Кентау көпсалалы колледжі техникалық және кәсіптік білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, құрылыс саласы бойынша кадр даярлауда халықаралық талаптарға сәйкес келетінін дәлелдеді. Колледж «Кескіндеме жұмыстары» мамандығы бойынша National Center for Construction Education and Research (NCCER) халықаралық ұйымының аккредитациясынан өтті.
Аккредитациялау үдерісі бірнеше кезеңді қамтып, білім беру бағдарламасының мазмұны, материалдық-техникалық база, оқу-өндірістік шеберханалардың жабдықталуы және педагог кадрлардың кәсіби құзыреттілігі жан-жақты бағаланды. Нәтижесінде колледждің оқу үдерісі халықаралық стандарттарға сәйкес келетіні ресми түрде расталды.
Сарапшылар білім алушылардың теориялық және практикалық дайындық деңгейін, өндірістік оқыту сапасын, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін, сондай-ақ қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау талаптарының сақталуына жақсы баға берді. Аккредитацияның екінші кезеңінде колледждің арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері өздерінің кәсіби деңгейлерінің халықаралық талаптарға сай екенін дәлелдеді. Халықаралық емтихан барысында 4 халықаралық сарапшы мен 1 проктор бақылау жүргізді.
Қорытынды кезеңде оқытушылар, өндірістік шеберлер және студенттер NCCER халықаралық сертификаттарына ие болды. Бұл құжаттар түлектердің кәсіби біліктілігін халықаралық еңбек нарығында мойындауға жол ашады.