Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарында психологиялық қолдауды институционализациялау бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, 500 оқушыға 1 маман есебінен педагог-психологтарға жүктемені азайту мәселесі қарастырылуда. Бұл туралы Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова айтты.
Психологиялық қолдау қызметтерін күшейту мақсатында Министрлік биыл тамыз айында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары, сондай-ақ педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтарды даярлауға қойылатын талаптарды қамтитын «Педагог» кәсіптік стандарты қабылданған болатын.
«Мамандардың неғұрлым тиімді жұмыс атқаруы үшін білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет Ережелері қабылданды. Міндетті құжаттардың тізбесі қысқартылды. 8 өңірде психологиялық қолдау орталықтары құрылып, «Цифрлық кабинет» жұмыс атқармақ. Педагог-психологтардың жұмыс уақыты бекітіліп, оқыту курстары ұйымдастырылды. Мәселен, биыл 4,5 мыңға жуық педагог-психолог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Аталған шаралар балалар арасындағы келеңсіз құбылыстардың санын азайтып қана қоймай, позитивті ойлауды қалыптастыруға мүмкіндік бермек», - деп атап өтті Насымжан Оспанова.
Сонымен қатар, білім беру бағдарламаларын жаңарту және білім беру ұйымдарында мамандар санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірлерінде психологиялық қызмет орталықтарын ашу жоспарланған. Айта кетейік, бүгінде елімізде 8 мыңнан астам педагог-психолог жұмыс атқарады.