Оңтүстік Кореядан Қазақстанға қоныс аударған оқушылардың ата-анасы елорда мектептеріндегі білім сапасы туралы пікірін білдірді.
Ким Ёнхи Қазақстанға Сеулден көшіп келген. Ол үш ұл тәрбиелеп отыр. Балалары елордадағы №91 гимназия мектебінде оқиды. Үлкені 11-сыныпта, ортаншысы 4-сыныпта және кіші ұлы 2-сыныпта оқып жатыр.
«Мені бірінші кезекте таң қалдырғаны – балалардың жаңа оқулықтар мен жұмыс дәптерлерімен тегін қамтамасыз етілгені. Корей білімімен салыстыратын болсақ, маған бастауыш сыныптарда балалардың кезекпен 3 тілді үйренетіні ұнады, оған қоса тағы біреуін факультатив ретінде таңдауға болады. Мысалы, Кореяда бастауыш мектепте балалар тек корей және ағылшын тілдерін меңгереді. Мұнда көбірек тіл үйренуге мүмкіндік бар», - дейді оқушының анасы.
Балалардың анасының айтуынша, оның алдында жекеменшік не мемлекеттік мектептің бірін таңдау болған. Ол мемлекеттік мектептердің жұмысын мемлекет реттейтіндіктен, осы мектепке басымдық беріп, таңдауын жасаған.
«Мектеп таңдаудағы басты факторлардың тағы бірі – ол ұстаз. Себебі балалардың жетістіктері мұғалімнің, баланың және ата-ананың бірлескен жұмысына байланысты. Мектеп ұстаздары балаларымды жылы қабылдады. Үшеуі де қазақ және орыс тілдерін үйренуді енді бастады. Бірақ мұғалімдеріміз олармен тіл табысып, тақырыптарды түсіндіруге жан-жақты тырысып, қолдау көрсетіп жатыр. Әр оқушыға бөлінген осындай жеке көзқарас мені қатты қуантады. Балаларымның біліміне көңілім толады», - деп қорытындылады сөзін ата-ана.