Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Новости

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Асхат Аймағамбетов қазақстандық ғалымдарды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Министр отандық ғалымдар мен өнертапқыштардың ғылыми жетістіктері елімізде ғана емес, шетелде де мойындалып жатқанын айтты. Соңғы екі жылда ғылымдағы жастардың үлесі артып, ғалымдардың саны 22 мыңнан асты. Асхат Аймағамбетов Президенттің ғылым саласына ерекше көңіл бөліп, қолдау көрсетуінің арқасында саладағы өзекті мәселелер шешімін тауып, ғалымдарымызға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік туғанын атап өтті.

 

Ғылым қызметкерлері күніне орай қазақстандық ғалымдардың үздік жобаларының форум-көрмесі өтті. Көпшіліктің назарына денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, машина жасау, химиялық өндіріс, экология мен IT-технологиялар бағытындағы коммерцияландыру сатысына жеткен өнімдер ұсынылды. Форумда гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асқан әзірлемелердің таныстырылымы өтті. Сондай-ақ дайын өнімдерді сату мен тарату жөнінде кәсіпорындармен келісімдерге қол қойылды.

 

Асхат Аймағамбетов Венгрияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Ронаны қабылдады. Кездесу барысында Рона мырза Венгрия университеттерінің қазақстандық студенттерге қызығушылығы өте жоғары екенін айтты. Екіжақты келісім аясында Венгрия тарапы «Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы бойынша жыл сайын қазақстандықтарға 250 білім грантын бөледі. Дипломат еліміздің студенттеріне арналған грант санын көбейтуге ниетті екендіктерін білдірді. Елші елімізден барған студенттер тәртіптілігімен, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеруімен және білімділігімен ерекшеленетінін атап өтті. Отто Иван Рона ғылыми қауымдастықтың да серіктестікке қызығушылығы бар екенін айтты. Өз кезегінде Асхат Аймағамбетов археология, тарих және ядролық физика салаларында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін атап өтті.  

 

Асхат Аймағамбетов еліміздегі университеттердің ректорлары және студенттерімен кездесті. Кездесу барысында жоғары білім саласына қатысты мәселелер талқыланып, ұсыныс-тілектер айтылды. Министр студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмысын жетілдіру мен тәрбие бағытындағы кешенді шараларды атқарудың маңыздылығына тоқталды. Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының басшыларына жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауды тапсырды. Студенттерді университет өміріне белсенді араласып, маңызды шешімдерді қабылдауға атсалысуға шақырды.

 

ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова және директордың орынбасары Ернат Жүнісов «БҒМ LIVE» айдарында тегін кәсіптік және техникалық білім алу мүмкіндіктері туралы айтты. Биыл колледждерде білім алуға 125 мың грант бөлінеді.

Оның ішінде 10 мыңнан астам талапкер кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша тегін оқитын болады. Мақсатты грант бойынша оқитын студент тапсырыс беруші кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп, оқуды бітіргеннен кейін сонда жұмысқа орналасады.

 

Ссылка на источник: МОН РК