Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Новости

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР Оқу-ағарту министрі Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің V отырысына қатысты. Асхат Аймағамбетов бауырлас елдер арасында білім және ғылым бағытындағы ынтымақтастықтың мүмкіндігі мол және оның маңызы өте жоғары екенін айтты. Бүгінде бірлескен бірқатар жобалар іске асып жатыр. Соның бірі – мектеп оқушыларына арналған «Ортақ түркі тарихы», «Ортақ түркі әдебиеті» және «Түркі әлемінің географиясы» оқулықтары. Оқулық мектептің міндетті емес, оқушылардың таңдауы бойынша оқуға болатын факультатив тізіміне енеді.

 

Асхат Аймағамбетов Әзірбайжанның Білім министрі Эмин Амруллаевпен кездесті. Эмин Амруллаев қазақстандық мектептердің жұмысы таң қалдырғанын айтып, тәжірибе алмасуға әзірбайжандық мұғалімдерді жіберуге ниет білдірді. Сондай-ақ қазақстандық колледждердің де жұмысын жоғары бағалап, қызығушылық танытты. Кездесуде Әзірбайжанның Білім министрі ортақ білім беру платформасын құру туралы ұсыныс айтты.

 

Асхат Аймағамбетов Қырғызстанның Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшеналиевпен кездесті. Тараптар қос мемлекеттің білім саласын жетілдіруге бағытталған реформалары жайында әңгімелесті. Алмазбек Бейшеналиев жан басына қаржыландыру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру механизімдеріне қызығушылық білдірді. Сондай-ақ екі елдің болашақ мамандарының өзара тәжірибе алмасуы және балалардың жазғы демалысын бірлесе ұйымдастыру бойынша ұсыныс айтты.

 

Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту және мектеп асханаларының жұмысы қаралды. Елімізде бастауыш сынып оқушыларының 41%-ы немесе 1 480 481 бала тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 148 854 оқушыға артық. Дегенмен мектеп асханаларының жұмысына қатысты сұрақтар бар. Асхат Аймағамбетов нақты ас мәзірі мен бағаға қатысты ескерту айтты.  

 

Асхат Аймағамбетов ауыл мектептерінің оқушыларына арналған «Iqanat» республикалық олимпиадасына қатысушылармен кездесті. Білім бәсекесінің шешуші кезеңіне еліміздің әр аймағынан іріктелген 750 оқушы қатысты. Оқу-ағарту министрі дарынды балаларды қолдау мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтты. Сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылардың балаларына дарынды балаларға арналған мектептерде білу алуға мүмкіндік беретін квота жайында түсіндірді. Олимпиадаға қатысушылар министрге табысқа жетудің құпиясы мен басқа да қызықтырған сұрақтарын қойды.  

 

Осы аптада Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова «Oqu-ağartu LIVE» айдарында мұғалім тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарламаға қатысу тәртібі мен талаптарын түсіндіріп берді. Арнайы зерттеу нәтижесінде Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарында математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдеріне сұраныс өте жоғары екені анықталды. Бағдарламада мұғалімдерді қаржылық және әдістемелік қолдау, ынталандыру шаралары қарастырылған. Іріктеу екі кезеңнен тұрады.

 

Ссылка на источник: МОН РК