Елордада «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттары салтанатты түрде марапатталды.
Бейбітшілік және келісім сарайында мыңнан астам мейман мен қатысушы жиналды. Іс-шара басталар алдында бейнелеу және қолданбалы өнер көрмесі өтіп, онда ерекше қажеттілігі бар суретшілер әзірлеген өнер туындылары ұсынылды.
Биыл «Жан Шуақ» сыйлығына еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам өтінім келіп түсті. Жалпы, осы уақыт аралығында барлығы 80-ге жуық адам марапатқа бөленді.
«Ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» номинациясының иегері Түркістан облысының азаматы Мейірхан Топанбайға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сыйлықты өз қолымен табыстады. Ол – 10 тілді меңгерген және 68 мың кітап оқыған жан.
Барлығы 8 номинант марапатқа ие болды. Жеңімпаздардың әрқайсысына 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық берілді. «Жан Шуақ» рәсімі қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен мерекелік концертпен аяқталды.