Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде халықпен есеп беру кездесуін өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бірінші вице-министр кездесу барысында өңір тұрғындарын министрлік жұмысы мен қабылданып жатқан негізгі шаралары, оның ішінде педагогтердің кадрлық әлеуетін көтеру, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту, білім сапасын көтеру, балалар үшін білім беру ұйымдарында қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру, ата-аналармен ынтымақтастықты арттыру бағытындағы негізгі басымдықтар туралы хабардар етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау және олардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен қалалар мен шалғайдағы ауылдарда балалардың заманауи әрі жайлы ортада білім алуына жағдай тудырған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын ерекше атап өткен жөн. Техникалық және кәсіптік білім берудің тиімділігін арттыру мақсатында колледждерді өңір экономикасына қарай бейімдеу, көшбасшы колледждерді қалыптастыру, колледждерді басқару менеджментін құру қолға алынуда. Барлық білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіліп, жүзеге асырылуда», - деп атап өтті бірінші вице-министр.
Кездесуге 600-ге жуық адам қатысты және олар бірінші вице министрге көкейтесті сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Сұрақтар негізінен мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, арнайы және инклюзивті білім беру, сондай-ақ балаларды тәрбиелеу және құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді қамтыды.
Сонымен қатар Наталья Жұмаділдаева жұмыс сапары барысында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бірқатар білім беру ұйымдарында болып, олардың инфрақұрылымымен, жабдықталуымен, оқу-тәрбие беру процесінің ұйымдастырылуымен танысты.
Айта кету керек, бүгінде Қызылорда облысында 1042 білім беру ұйымы жұмыс жасайды, оның ішінде 337 мектеп, 28 колледж және 677 мектеп бар.