Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде баланың дамуындағы ауытқушылықтарды ерте анықтау және түзеу үшін қосымша жағдайлар жасалуда. Осы мақсатта қазір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру және психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің саны белсенді түрде арттырылуда.
Ағымдағы жылдың басында ПМПК-ның саны 92 болса, бүгінде 100 ПМПК ашылған. Жыл соңына дейін тағы 7-еуі іске қосылады. Аталмыш шара ерекше білім алуды қажет ететін балаларға ерте жастан психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге, кезектектілікті қысқартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, елімізде барлығы 100 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру және 211 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасы шеңберінде психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру желісін 50 мың балаға 1 кабинет есебімен 126-ға дейін көбейту жоспарлануда.