Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Новости

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Министрліктің аппарат жиынында педагогикалық білім беруді дамытудың жол картасын іске асыру барысы қаралды. Сарапшылардан жасақталған жобалық кеңес педагогтың жаңа кәсіби стандартын әзірлеп жатыр. Құжатта маманның еңбек өтілі, тәжірибесі және шеберлік деңгейі ескеріліп, кәсіби дамуы үшін қажетті мотивациялық тетіктер қарастырылады. Студенттердің педагогикалық практикасын ұйымдастыру бағыты бойынша алғаш рет практика базасын іріктеу шарттары айқындалды. Тәлімгер мен практика жетекшісіне қойылатын нақты талаптар белгіленді. Сондай-ақ жол картасы аясында жас мамандарды қолдаудың жаңа тетіктері де қарастырылып жатыр.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарларын қабылдады. Кездесуде білім беру саласын дамыту мақсатындағы жұмыстардың орындалу барысы қаралды. Асхат Аймағамбетов бір ай мерзімде білім саласындағы нақты өзекті мәселелерді шешудің кешенді жоспарын дайындап, таныстыруды тапсырды.  

Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы АҚШ елшісінің міндетін атқарушы Джуди Куомен кездесті. Министр қос мемлекет арасында білім саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан тарабы Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында елімізде АҚШ-тың жетекші университеттерінің филиалдарын ашу бойынша серіктестікке дайын. Сондай-ақ ғылыми зерттеу бағытында бірлескен жобаларды іске асырудың да мүмкіндігі мол. Бүгінде 2679 отандасымыз «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алды немесе қайта даярлықтан өтті. Бұдан бөлек екі мемлекет арасында студенттердің академиялық ұтқырлық жобасы жүзеге асып жатыр.

ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін сынақ тестілеуін іске қосты. Тестілеуден орталықтың сайтынан https://prob-ent.testcenter.kz/ сілтемесі арқылы онлайн режимінде өтуге болады. Ол үшін тестіленуші алдымен ЖСН енгізіп, бейіндік пәндер комбинациясын таңдап, сынаққа қатыса алады. Сынақ тестілеуі талапкерлерге дайындығын жақсартуға және қандай тақырыптарды тереңірек зерделеу керегін түсінуге көмектесу үшін жасалған.

 

Ссылка на источник: МОН РК