Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Новости

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР КОЛЛЕДЖГЕ ТҮСУ ҮШІН 180 МЫҢНАН АСТАМ ӨТІНІШ БЕРДІ

 Елімізде колледждерге құжат қабылдау аяқталды. Екі айдың ішінде қазақстандықтар 180 мыңнан астам өтініш беріп үлгерді. Биыл ТжКБ ұйымдарында білім алғысы келетіндер үшін гранттардың рекордтық саны, яғни 128 мың грант бөлінді.

Құжат қабылдау 25 маусымда басталып, 25 тамызда аяқталғанын еске сала кетейік. Елімізде білім гранттарының саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 2021 жылға қарағанда 45 мың балаға көп оқиды. Сонымен қатар тегін оқығысы келетіндерге квоталар тізімі кеңейтілді. Көпбалалы отбасыдан шыққан балалар үшін 5%, мәртебесі кемінде үш жылға толық емес отбасы балалары үшін 1%, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін 1% квота қосылды. Ұпайлар тең болған жағдайда квота санаты мен аттестаттың орташа бағасы есепке алынады.

Білім беру гранттарының басым бөлігі техникалық мамандықтарға бөлінеді: «IT», «Құрылыс», «Инженерия», «Металлургия».

Тағы бір жақсы жаңалық – алдағы оқу жылында қазақстандық колледждер «Робототехника және ендірілетін жүйелер», «Өндірістің аддитивті технологиялары», «Ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері», «Графика және мультимедия дизайны», «Ландшаф дизайны» және т.б. жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлауды бастайды.

Болашақ студенттер өтініш берген кезде 4 мамандық және 4 колледжді таңдау мүмкіндігіне ие болды. 2021 жылы білім берудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Білім министрлігі «Ақша студенттің соңынан ереді» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыстарды бөлудің жаңа механизмін енгізген болатын. Яғни бұрын гранттарды білім бөлімдері бөлсе, енді мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауына қарай беріледі. Дәлірек айтқанда, бюджет ақшасы түлек оқуға түскісі келетін жерге жіберіледі.

 «Екі айда қазақстандықтардан 180 мыңнан астам өтініш түсті. Оның 128 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқығысы келеді. Өтініштердің басым бөлігі Алматы (27 мыңнан астам), Шымкент (16 мыңнан астам) және Түркістан облысында (13 мыңнан астам) түскен. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға түсушілер арасында байқау 25-28 тамыз аралығында өтетінін айта кетейік. Өнер және мәдениет мамандықтарына түсетіндер үшін байқау 29 шілде мен 2 тамыз аралығында өткен болатын. Биыл педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарға оқуға түсуге өтініш берген балалардан басқа талапкерлер қабылдау емтихандарын тапсырған жоқ. Болашақ студенттер мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылдау туралы ақпаратты жеке кабинетінен біле алады», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісов.

Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау автоматтандырылып, Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы, сондай-ақ колледждерде дәстүрлі қағаз форматында жүргізілді.

Ссылка на источник: МОН РК