Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Новости

ҚР БҒМ АЛҚА ОТЫРЫСЫ: 2022 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ САПАЛЫ БІЛІМ АЛУҒА ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ АРТАДЫ

2022 жылы қазақстандықтардың сапалы білім алуға қолжетімділігі артады. Бұған жаңадан 200 мектеп салу арқылы оқушылар орнының көбеюі ықпал етеді. Білім беру ұйымдарына білікті педагогтер тартылады. Ол үшін министрлік қазірдің өзінде әлеуметтік пакетті ұсынуды қолға алды. Балабақшаларда, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алу үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалып, білім беру қызметінің сапасына бақылау да күшейтіледі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында барлық өзекті мәселе, білім және ғылым саласындағы 2021 жылғы жұмыстың қорытындылары мен 2022 жылға арналған міндеттер талқыланды. Алқа отырысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты. Жиынға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов модераторлық етті.           

Мектепке дейінгі білім беру саласында республика бойынша балабақшаларға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады. Ол мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы орындарды бөлудің ашықтығын, қаржының дұрыс жұмсалуын және кезектің қайталанбауын қамтамасыз етеді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, әсіресе жекеменшік балабақшалар қызметінің сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданады. Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова педагогтердің біліктілігін арттыруға, қала мен ауыл оқушылары арасындағы білім алшақтығын азайтуға да баса назар аударылатынын атап өтті.           

«Биыл кемінде 70 мың педагог жаңа білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Алматы және Түркістан облыстарында мектеп оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатында осы өңірлерге педагогтерді тарту үшін арнайы бағдарлама іске асырылады. Оларға айтарлықтай әлеуметтік қолдау көрсетіледі (коэффиценті жоғары жалақы, баспана жалдау және коммуналдық төлемдер шығындарын өтеу). Бұл шаралар аталған аймақтарда білім беру сапасы бойынша үлкен алшақтықты азайтуға бағытталған», – деді Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова.

Дарынды балаларды қолдау бойынша жұмыс жалғасады, министрлік заңнамаға түзетулер енгізіп жатыр. Онда интеллектуалдық байқаулардың жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз, конкурстан тыс негізде білім алу үшін гранттар беру қарастырылған. Сондай-ақ ведомство халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және оларды даярлаған педагог-жаттықтырушыларға да біржолғы ақшалай сыйақы төлеуге бастамашылық етті. Алтын медаль иегерлеріне — 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындау жоспарланып отыр.

Президенттің тапсырмасына сай колледждерде білім алу бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Биыл 120 мыңнан астам қазақстандық тегін техникалық және кәсіптік білім ала алады. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 25 мыңға көп. Кәсіпорындардың колледждерді шефтік қамқорлыққа алу тәжірибесін дамытып, дуалды білім беруді кеңейту көзделіп отыр.

Білім және ғылым министрлігі жоғары білім беру жүйесіне оқытудың жаңа құралын енгізуді жоспарлап отыр. «Онлайн-оқу» білім алудың жаңа форматына айналады. Елімізде алғашқы онлайн-университеттер ашылады. Жалпы, жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттар саны 5 мыңға артады, олардың 60%-ы техникалық мамандықтар бойынша бөлінеді. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасын қайта қарастыру бойынша жұмысты бастадық.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, техникалық бағыттағы кадрларды даярлауға баса мән берілмек. Техникалық және IT салаларға арналған гранттар 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылады. Батыс өңірлердің, Маңғыстау, Атырау облыстары мектептерінің түлектеріне грант бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан  әскери қызметкерлердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына білім гранттарын беру мәселесі қарастырылатын болады», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

2021 жылы ғылымды қаржыландыру 2 есеге артты. Ғалымдарға ғылыми идеяларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ұсынылып жатыр.

Ғылыми-зерттеу институттарын материалдық-техникалық жаңарту жұмыстары жалғасатын болады. Сондай-ақ ЖОО мен ғылыми институттардың тығыз қарым-қатынасын дамытуға арнайы кешенді шаралар қабылданады.

Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Сондықтан кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, балалардың өмір сүруіне, білім алуына және дамуына қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылатын болады.

«Қазіргі таңда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен «Бала құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы мақұлданып жатыр. Соның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы қудалаудың (буллингтің) алдын алу, психологиялық қызмет мәселелері бойынша бірқатар түзетулер қабылданады. Министрлік 8 түрлі бағытты қамтитын Балалар жылына арналған Кешенді іс-шаралар жоспарының жобасын әзірлеп жатыр. Олардың қатарында сапалы білім беру, толыққанды қосымша білім мен тәрбие беру, балалардың денсаулығын нығайту және қорғау сынды басқа да мәселелер бар», - деді Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.

Кеңейтілген алқа отырысына қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов министрліктің қызметіне оң бағасын беріп, Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың сапалы орындалуының маңыздылығын атап өтті.

«Министрлік ауқымды жұмыс атқарды. Министрдің қатысуымен екі аптаның ішінде азаматтардан келіп түскен мыңдаған сұраққа жауаптар берілген. Біріншіден, атқарылған үлкен жұмыс – министрдің азаматтармен тікелей қарым-қатынас орнатқанының көрсеткіші. Екіншіден, нақты мәселелер шешімдерін тапты деп есептеймін, министрлік қажетті іс-шараларды қабылдап жатыр. Ары қарай Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық тапсырмасының, оның ішінде білім беру жүйесін қайта форматтау арқылы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Осы тұрғыдан алғанда білім беру жүйесін дамытудың негізгі деңгейлері мен бағыттары бойынша қыруар жұмыс күтіп тұр», – деп өз сөзін аяқтады ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Ссылка на источник: МОН РК