Скачай приложение iTest
Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате
Новости
26.08.2021
Оқу жылы қарсаңында Ақмола облысындағы білім беру ұйымдарына бардым.
Зеленый бор ауылдық мектебінде 500-ден астам оқушы білім алады. Бірінші кезекте, педагог-әріптестеріммен әңгімелестім. Биылғы оқу форматы туралы әңгіме барысында мұғалімдер дәстүрлі офлайн форматын қолдайтындықтарын атап өтті. Балалар мектепке оралған кезде педагогтер ең алдымен білім беру диагностикасын жүргізу, оқу бағдарламаларын бейімдеу және білімдегі олқылықтарды қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ әріптестерімнің оқулық, бағалау жүйесі, цифрлық платформалар және білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңашылдықтар туралы пікірлерін тыңдадым. Мұғалімдердің 45 минуттық сабаққа қайта оралуымызды оң бағалағаны қуантады.
Педагогтерге еңбекақы төлеу мәселесі де маңызды. Биология пәнінің мұғалімі 430 мың теңгеден астам еңбекақы алатынын, сондай-ақ педагог мәртебесін арттыру жөніндегі шаралардың тиімділігін байқап отырғанын тілге тиек етті.
Өңірдің білім басқармасының басшысына биылғы оқу үдерісін ұйымдастыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитарлық талаптарға, инфрақұрылымға қатысты мәселелерге назар аудару қажет екендігін айтып жеткіздім.
Балаларды тасымалдау мәселесі де маңызды болып қалады. Бұған дейін біз оқушыларды тасымалдау туралы талаптарға өзгерістер енгіздік. Көлік сапа мәселесінен бөлек, қауіпсіздік белдіктерімен, балаларды салонда қалдыруды болдырмау жүйесімен жабдықталуы керек. Сондай-ақ мектеп автобустарында балаларды арнайы қызметкер ертіп жүруі тиіс.
Сонымен қатар білім беру саласы үшін кадрлар даярлайтын екі колледж – Көкшетау педагогикалық колледжі мен Щучинск қаласындағы жоғары педагогикалық колледждің жұмысымен таныстым. Бұл колледждерде барлығы екі мыңға жуық студент білім алады.
Қызметкерлермен кездесіп, мамандар даярлау барысындағы проблемалық мәселелерді талқыладық. Сондай-ақ студенттермен әңгімелестік. Білім алушылардың басым бөлігі оқуын аяқтағаннан кейін педагогикалық мамандық бойынша жоғары оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр.
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне де бардым. Ұлттық біліктілік тестілеуінің қорытындысы бойынша аталған жоғары оқу орнының түлектері еліміз бойынша 4-ші орында, бұл – жақсы көрсеткіш. Жоғары оқу орнының оқытушылары оқыту процесін жақсарту бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Оқытушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, өңірлік университет үшін ең бастысы әлемдік рейтингтерге қатысу емес, сұранысқа сәйкес болып, өңірді сапалы кадрлармен қамтамасыз ету әлдеқайда маңыздырақ екенін ерекше атап өттім. Белсенді студенттердің сұрақтарына да жауап бердім. Өз кезегінде студенттер дәстүрлі оқыту форматына оралу туралы жаңалықты қуана қарсы алғандарын айтып жеткізді.
Ссылка на источник:
cсылка