Ғани Бейсембаев Астана қаласы мен Ақмола облысындағы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмысымен танысты.
Қорғалжын ауылындағы агробизнес және сервис колледжінде болашақ механизаторлар, аспаздар, дәнекерлеушілер және компьютерлік-аппараттық қамтамасыз ету операторлары дайындалады. Мұнда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 100-ге жуық студент оқиды. Колледж жұмысымен танысқаннан кейін министр оқу орнын трансформациялау және дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
«Өткен жылы бизнесті тікелей қолдаудың арқасында еліміздегі 75 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұл тәжірибе жалғасады. Өңір халқы ауыл шаруашылығымен айналысатыны белгілі. Сондықтан дәл осы сала үшін сұранысқа ие кадрларды даярлауға назар аударып, жергілікті кәсіпорындарды тарту қажет. «Talap» КЕАҚ басшылығы Ақмола облысының білім басқармасымен бірлесіп осы колледжді трансформациялау бойынша бірлескен жоба әзірлеуі қажет», - деді министр.
Сондай-ақ, сапар аясында ведомство басшысы 640-тан астам оқушы оқитын Қорғалжын мектеп-гимназиясында болды. Білім беру нысаны барлық техникалық қауіпсіздік шараларымен, асханамен, спортзалмен, шеберханалармен, логопед және психолог кабинеттерімен жабдықталған. Астана қаласында министр №59 және №92 жалпы білім беретін мектептердің жұмысымен танысты. Мұнда педагогикалық қоғамдастықпен кездесу өтті. Орта білім беру, педагогтерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланды.