Скачай приложение iTest
Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате
Новости
15.03.2022
Президенттің қыркүйектегі Жолдауындағы тапсырмалар қалай орындалып жатыр?
Қыркүйек айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім және ғылым саласына қатысты бірқатар тапсырма берген болатын.
Ертеңгі Жолдау қарсаңында бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстар атқарылғанына тоқталғым келеді.
1. Ғылым. Ғалымдар ғылыми гранттар мерзімін ұлғайту, іргелі зерттеулерді тікелей қаржыландыруды енгізу және жұмыс істеп жатқан жетекші ғалымдарға еңбекақы төлеу үшін базалық қаржыландыруды кеңейту мәселесін 10 жылға жуық уақыттан бері көтеріп келе жатыр десем артық айтқаным болмас.
Бұл мәселелердің шешімі Президенттің қыркүйектегі Жолдауында толық көрініс тапты.
Көрсетілген қолдаудың арқасында біз заң жобасына бастамашылық жасадық және Парламенттің қолдауымен бұл заң 2021 жылғы қарашада қабылданды.
Енді 2 500-ге жуық ғалым ғылыми зерттеулеріне тұрақты қаржы, яғни, тұрақты жалақы алады. Бұдан былай гранттардың мерзімі 3 жыл емес, ғалымдар ұсынғандай 5 жылды құрайды. ҰҒК (Ұлттық ғылыми кеңес) шешімдерінің апелляция институты енгізілді.
Тікелей қаржыландыру арқылы іргелі зерттеулермен айналысатын 11 ғылыми-зерттеу институты біржолғы гранттардың нәтижелеріне қарамастан қаржыландырылады.
Олардың қатарында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих институты, әдебиет және өнер, философия, саясаттану институты сияқты басқа да мекемелер бар. Енді олар тұрақты түрде қаржыландырылады. Соған сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, ғалымдар тұрақты еңбекақы алады.
2. Былтыр мектеп оқушылары халықаралық олимпиадаларда рекордтық медаль жеңіп алды. Президент дарынды балаларды қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды.
Министрлік халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары, сондай-ақ олардың тәлімгерлері біржолғы қаржылай сыйлық алуын қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізді.
Сонымен қатар халықаралық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері мен әлемдік спорттық және шығармашылық байқаулардың жүлдегерлеріне ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарында тегін білім алу құқығы беріледі. Қазіргі күні осындай нормаларды көздейтін заң жобасын Парламент Мәжілісі қабылдады.
Халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары 4,4 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйлық алады деп жоспарланып отыр:
- алтын медаль үшін – 1 500 АЕК,
- күміс медаль үшін – 1 000 АЕК (2,9 млн теңге),
- қола медаль үшін – 500 АЕК.
3. ЖОО-лар үшін лицензиялардың мерзімін белгілеу.
Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісі қабылдаған заң жобасына өзгерістер енгізілді. Жоғары оқу орындары 5 жылға жарамды лицензиялар алады деп жоспарланып отыр.
4. Уәкілетті органға сотпен тең дәрежеде сапасыз және заң бұзушылықтарға байланысты лицензияларды кері қайтарып алу құқығын беруге қатысты заң жобасын Парламент Мәжілісі қабылдады. Бірақ университеттерде қабылданған шешім бойынша сотқа шағымдану құқығы болады.
5. Колледждерге академиялық еркіндік беру туралы тапсырма берілді. Заң жобасын Мәжіліс қабылдады. Енді колледждердің білім беру бағдарламалары бұрынғыдай министрлік бекіткен үлгілік жоспарлар мен бағдарламалар бойынша емес, кәсіптік стандарттар мен жұмыс берушілердің талаптары негізінде жасалады. Әрине, бұл ЖБП циклін қоспағанда. Бұл – кадрлар даярлау сапасын арттыруға бағытталған маңызды реформа.
6. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының шарттарын өзгерту туралы тапсырма.
Педагогтердің біліктілігін арттыру курстары бұрынғыдай 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өткізіледі деп жоспарланып отыр. Заң жобасын Мәжіліс мақұлдады.
Мұндай шешім - педагогтердің біліктілігін үздіксіз арттырудағы әлемдік үрдіске қадам. Финляндия мен Сингапурда мұғалімдерден жыл сайын, Гонконг пен Ресей Федерациясында кемінде үш жылда бір рет біліктілігін арттыру талап етіледі.
7. 2025 жылға қарай 1 000 мектеп салу.
Біздің алдымызда жыл сайын кемінде 200 мектеп ашу міндеті тұр. 2021 жылы 270 мектеп ашылды. Биыл кемінде 200 мектеп ашу жоспарда бар. Құрылысты қаржыландыру және құрылыстың өзі әкімдіктердің құзырында екенін атап өткім келеді. Біз тиісті құқықтық базаны құрдық және жан басына шаққандағы қаржыландыру және мемлекеттік тапсырысты орналастыру жүйесін дамыту арқылы жеке инвесторлардың ресурстарын белсенді түрде тарттық. Біз үш ауысымды және оқушы орындарының тапшылығын жойып қана қоймай, сонымен қатар бір ауысымдық оқытуға көшуге тырысуымыз керек.
8. Кәсіптік бағдар беру.
Бұл бағытта «Атамекен» ҰКП және басқа да мүдделі тараптармен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр.
9. Колледждерде тегін білім алуға гранттар санын көбейту. Биыл былтырмен салыстырғанда 20 мың грант артық бөлінеді.
10. 2022 жылы мектеп, балабақша, колледж мұғалімдерінің жалақысын көтеру.
Президент Қ.К. Тоқаевтың осы тапсырмасы аясында республикалық бюджетке қосымша қаражат салынды.
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша балабақша тәрбиешілерінің, мектеп және колледж мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы 25%-ға өсті.
Мемлекет басшысының осы және басқа да тапсырмалары бойынша біз қажетті жұмысты жалғастырамыз.
https://www.facebook.com/1120704037/posts/10219791715399598/?d=n
Ссылка на источник:
МОН РК