Президент алдымызда ауқымды міндет тұрғанына назар аударды. Бұл – жаһанда цифрлық өркениет пен білім экономикасы салтанат құрған дәуірде өмір сүріп, өнегелі істермен айналысатын азаматтар буынын тәрбиелеп шығару.
– Сондықтан менің тапсырмаммен Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізу үдерісі басталды. Дұрыс пайдалана білсе, жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс. Бұл бағытта маңызды қадам жасалды. Биыл қыркүйек айында Оқу-ағарту министрлігі Білім беру саласындағы жасанды интеллектіні қолдану стандартын бекітті. Қалада немесе шалғай ауылда орналасқанына қарамастан, еліміздегі барлық мектеп озық әдістеме мен цифрлық платформаға қол жеткізеді. Бастама жақсы. Жұмыс дұрыс бағытта жүріп жатыр. Халықаралық PISA-2025 зерттеуінің нәтижесі бойынша мектептеріміздің цифрлық дайындық деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің орташа көрсеткішінен асты. Оқушылардың когнитивті бейімделу индексі орташадан жоғарылады. Алайда бұл жолдың басы ғана, тоқмейілсуге себеп емес. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осы жетістікпен тоқтап қалуға болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
t.me/aqorda_resmi