанды, Ақтау, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Павлодар және Ақтөбе қалаларынан 10 және 11 сыныптардың 12 оқушысы қатысты.
Олар ТМД, Балтық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінің құрдастарымен білім сайысында бақ сынасты.
«Білім және ғылым министрлігі оқушыларымызға басқа елдердегі құрдастарымен бәсекелесуге мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Күні кеше балаларымыз алғаш рет Франциядағы Дүниежүзілік гимназиадаға аттанғанын білесіздер. Өзбекстанда өткен Менделеев олимпиадасының жүлдегерлері қабылдау емтихандарын тапсырмай-ақ Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алады. Қазақстан құрамасын ел ішіндегі олимпиадалардың «елегінен» өткен оқушылар таныстырды. Ташкентке 2022 жылғы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері барды. Сондай-ақ олар бірнеше рет оқу-жаттығу жиындарында ең жоғары нәтиже көрсеткен олимпиадалық резервтің мүшелері. Айта кетейік, биыл біз команданы үздіктердіі үздігі таныстыруы үшін барлық деңгейдегі олимпиаданы өткізу процесін автоматтандырдық», - деп айтты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешев.
Химия пәні бойынша оқушылардың Халықаралық Менделеев олимпиадасы жыл сайын жүздеген талантты химиктердің басын қосады.