Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Новости

ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ЕДІЛ ОСПАН АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жұмыс сапарымен Атырау облысында болып, Мақат ауданының және Атырау облысының педагогикалық ұжымдарымен, ата-аналар қауымдастықтарымен кездесті.Еділ Оспан өңір тұрғындарына министрліктің білім сапасын арттыру бойынша жұмысының негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Оның ішінде инфрақұрылымды жақсартуға, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше басымдық берілуде. «Мемлекет тарапынан балаларымыз үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда елімізде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу, сондай-ақ орын тапшылығын жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Оның шеңберінде 740 орындық 369 мектеп салынады. Сонымен қатар, білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының және инвестиция тарту мен жергілікті бюджет есебінен мектептер құрылысы жүргізілуде. Биылдың өзінде 132 мың орындық 154 мектеп ашу жоспарланған. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін, 113 елді мекенде оқушылар орнының тапшылығын шешеді. Сондай-ақ осы жылы жаңадан 515 мектеп автобусы, 1700 химия, физика пәндік кабинеттері мен STEM кабинеттері, зертханалар алынды. Шағын қалалар мен ауылдарда орналасқан 1000 мектеп модернизациялаудан өтті. 210-нан астам мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды», - деді вице-министр.Сондай-ақ кездесу барысында Атырау облысының білім басқармасы мен министрліктің аумақтық департаментінің басшылары өңірдегі білім беру жүйесін дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы есеп берді. Үш сағатқа созылған жиынға 500-ге жуық адам қатысты. Оқу-ағарту вице-министрі өңір тұрғындарының барлық өтініш-тілектерін тыңдап, нақты жауап берді. Атап айтқанда, тұрғындар көтерген мәселелер мектеп құрылысы, оқушылар орнының тапшылығы, еңбекақы және балалардың құқықтарын қорғауға қатысты болды. Сондай-ақ Еділ Оспан азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді. №2 бастауыш мектебі мен APEC жоғары колледжінің жұмысымен танысты. Айта кету керек, бүгінде Атырау облысында 665 білім беру ұйымы, оның ішінде 334 мектеп бар.

Ссылка на источник: МОН РК