Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Новости

Оқу-ағарту министрі Алматының педагогикалық қауымдастығымен білім беру ісінің басым бағыттарын талқылады

Алматы қаласының педагогикалық қауымдастығымен кездесуде министр білім сапасын арттырудың негізгі бағыттарын айқындады.

Министр Мемлекет басшысының атынан ұстаз Күләш Рахметоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын табыс етті. Естеріңізге сала кетейік, Президент Республика күні қарсаңында отандық білім беру ісіне қосқан үлесі үшін бірқатар педагогтерді жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Ғани Бейсембаев мемлекет тарапынан педагогтерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, жас ұрпақтың толыққанды дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда, жыл сайын кемінде 1 мыңнан астам ауыл мектебі жаңартылуда, 1,5 мыңнан астам пән кабинеттері жабдықталған, мектептерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Педагогтердің ендігі міндеті – білім сапасын арттыруға және балалардың жан-жақты, үйлесімді дамуына бар күш-жігерін салу. «Мемлекет басшысы педагогтерге ерекше көңіл бөліп, оған қоғамның төрінен орын ұсынды, үлкен сенім мен жауапкершілік артты. Бұған жуырда ғана екі ұстазымыздың «Қазақстанның Еңбек Ері» құрметті атағымен марапатталуы дәлел бола алады. Біздің басты міндетіміз - өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Сондықтан педагогтердің кәсібилігін арттыру еліміздің сапалы адами капиталын қалыптастырудың негізі болып табылады. Мұғалім мамандығын таңдаған әрбір жан еліміздің ертеңі үшін жауапты екенін саналы түрде сезінуі тиіс»,- деді министр өз әріптестеріне.

Сондай-ақ министр педагог кадрларды даярлау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапалы тамақтануды ұйымдастыру жұмыстарын күшейтуге бөлек тоқталды.

Бала құқықтарын қорғау саласының мамандарымен кездесуде мектептерде психологиялық қызметтің рөлін арттыру, министрліктің батамасымен енгізілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында және психологиялық-педагогикалық қолдау орталықтары арқылы ата-аналармен ынтымақтастық құру мәселелерін талқылады.

Кездесулердің қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берілді.

Ссылка на источник: МОН РК