Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің барлық өңіріндегі балалар өкілдерімен кездесу өткізді.
Асхат Аймағамбетов көшбасшы оқушыларды құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
«Президент осы жылды Балалар жылы деп жариялады. Мемлекет балалардың жан-жақты дамуына және сапалы білім алуына жағдай жасап, балалардың қауіпсіздігі мен әрбір қазақстандық баланың әл-ауқатын қамтамасыз ету шараларын қабылдап жатыр. Ал сіздер достарыңызға балалардың құқықтарын түсіндіріп, оларды толғандыратын мәселелерді бізге жеткізіп, көмектесіп отырсыздар. Қазір біз балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Алғаш рет Балалардың әл-ауқаты индексі енгізіліп, мектептегі психологиялық қызметтердің қызметі қайта форматталып, буллингтің алдын алу шаралары қолға алынып, әлеуметтік мәселелер шешіліп жатыр. Әр облыста сіздер қазірдің өзінде ынтымақтастық орнатып жатқан балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер тағайындалды», - деді министр Асхат Аймағамбетов.
Министр мемлекет дарынды балаларға ғана емес, сонымен бірге аз қамтылған отбасы балаларына да қолдау көрсетіп жатқанына тоқталды. Жақында дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін әлеуметтік осал топтағы балаларға гранттар бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Балалар жылында алғаш рет беделді халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары қомақты ақшалай сыйлықтар мен қазақстандық жоғары оқу орындарына конкурсқа қатыспай грантқа оқуға түсуге мүмкіндік алды.
Келесі жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жаңа заманауи мектептердің құрылысы басталады. Онда балаларды оқыту үшін түбегейлі жаңа және сапалы жағдайлар жасалады. Сондай-ақ барлық аз қамтылған отбасы балаларына бюджет есебінен мектеп формасы тегін беріледі.
Сондай-ақ министр «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру, дебат қозғалысының дамуы және мектептің өзін-өзі басқаруын дамыту туралы айтты.
Ал балалар өкілдері балалардың өзекті мәселелерін шешуге қатысты өз ұсыныстары мен бастамаларын айтты. Олар кәсіптік бағдар беру жұмыстарына көбірек уақыт бөлуді ұсынып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар жарақатының алдын алу, инклюзивті білім беруді дамыту, мектеп парламентінің өкілеттіктерін кеңейту, балалар үйлерін қолдау, арнайы мектеп автобустарын іске қосу, тенниска мен кардигандарды мектеп формасына қосуға қатысты ұсыныстар айтылды.
Министр балаларға ұсыныстары үшін алғыс айтып, тиісті құрылымдық бөлімшелерге осы мәселелерді пысықтауды тапсырды.
Асхат Аймағамбетов мұндай кездесулер балалар мен министрлік арасындағы диалог үшін қажетті алаң екенін атап өтті. Ол балалар өкілдерін ынтымақтастыққа, одан да белсенді, бастамашыл болуға және балалық шақ мәселелерін шешуге үлес қосуға шақырды.
Балалар өкілдері институты оқушылар арасындағы өзекті мәселелерге жедел ден қойып, оны шешу үшін Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен құрылған. Білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі өкілдер сайланады. Қажетті құқықтық ақпарат пен көмек алу үшін оқушылар мен олардың ата-аналары өздерінің мектебіндегі балалар өкілдеріне жүгіне алады.