Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Новости

ОРАЛ МЕКТЕПТЕРІНДЕГІ БУЛЛИНГ МӘСЕЛЕСІ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ: ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ЖАСӨСПІРІМНІҢ АТА-АНАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Ведомство басшысына қатарластарынан жәбір көрген жасөспірімнің ата-анасы жүгінді.

Өңір тұрғыны болған жағдайды егжей-тегжейлі баяндап, дәлелдер келтірді. Оның айтуынша, оқиғаға байланысты мектеп әкімшілігі мен жергілікті полиция ешқандай әрекет етпеген.

Ғани Бейсембаев тараптарды тыңдап, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасына арнайы комиссия құрып, жан-жақты қалыптасқан жағдайды саралап, тиісті шаралар қабылдауға және балаға жан-жақты психологиялық көмек көрсетуді тапсырды.

«Біздің мақсатымыз - мектеп қабырғасында балаларға қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру. Ешбір бала құрдастары мен ересектердің қысымына ұшырамауы керек. Мектеп директорлары не болып жатқанын жасыруды тоқтатып, шындықты айтқандарға қысым жасамауы тиіс. Бұл жағдайда мектеп әкімшілігі өрескел қателік жіберді», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Министр білім басқармасына мектеп басшылығына қатысты тиісті шешім қабылдауды, ал полицияға жағдайды жан-жақты зерделеуді және агрессивті жасөспірімдерді есепке алуды тапсырды. Ведомство басшысы бұл жағдай өзінің жеке бақылауында болатынын атап өтті.

Сондай-ақ, министрдің жеке қабылдауда келген мұғалімдер, ата-аналар және қоғам қайраткерлері мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша, инклюзия білім беру мәселелеріне қатысты өтініштері мен ұсыныстарын айтты. Ғани Бейсембаев оларды тыңдап, барлық суалдарына жауап берді. Комитеттер мен құрылымдық бөлімшелердің басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрі жыл басынан бері өңірлер мен Астанадағы азаматтарды қабылдаудың мамандандырылған орталығында барлығы мыңға жуық азаматты жеке қабылдады. Бұдан басқа, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларында халықпен тұрақты кездесулер өткізіледі.

Ссылка на источник: МОН РК