Осы аптада «Еліміздегі колледждердің ТОП-100 студенті» республикалық байқауы аяқталды. Жоба жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қатысты. Колледждердің «ТОП-100» студентін қазақстандықтар 2022 жылғы 1 қараша мен 15 қараша аралығында өткен онлайн дауыс беру арқылы анықтады. Үздік студенттер еліміздің ірі кәсіпорындарында жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Елордада «WorldSkills Kazakhstan 2022» республикалық чемпионаты басталды. Қазақстандық колледждердің 500-ден астам студенті әлем біріншілігіне жолдама алу үшін жарысып жатыр. Асхат Аймағамбетов жарыс алаңына барып, аспаздық іс, шаштараз, мехатроника, сәндік кескіндеме, сылақ жұмысы, кірпіш қалау, дәнекерлеу технологиялары және т.б. бағыттар бойынша балалардың жұмыстарымен танысты. Асхат Аймағамбетов жұмыс берушілермен және колледж басшыларымен жеке кездесті. Жиында тараптар Оқу-ағарту министрлігі берген академиялық еркіндік, дуалды оқыту және т.б. жобалардың артықшылықтарын талқылады.
Асхат Аймағамбетов «Microsoft» компаниясының өкілдерімен кездесті. Қос тарап білім беруді цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруға келісті. Осының нәтижесінде Microsoft «Microsoft Education Transformation Framework» әдіснамасы негізінде білім беруді трансформациялау бойынша ең үздік тәжірибелерді ұсынады. Педагогтер «Leaders in Digital Transformation» жаһандық бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек инклюзивті білім беру бағытындағы бірлескен жобалар жүзеге асады.
Асхат Аймағамбетов еліміздің барлық өңіріндегі балалар өкілдерімен кездесу өткізді. Оқу-ағарту министрі мектеп көшбасшыларына атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Өз кезегінде оқушылар балалардың өзекті мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Асхат Аймағамбетов мұндай кездесулер балалар мен министрлік арасындағы диалог үшін қажетті алаң екенін атап өтті. Балалар өкілдерін ынтымақтастыққа, одан да белсенді, бастамашыл болуға және балалық шақ мәселелерін шешуге үлес қосуға шақырды.
Оқу-ағарту министрлігінің аппарат кеңесінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Биыл министрліктің бастамасымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше заңнамалық актіге өзгеріс енгізілді. Бұл құқықтық актілер жергілікті атқарушы органдардың жұмысында бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған. Бүгінде орта білім беру ұйымдарының 83%-ы мамандандырылған күзет қызметтерімен шарт жасасты. Мектептердің 63%-ында турникеттер орнатылды, 97%-ы дабыл түймесімен, бейнебақылау жүйелерімен жарақтандырылды.
Елордада «Қазақстандағы балалар жылы: Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер, негізгі түйіткілдер мен мүмкіндіктер» тақырыбында конференция өтті. Іс-шараға Оқу-ағарту министрі, БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдері, Чехия, Хорватия, Сербия, Венгрия, Қырғызстан және басқа елдердің халықаралық сарапшылары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қатысты. Асхат Аймағамбетов қатысушыларды балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы белсенділігі мен қосқан үлестері үшін алғыс айтып, еліміздегі балалар жылын қорытындылады. Кездесуде балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарына қатысты өзекті мәселелерді шешудің келесі қадамдары мен жұмыс жоспары талқыланды.