Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Новости

Ғани Бейсембаев: «Сапалы білімге тең қолжетімділік - мемлекет саясатының басым бағыты»

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, педагогикалық қауымдастықпен, оқушылармен, білім саласының ардагерлерімен және ата-аналар комитетінің өкілдерімен кездесу өткізді.

Ғани Бейсембаев Зағиптар мен нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп интернатында жуырда ғана Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» мемлекеттік наградасын алған математика пәнінің мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісованың сабағына арнайы бас сұғып, мұғаліммен, оқушылармен сұхбаттасты. Ұстаз миссиясына адал педагог ерекше балалармен жұмыс жасауды өз жүрек қалауымен таңдаған.Ғани Бейсембаев Гүлжанар Нұрпейісова сынды ұстаздардың еліміздің мақтанышы екенін, ал оның кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы көпшілікке үлгі-өнеге екенін айтты.«Барлық балалар үшін сапалы білімге тең қолжетімділік - еліміздің негізгі басымдықтарының бірі. Осыған байланысты арнайы және инклюзивті білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру үшін заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасуда. Өз еңбек жолын осындай ерекше балаларға арнаған педагогтерге ерекше көңіл бөлінуде. Олардың кәсібилікпен қатар, шыдамдылық, өз ісіне адалдық танытуы - ең жоғары марапатқа лайықты. Гүлжанар Нұрпейісова сынды ұстаздар нағыз ағартушы, қоғам төрге оздыратын тұлғаның қандай болуы керек екенін өз үлгісімен дәлелдеп келеді», - деп атап өтті министр.Аталған мектеп-интернатта 236 ерекше білім беруді қажет ететін бала білім алады. Оқу процесі олардың ерекшелігін ескере отырып ұйымдастырылған, мұнда балалардың ерекшеліктеріне қарай бейімделген әдістемелік материалдар қолданылады.Елімізде 496 арнайы ұйымда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен барлығы 9 мың педагог жұмыс жасайды. Балаларды арнайы біліммен қамту 84%-ға жетті. Айта кету керек, биылғы жылдан бастап мүгедектігі бар балалар үшін колледжге түсу квотасы 1 пайыздан 10 пайызға ұлғайтылды.

                       

Ссылка на источник: МОН РК