Халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған 27 қазақстандық оқушы қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сыйақының жалпы сомасы 76 млн теңгеден асты. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов беделді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына сертификаттар мен қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар табыстады. Жеңімпаздарды дайындаған педагог-тәлімгерлер де ақшалай сыйлыққа ие болды.
Бұл Мемлекет басшысының дарынды балаларды қолдау бойынша жұмыстарды жүргізу жөніндегі тапсырмасының арқасында мүмкін болғанын айта кетейік. Биыл оқушылар қазақстандықтардың халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысу тарихында рекордтық медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 15 күміс және 9 қола медаль бар.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Биыл Президент халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына біржолғы ақшалай сыйақы төлеу ережесін қарастыратын заңға қол қойды. Осылайша оқушыларымыз халықаралық зияткерлік сайыстарда жеңіске жеткені үшін алғаш рет ақшалай сыйлық алып отыр. Алтын медаль алған оқушылар 1 500 АЕК, күміс медаль 1 000 АЕК, қола медаль 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық алды. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да бір реттік сыйақы алды. Онымен қоса, халықаралық олимпиада жеңімпаздары қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу үшін автоматты түрде грант алады», - деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Министр балаларды жеңісімен құттықтап, жаңа жетістіктер тіледі.
«Алтын, күміс, қола медальдар саны мен жалпы ұпайлар саны бойынша сіздер жаңа рекорд орнаттыңыздар. Бұл еліміз үшін өте маңызды жетістік. Сіздердің жауапкершіліктеріңіз, табандылықтарыңыз және ұзақ жылғы қажырлы еңбектеріңіз марапатқа лайық. Сіздерді мақтан тұтамыз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында дарынды балаларға қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Қазір 7 олимпиададан тұратын халықаралық беделді олимпиадалар тізімі келесі жылы тағы 7 олимпиадамен толықтырылады», - деді Оқу-ағарту министрі.
Өз кезегінде оқушылар мен олардың ата-аналары Президент пен мемлекет көрсетіп жатқан қолдауларға ризашылықтарын білдірді.
«Химиядан халықаралық пәндік олимпиаданың күміс жүлдегері атанған Санжар Бейсенәлінің әкесімін. Баршаңызды балаларымыздың жеңісімен құттықтағым келеді. Балаларымыз күндіз-түні олимпиадаға дайындалып, халықаралық аренада жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл - бірнеше жылдар бойы тынымсыз еңбек еткен балаларымыздың, мұғалімдердің, ата-аналардың күнделікті жұмысының жемісі. Халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына материалдық және моральдық қолдау көрсетілетіні қуантады», - деп айтты жүлдегер оқушының әкесі Дархан Бейсеналиев.